ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ, БАСШЫ

Қосан Тасқынбаев осындай
үш міндетті арқалаған азамат

Асқаралы алпыс жас – өмір жолындағы кезекті асу ғана емес, өткенге көз жүгіртіп, ой түйетін, таразылап, түйіндейтін сәт. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Қосан Мыңбайұлы Тасқынбаевтың бүгінгі межені үлкен бедел мен құрмет иесі ретінде аттағаны анық. «Менің жетістігім және абыройым – бала күнімнен арман еткен геолог мамандығына қол жеткізіп, сол жолда тер төгуім» дейді барлау геологиясы саласында отыз алты жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мерейгер.

Заңгер Мыңбай Тасқынбаев пен аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып жасаған педагог Алма Омарғазиеваның шаңырағында өскен ұлдың мектеп жасынан-ақ көңіл қалауы геолог болу еді. Мұнайлы өңірдегі беделді мамандық оны тылсымын тереңіне бүккен жер қойнауынан мұнай кенінің көзін табуға жетелейтін шығармашылық қырынан да қызықтырды. Сөйтіп, 1977 жылы Қазақ политехникалық институтын бітірген жас маман еңбек жолын Оңтүстік Ембі МГБЭ ұңғымаларды сынамалау цехында ұңғымаларды зерттеу жөніндегі операторы болып бастайды. Одан әрі – инженер-геолог, аға геолог, камералық топтың аға геологі.
Қазіргі күні кейбір жастардың таза жердегі кеңсе жұмысына ұмтылып, айналдырған азғантай жылдың ішінде басшылыққа келу тенденциясын оң бағаламайтынын ол кісі жасырған жоқ. «Қызмет жолында төменгі сатыдан бастап, түрлі жолдарда сыналып өтудің берері көп. Кезінде талай рет экспедицияларға шығып, көптеген жерлерді араладық – одан көрген-түйген тәжірибеміз мол» дейді Қ.Тасқынбаев.
Орда бұзар отыз жасына дейін Құлсарыда тұрған Қосан Мыңбайұлы 1983 жылы «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік геология бөлімі бастығының орынбасары болып келді. Содан бергі кезеңде ҚазҒЗГБИ мұнай мен газдың болжамды ресурстары және геологиялық барлау жұмыстарын перспективалы жоспарлау секторының меңгерушісі, «Атыраумұнай» ЖАҚ вице президенті, президенті, «Ембімұнайгаз» ААҚ перспективалы даму жөніндегі вице-президенті, «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ «Ембімұнайгаз» ӨФ бас геологі, «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС геология және пайдалану менеджері, «Жамбай» ЖШС бас геологі қызметтерін атқарып, білімі мен білігін саланың игілігіне, дамуына жұмсады. 1992 жылы «Каспий маңы ойпаты оңтүстігінің тұзданған шөгінділерінде мұнай-газ жиналған аймақтарды іске қосу және қалыптастыру заңдылықтары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, сала бойынша жетпістен астам үлкенді-кішілі ғылыми еңбек жазған мерейтой иесі соңғы үш жылда қазақ ғылымының қара шаңырағы істеттес ҚазҒЗГБИ ЖШС-ін басқарып келеді.
Ұзақ жылдар бойғы жемісті, нәтижелі еңбегі еленіп, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ күміс белгісімен және Құрмет грамотасымен, ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. ҚР «Жер қойнауын барлау үздігі» атағына ие болды.
Табиғатынан қабілетті, іскер жандар бір төңіректе шектеліп қалмай, қай жағынан да көзге түсе білсе керек-ті. Өзі басшылық етіп отырған институттың бас геологі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Эдгард Воцалевский, Балтабек Қуандықов, А.С.Турков, Таумыш Жұмағалиев, Саламат Өтеғалиев және басқа да тәлім-тәжірибесімен бөліскен майталман геологтарды ұстазы санайтын Қосан Мыңбайұлы да – саланың тізгінін ұстайтын болашақ ізбасарларды даярлау жолында тер төгіп жүрген жан. Ұлттың келешегін, елдің тағдыры мен жердің ертеңін ойлағаннан да шәкірттерінің жетістігіне сүйсініп, жетпеген тұсына күйінеді. Атырау мұнай-газ институтында сабақ беріп, өндіріс барысын бақылай жүріп, шетелде білім алған, жаңа технологияға жетік, «болсам» деп жанып тұрған балаларға сүйсініп, сенім артты. Керісінше, «оқу ақысын төлесем болды емес пе?!» деген ниетпен сабағына жүрдім-бардым қатысқан, ізденіске жоқ, енжар студенттері көңілін түсірді. Содан ба, «бір кездегі өзіміздің студенттік шағымызбен салыстырсам – біздің оқуға деген ынтамыз, еңбекқорлығымыз жоғары көрінеді» деп ағынан жарылды.
Кітап оқуға ерекше құштар болған аға ұрпақтың өкілі қалыптасқан дағдысынан ешқашан жаңылмапты. Айтуынша, әлі күнге көзі ұйқыға кеткенше кітап, журналдар оқиды. Жеке кітапханасында төрт жүзден аса әдеби кітаптың бары – кәдімгідей мақтаныш. Рухани қазынаның бір бөлігі Құлсарыдан көшкенде сонда қалыпты.
Жүріп өткен жылдар белесіне көз жүгірткенде «өткен күндер естелігін қағаз бетіне түртіп қою керек-ау» деген ойдың келетіні рас. Сондайда Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтының ғалымы Олег Сергеевич Обрядчиков есімді ұстазының қазақ жігіттеріне көрсеткен қолдауы мен қамқорлығын да жаза кетсем дейді. «Бірде түгендеп санасақ, біздің елдің жеті жігіті сол кісінің үйіне жатып, кандидаттық қорғаған екенбіз. Ғылым жолына шын берілген Олег Сергеевич қазақтың тарихына, салт-дәстүріне де қызығушылық білдіріп, сұрастырып отырады. Қандай да бір шовинистік пиғылдан ада, алыстан барып отырған шәкірттерінің білім алуына барын салады» деп жылылықпен еске алады.
Қазірде Қосан Мыңбайұлы Прикаспий ойпатынан болашақта мұнай-газ көздерін іздеу перспективалары бойынша докторлық жұмысын жазу үстінде. Ғылыми еңбегін келесі жылы Мәскеуде қорғамақ.
Соңғы жылдары бір топ жергілікті геологтің бастамасымен құрылған «Қазақстан мұнайшылар-геологтар қоғамы» белсенді жұмыс істеп келеді. Қосан Тасқынбаев – бұған дейін тарап кеткен геологтар ұйымының орнын басуды және білікті жас мамандар легін қалыптастыруды көздейтін ұйымның тете-президенті. Қоғам екі жылда бір рет өтетін «Атыраугео» атты халықаралық конференциясын ұйымдастырып, өмірден өткен геологтардың есімін елеусіз қалдырмау мақсатында олардың өмір жолы жайында кітаптар шығарып отырады. Бастамашыл топтың жұмысы жақында осындай бағдарламаны енгізуді жоспарлап отырған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан жоғары бағаланды.
1946 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың ұйымдастыруымен құрылған қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты – түрлі кезеңдерде Сәкен Шақабаев, Ұзақбай Қарабалин, Бақтықожа Ізмұхамбетов қызмет еткен іргелі мекеме болып табылады. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Алтын сапа» сапа белгісін иеленген ғылыми институттың директоры Қосан Мыңбайұлы айтқандай, «ҚазҒЗГБИ үшін үш бірдей министр мен бір облыс әкімінің шығуы – зор мақтаныш».
Сондай-ақ, Қ.Тасқынбаев – жұбайы Бақтыбике Айтқалиқызымен алтын асықтай ұл-қыздар тәрбиелеп өсіріп, немерелерінің қызығына бөленіп отырған өнегелі шаңырақ иелері. Ұлдары Мирас ата-анасының үмітін ақтап, Англиядағы Ланкастер университетін қаржы менеджмент мамандығы бойынша бітірді. Былтыр баласының диплом алу қуанышына барған үлкендер үш жүзге тарта түлектің 9-ы «қызыл» диплом алып жатқанын және оның екеуі Қазақстанның, соның ішінде, екеуі де Атыраудың баласы екенін естігенде төбелері көкке жеткендей қуанды.
«Елім маған не береді?» деп емес, «мен еліме не берем?» деген ұстаныммен ғұмыр кешіп келе жатқан ел зиялылары осылайша елге, айналасына өнеге, үлгі болумен келеді. Астана мен Алматыдан бірнеше мәрте шақырту келсе де туып-өскен Атырауынан артық жер көрмеген Қосан ағамызбен білгір басшы, маман геолог, зиялы азамат ретінде мақтанамыз.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз