ГЕОЛОГ – ҚАЛАНЫҢ ІРГЕЛІ БӨЛІГІ
Геолог селолық округі аумағында өндірістік бағытқа басымдық берілгендіктен ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жоқ. Сондықтан, жылыжай немесе типтік жобадағы қойма салу округ үшін ауадай қажет. Сонда ғана 208 адам жұмыссыз ретінде тіркелген округте жұмыс та табылып, тұрғындар ауылшаруашылығы өнімдерімен де жеткілікті қамтылмақ.
Жиын барысында қала әкімі С.Айдарбеков Елбасының шағын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуды басты мақсат етіп қойып отырғанын және кез-келген кәсіпкер болғысы келетін адамға мол мүмкіндік қарастырылғанын түсіндіріп, ұсынылып жатқан төменгі пайызды несиелер мен лизингке беріліп жатқан техникаларды пайдалана білу керектігін баса айтты. Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында округтен төрт адам тоғыз миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін бастаған. Дегенмен, қала басшысы бұл көрсеткіштің әлі де аз екенін, егер адамдар аталмыш бағдарлама көлемінде несие алғысы келсе округ әкіміне хабарласып, жұмыспен қамту бөліміне өтініштерін беруі керек. Сондай-ақ, шаһар басшысы тұрғындардың санитарлық тазалыққа ұдайы көңіл бөлу керектігін жеткізді.
Округтерге жүргізілген рейдтік шаралар тазалық жұмыстарын жандандыруды талап етіп отыр, — деген Серік Кенғанұлы округ әкіміне тазалық жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастырып, әсіресе, Жайық өзені жағалауы тазалығын қатаң бақылауды тапсырды.
Өткен жылы округ бойынша Геолог, Мирас елді мекендерінде автокөлік және ауылішілік жолдары күрделі жөндеуден өтсе, 624 орындық мектеп құрылысы аяқталған. Ал, Геолог-2 елді мекеніндегі құрылысы басталған 160 орындық балабақша биыл пайдалануға берілмек.
Геолог селолық округінде ағымдағы жылда да ауқымды жұмыстар атқарылмақшы. Жиын барысында қала басшысы бұл округте тұрғындардың өзекті мәселесіне айналған әлеуметтік нысандар бой түзейтінін мәлімдеді. Мәселен, Бірлік елді мекенінен 280 орындық балабақша құрылысы басталып, көшелерге жол салынып, газ жүйесі тартылмақ. Бұл ғана емес, Мирас елді мекенінен 100 орындық емхана құрылысын бастау да, Новокирпичный елді мекенінің үш көшесіне жол салу да шаһар басшысының басты жоспарында тұр.
Жиын соңында қала әкімі Серік Кенғанұлы тұрғындар қойған сауалдарға жауап беріп, мәселенің бәрі кезегімен шешілетінін айтып, округ тұрғындарын ауызбіршілікте өмір сүріп, еліміздің даму жолында жемісті еңбек етуге шақырды.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА