ГЕРМАНИЯДАН ЖЕТКЕН БІР УЫС ТОПЫРАҚ
Әкесі Нығмет Салиев 1896 жылы Новобогат ауданы, Орпа ауылдық кеңесінде туған. Еті тірі азамат өз бетімен білімін көтеріп, сол кездегі сауатты адамдардың бірі болғанға ұқсайды. Отбасында бүлдіршіндей үш қызы бар ол бастауыш мектеп меңгерушісі боп қызмет жасапты.
Көп күткен ұлы Серік дүние есігін ашқанда, жары Шәрипа кенеттен көз жұмады. Міне, сол кезде немере ағасы Харес Жұмағазиев өзінің жұбайы Құснимен ақылдаса отырып, жаңа туған шарананы бауырына салады. Сөйтіп, аты-жөні Серік Харесов боп жазылған сәби жетімдіктің зарын тартпастан өсіп жетіледі.
Қайран, кең қолтық қазағымның дәстүрі мен салтын құрметтеп, сақтай білген асыл жандар! О дүниелік болған абысынының ұлын қойнына салған Құсни оны аялап өсірді. «Егер осы өмірде менің қолым бір нәрсеге жетіп, мен бір жақсы іс тындырған болсам, соның бәрі маған анам Құснидың тәрбиесі арқылы келген. Мен ол кісіге өле-өлгенше қарыздармын»,-дейді Серік Харесов ағынан жарылып.
Үміт есімді қызға үйленген Нығмет Салиев соғыс басталған кезде 45 жаста еді. Майданға 1943 жылы аттанған ол хабар-ошарсыз кеткен. Кейін ұлы Серіктің тынымсыз іздеуінің арқасында ғана көптеген жайдың беті ашылды. Ол Харьков қаласының маңындағы бір ұрыста немістерге тұтқынға түсіп, сонау Германияға жөнелтіліпті. Сол елдегі Хердорф қаласындағы концлагерде азап шегіп, 1944 жылғы 27 мамырда атылған деген дерек бар. Сол дерекке қол жеткізген ұлы Серік Харесов Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласында Бас консул қызметін атқаратын Нұрлан Сейтімовке хат жазған. Бас консулдықтың вице-консулы Берік Олжалының 2015 жылғы 31 наурызда жіберген шақыртуын алған соң, көп кешікпей жолға шыққан ол Майндағы Франкфуртқа, одан әрі Хердорфқа барып, әке зиратына тағзым етті, бір уыс топырақ салды.
Харес Жұмағазиев соғыс басталған кезде колхозда басқарма төрағасы болып қызмет еткен. Кейін майданға аттанып, хабарсыз кетіпті. Ол кісі туралы да дерек жинап, хат жазып іздестіріп жүргенін айтады Серік Харесов.
Иә, соғыс салған жара әлі де жазылған жоқ. Әкесін іздеген қаншама ұл, ағасын іздеген қаншама бауыр бар десеңізші! «Тым болмаса, ағамның зиратын тауып, туған жерінен, әке-шешеміздің бейітінен басына бір уыс топырағын салсам, арманым жоқ»,-деген сөзді әкемізден де жиі естиміз. Естіген сайын жүрек сыздап, жанға мұң толады. Енді қайтып соғыс өрті аспанды торламаса екен.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.