Елбасы Атыраудағы өркенді істерге оң баға берді (ВИДЕО)

9ba429f23bde44384eae07136e287ab6 БЕЙНЕЖАЗБА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңеске қатысушылардың ұсыныс-пікірлері:

Жергілікті мамандар үлесі  артты

Ізтұрған БАЙМҰҚАНОВ, Кәсіподақтар Федерациясы облыстық филиалының төрағасы:

– Мен – мұнайшымын. Осы салада 35 жыл еңбек еттім. Атыраулық мұнайшылар Сіздің бізге деген көзқарасыңыздың жақсы екенін біледі.

Мұнай саласы – Қазақстан экономикасының күретамыры, локомотиві. Осы саладан екі бірдей Қазақстанның Еңбек Ері шығуының өзі сөзіміздің айқын дәлелі болса керек. Оның бірі майталман мұнайшы Ұзақбай Қарабалин болса, екіншісі – елге белгілі Руслан Қуатов. Бұл жоғары марапат тек екі адамның ғана еңбегі емес, бүкіл сала мұнайшыларына деген ілтипат деп білеміз.

Әсіресе, инвестиция тарту саясатыңыздың нәтижесінде Теңіз, Қашаған және басқа да кен орындарында үш жүзден астам отандық және шетелдік компания еңбек етуде. Оларға әлемнің түкпір-түкпірінен мамандар келді. Бір қуантарлығы, солармен бірге біздің қазақстандық мамандар да еңбек етіп жатыр. Өңірдегі кен орындарындағы қызметкерлердің 97 пайызы ­–­­қазақстандықтар. Білімді де білікті жастар тәрбиеленді. Көпшілігі – шетелдік және отандық жоғары оқу орындарында білім алған, үш тілді меңгерген жастар.

Атырауда 700-дей кәсіпорында 100 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақтар Федерациясының жаңа тынысы ашылды. Бүгінде жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қарым-қатынас жақсара түсті. Енді оның қызметіне жас буын өкілдерін тартудамыз.

Мақтаныш сезімі ұялайды

Айдарбек АЙТБӨКЕШОВ, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

– Осыдан он жыл бұрын елімізде әлемде ешбір теңдесі жоқ Назарбаев зияткерлік мектебінің негізі қаланды. Биыл Атыраудағы мектепке бес жыл толып отыр. Білім ордасын ашқан кезде екі мақсат қойылған еді. Біріншіден, үздік халықаралық тәжірибені қалыптастырған орта білім берудің жаңа моделін енгізу,  екіншіден, осы үлгіні қазақстандық орта мектептерге тарату. Бүгінде бірінші мақсат орындалды, инновациялық үрдіс қалыптасты. Қазақстандық білім беру жүйесін әлем мойындады. Мектеп түлектерін дүниежүзінің жоғары оқу орындары ешқандай емтихансыз оқуға қабылдап отыр.

Біздің мектепті осыдан екі жыл бұрын бітірген түлек Гонконг политехникалық университетінде оқып жатыр, ең үздік студенттердің бірі болды. Стэнфорд, Токиода тәжірибеден өтіп келді. Жуырда сол шәкіртімнен хат келген еді. Ол үнемі елін айтып, жиі мақтанатындығын жазған болатын. Сонда қасындағылар сұрайды екен: «Сен жақсы білім алдың, неге үнемі туған еліңді мақтанып айта бересің?» деп. Сонда ол: «Өз жерімді құрметтеуге, онымен мақтануға менде бір ғана идеал бар, ол – Елбасы»-деген жауап қайтарыпты. Қазір осындай пікір қалыптастырған мыңдаған қаракөз жас мектебі-мізден білім алуда. Бұл модель өміршеңдігін көрсетті.

«Ауыл мектебін қолдайық!» жобасы аясында Исатай ауданының Жанбай ауылындағы мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатып, сол білім ордасының шәкірттерімен байланыстамыз. Қазір сол мектептің оқушылары біздің  жастарымыздың қатарында.

Әдістемелік құралдарымыз жақсарды. Біздің базада жасақталған 17,5 млн. материалды барлық білім ошақтары пайдаланып отыр. Облыстағы 496 педагог жаратылыстану ғылымы бойынша ағылшын тілі курстарынан өтіп, олардың 37 пайызы осы пәнді меңгеріп, оқушыларды оқытуға әзір.

Мотоклуб – жарқын жоба

Олег ШМАЛЬ, «Видергебурт» неміс  этномәдени орталығының жетекшісі:

– Елімізде жүзеге асқан мотоклуб ­– жарқын жобалардың бірі. Соның айғағы ретінде республика көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан – менің елім, моя страна» жобасын айтар едім. 40 мың шақырым жол жүріп, Қазақстанды түгел шарладық. Жүздеген жас жобаға тартылды. Он мыңдаған қазақстандық республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан білді.

Бірнеше күн бойы мыңдаған шақырым жүріп өткенмен, Қазақстанның киелі,  тарихи орындары мен құндылықтарымыз көп екендігін білеміз. Біз «Бабалар ізімен» жобасын жүзеге асыруға халықаралық команда жинақтап жатырмыз. Жоба аясында Жібек жолы арқылы Қытайдан Батыс Еуропаға дейін жүріп өтуді жоспарладық. Әрине, идея оңай емес, бірақ, біз оған да қол жеткіземіз деп сенемін.

Кәсіпкерлер  қолдауымен…

Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:

­– Сал ауруымен ауыратын балалармен жасаған алты жыл жұмысымыздың нәтижесінде   оңалту шараларын алдымен анадан бастау керектігін ұқтым. Өйткені, сәбимен тікелей жұмыс істеп, арнайы ас мәзірін сақтауға көмектесетін, үнемі жанында болатын ол – анасы.

Бүгінде біздің «ерекше» балаларымыз барлық бүлдіршінге арналған балабақша мен мектептерге қосыла бастады. «Шағын мемлекетіміз» «үлкен елге» айналды. Сайып келгенде, бұл атқарылған істердің барлығы да әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда Абердиндегі, Ресейдегі сал ауруына шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына арналған шағын ауылдардың тәжірибесінде бізде де осындай нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ерекшелігі сол, бұл – халықтық құрылыс. Негізінен, бизнес иелерінің қолдауымен салынып жатқан шағын ауылға бірі ат қора берді, тағы бірі қаржылай көмектесті. Соңғы жылдары бізге шетелдік кәсіпкерлердің де қолдау білдіріп жатқандығы қуантады. Олар біздің мемлекеттегі инвестициялық мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін дөңгелентіп отырғанына разы. Көктем айларында шағын ауылымызды ашу жоспарымызда бар. Сол меймандардың қатарынан Елбасын көрсек, бақытымыз еселене түсер еді.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз