«Газеттің бұрынғы пәрмені мен бүгінгі дәрмені…»

c1a42126 50be 41ec a4f5 b1cda52a57cd Қоғам

Баспасөздің ел өміріндегі алатын орны жайлы сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзін тағы бір еске салуға тура келеді. Ақпарат айдыны дәстүрлі медиа және жаңа медиа деп екіге бөлінді. Еркін ойдың алаңы саналатын әлеуметтік желі дәстүрлі БАҚ-тың бәсекелесіне айналды. Ғаламтор дамыған сайын дәстүрлі баспасөздің келешегіне күмәнмен қарайтындар көбейді. Десек те, мерзімді басылымның өзіндік алар орны орасан екенін мойындау керек. Шынайы ақпарат. Журналистік зерттеу. Салмақты сараптама. Қазіргі сәт сайын жаңаратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдықтар – осы. Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай ұйымдастырылған «Мінберде» ақпараттық кеңістікте өзіндік пікірлерін білдіріп жүрген әріптестер сөз алады.

1. Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» дегендей, қазақ баспасөзінің бүгінгі хал-ахуалы мен өркендеу жолы туралы ойыңыз қандай?

2. Осы күні ғаламторға шырмалған ұрпақтың газет-журналдағы салмақты дүниелерді оқуға өресі жетпейді. Газет оқу дағдысын қалыптастыру үшін не істеу керек?

f425107f fbbf 4641 8753 c9dff9b89bad

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы:

Газет оқу – үлкен мәдениет

1. Қазіргі күрделі жаһанданған әлемде баспасөз құралдары бұқаралық мәдениеттің пайда болуы мен дамуында шешуші роль атқарады. Тағы бір маңызды фактор – БАҚ өнердің және кейбір сәттерде ғылымның даму доминанттарын анықтайтын негізгі күш болып саналады. Иә, қазақ баспасөзі технологиялық жағынан көп жаңарды. Жаңа медиа пайда болды. Уақыт жылдам өтіп жатыр. Соған сәйкес ғаламдық ақпарат желісі ұлттық басылымдарды «жұтып» қоюға айналды. Еліміздің ақпараттық кеңістігі тосын сынақтар тұсында тұр. Журналистер қауымының әлеуметтіктұрмыстық жағдайы соншалық керемет деп қазір ешкім айта алмайды. Сондықтан Міржақып атамыз айтқан сөз әлі де өткір тұр.

2. Газет оқу – үлкен мәдениет. Өкінішке қарай көп адам әлеуметтік желіге «басымен кіріп кеткен». Газет, журнал, кітап оқу ескіліктің белгісі сияқты қабылданатын болды. Оқыған халықтың санасы сергек болады. Қазір қалай? «Кітапты компьютерден де оқуға болады» дейді кейбіреулер. Оқуға болады. Бірақ, жанарың талады. Ай сайын интернетке белгілі мөлшерде қаржы төлеуге тура келеді. Қазақстандағы барлық елді мекен интернетке жалғанып тұр ма? «Газеттерге кететін шығын көп, сондықтан жаппай интернетті пайдалануымыз керек» дейтіндер де төбе көрсетпей қалмайды. Ал, есептейік: сіз ай сайын интернетке 4-5 мың теңге төлейсіз, бір жылға 40-50 мың жұмсалады, газетке бір жылға жазылғанда 5-6 мың теңгеңіз кетеді, яғни бір жыл бойы үйіңізге «тегін» келіп тұрады. Айырма бар ма? Бар! Ақпараттық технология жағынан әлемнің алдына түсіп кеткен Жапония мен Оңтүстік Корея неге өз газеттерін жауып тастамайды? Негізі құстың қос қанатындай – дәстүрлі басылымдар да, әлеуметтік желі де қатар дамыса, жамандығы қайсы? Адамдарға таңдау мүмкіндігін беру керек. Газет оқып үйренген газет оқысын. Интернетке арқа сүйейтіндер интернетімен бола берсін. Заман, уақыт бәрін реттейді. Ал, газет оқыту үшін балалар басылымдарына мемлекеттік қолдау керек. Көптеген Еуропа елдерінде 18-ге дейінгі жасөспірімдерді қалаған басылымдарға жаздыртып береді. Біздің елде де сондай үрдісті қолға алу керек. Жас кезінен өздеріне арналған басылымды оқып үйренген жеткіншектер есейгенде қажет газетжурналдарды оқитын болады. Тек әлеуметтік желідегі ақпаратқа арқа сүйеу – ұлттың өрісін тарылтады. Сондықтан жүз жылдан бері қалыптасқан оқу мәдениетін сақтау керек деп есептеймін.

b1c4a8e4 d0f4 4f5c 9ed4 89fbdf80f0e2

Нұрлан ҚАБЫЛОВ, ардагер-журналист, «Аtyraý» газетінің бұрынғы бас редакторы:

Электронды таралым ұйымдастырылса екен…

1.Қазір қазақ баспасөзі күрделі кезеңді бастан кешіп отыр. Оны сақтап, бұқаралық сипатын дамыту үшін бірінші, өркениетті, дамыған елдердің тəжірибесіне сүйену керек. Оларда мемлекеттің саясатын жақтап, оны халық арасында насихаттауды өзінің басым бағыты санайтын ақпарат құралдарын қолдау жақсы жолға қойылған. Мемлекет оны өзінің идеологиялық жұмысының басты буыны деп санайды. Олар баспасөз жұмысына араласпайды, не жазу, нені жазбау керегін міндеттемейді, сөйте тұра мемлекетшілдікті, ұлттық мүддені қорғайтын ақпарат құралдарын жоғары бағалайды. Соның арқасында газеттерінің таралымы да, материалдық жағдайы да проблема туғызбайды. Бізге осындай қөзқарас жетпей тұрған сияқты. Мысалы, газетке жазылу кезеңінде «мәжбүрлеп газетке жаздырады» деген сөзден қашып, əкімдіктер бұл шарадан аулақ жүруге тырысады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Əрине, газет оқымайтын адамды зорлап жаздыру дұрыс болмас, бірақ, билік иелері газетті елдің ішіне көбірек тарату арқылы мемлекеттің саясатын белсенді насихаттауға болатынын ұмытпаса дейміз. Бұл айналып келгенде екі жаққа да пайдалы іс болады.

2.Ұлы жазушы Марк Твен «Жиырма бірінші ғасырда əңгімелер ғана оқылады» деген екен. Сол айтқандай, газеттегі материалдар қысқа, нақты, түсінікті болуы қажет. Өкінішке қарай, қазір материалдар бір бетті, кейде екі бетті алып жатады. Бұл бірден-ақ оқырманның ниетін кері серпиді. Екіншіден, тақырыптар жүз рет, мың рет қойылып, оқырманды əбден ығыр қылады десек артық айтқандық болмас. Оны көргенде жұрттың көңілі су сепкендей басылады, материалда не жазылғанына қарамастан бетін жаба салады. Үшіншіден, көркемдеуге ерекше назар аудару керек. Себебі, жақсы көркемдеу жарты мақаланың жүгін көтереді. Тағы бір айтатын жайт, ғаламтордан, оның бəсекесінен қорықпау керек. Ол ғасырымыздың ғажайып жаңалығы, оны тиімді пайдалана отырып, газетті дамытуға əбден болады. Мысалы, жеке адамдардың өзі интернетке əр нəрсені салып, мыңдаған оқырман жинап отыр емес пе?

Ендеше, күнделікті қызықты жаңалықтардың бел ортасында жүрген газет соны неге жасай алмайды? Тағы бір айтатын жайт, газеттің электронды таралымын ұйымдастыру өте қажет. Бұл газет үшін тиімді болса, оқырманға пайдалы. Қазір тіпті аға буынның өзі күнделікті газетті өзінің қолындағы телефонынан оқығанды жөн көреді. Сондықтан, қалай болғанда да газет таралымының кемуіне интернетті кінəлап отыра беруге болмайды, уақытпен бірге, оның қойып отырған талаптарымен бірге алға басу керек.

dfdd64e9 3ee0 4c2c 9615 4107d39083fb

Жайна МӘЛІМҚОЖА, Исатай аудандық «Naryn tańy» газетінің тілшісі, жас журналист

Мәртебесі анықталмаған мамандық

1 Бұқаралық ақпарат құралдары қай кезде болмасын орасан зор алпауыт күшке ие. Тіпті, қолында көзге көрінбейтін «қару» бар деуге де болады. Оған соңғы жылдары орын алған пандемия кезеңі дәлел. Күннен күнге ақпарат құралдарының мәртебесі мен маңызы арта түсуде. Қазіргі таңда ақпараттың көптігінен оны саралау қиын. Десек те, адамдар нағыз ақпарат көзін расталған ресми жерлерден іздеп жүріп оқуда. Төртінші билік өкілдері қай елде болмасын бұқара мен билік арасындағы алтын көпір саналады. Сондықтан олардың өркендеуі қарқынды. Тұтас бір мемлекеттің беріктігін сақтайтын билік деуге толық негіз бар. Заманына қарай адамдар да ұзынсонар ақпаратты оқи бермейтіні жасырын емес. Сол бойынша қысқа-нұсқа ақпараттар, түрлі бейнероликтер де, әлеуметтік желі мен сайттар, газеттердегі мақалалар да оқырман сұранысын орындауда. Журналистің жылдам ақпарат таратуы баспасөздің дамуын көрсетеді. Ең бастысы, сөз бостандығы деп ойлаймын. Дегенмен журналистердің мәртебесі ақсап тұр. Төртінші билік өкілдері десек те, қоғамда арнайы орны анықталмаған. Мемлекет тарапынан қолдау болса, тұрғын үй немесе емдік шипажай сынды түрлі әлеуметтік көмектер көрсетілсе, оған қоса жалақысы да жоғары болса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Тіпті кейбір билік өкілдері, түрлі мамандар журналистерге нақты жауап беруден, қажетті мәліметтерді ұсынудан қашатыны да жасырын емес. Сондықтан осындай олқылықтар орын алмауы үшін қоғамдағы орны шегеленсе жақсы болар еді. Қайткенмен де БАҚ өкілдері қоғамның айнасы іспетті.

2. Меніңше, біздегі қазіргі ахуал өтпелі кезең. Болашақта өз уақытында адамдар газеттегі материалдарды іздеп жүріп оқитын кезге келеді. Тек сапалы дүние жазып, қызықты шынайы ақпарат таратуды тоқтатпау керек. Ал, оқырман уақытында өзі табады. Кейінгі кезеңде кітапханадан кітап оқитын жасты таппай қалып едік. Ал, бүгінде олардың кітап оқуға ынталары артқаны байқалады. Тіпті сатып алып, іздеп жүріп оқиды. Сол сияқты бұл күн газетке де туатыны анық. Егер байқасаңыздар түрік киноларында үнемі таңғы аста газет оқитын отбасыны көрсетеді. Бұл да бір жарнама, бұл да бір қоғамға түрткі болар ой. Сол сияқты біздің елімізде газет оқуға шақыру үшін сериалдар мен кинолар да, жалпы көрермені көп жерлерде кеңінен насихатталса, газеттің өміршеңдігін арттырады деп ойлаймын. Газет оқуға дағдыны қалыптастыру үшін үйде ата-ана, үлкендер оқып, жол көрсеткені абзал. Негізі газеттің өз оқырманы бар. Біздер «газет оқырманы сиреді» деп дабыл қаққанымызбен, редакцияға газеттегі мақалаларды талқылаған, ұсыныс-пікірлерін айтқан оқырмандар хабарласып жатады. Сондықтан «оқырманы жоқ» немесе «газет оқылмайды» деп кесіп айту жөнсіз. Газет өз оқырманын еш жоғалтқан емес. Тек жапппай оқу үшін жоғарыда айтқанымдай, заманауи түрде кеңінен насихатталуы керек.

493be74d 5ef8 49a4 b681 1680b353fcf3

Аружан САҒЫНДЫҚОВА, белгілі блогер, Атырау жастар театрының актрисасы:

Әр дәуірдің үні бар

1.Ата-анам үшін жыл сайын газет журналға жазылу дәстүрге айналды. Әлі есімде, бала күнімде хат тасушыны асыға күтетін едік. Бума-бума газет-журналды оқып, содан әдебиет-өнерге жаным жақын болды. Бұл қазіргі қызметіме де пайдасын тигізуде. Өйткені, блогер болу үшін де білім, үздіксіз ізденіс қажет. Ақпараттық заманда блогердің жүргізіп отырған контенті сауатты болса, сөзсіз ұтады. Баспасөздің өркендеу жолы туралы айтсам, бала кездегідей қоғам санасын ояту – ағартушылық маңызы әлі де күшті деуге болады. Рас, оқырман азайды. Қазір елдің бәрі телефонға телміріп, әлеуметтік желінің қызығынан шыға алмай жүр. Газеттен гөрі, сол әлеужеліде көтерілген мәселе көп талқыланып, жұрттың назарын аударатыны байқалады. Ол да дұрыс шығар. Солай болса да, дәстүрлі медианың дәурені бітті деуге болмайды. Сондықтан біздің газет-журналдарға заман талабына сай жаңашылдықтар қажет деп ойлаймын.

2.Осы сұраққа байланысты үлкендердің газет-журналды оқып отыратыны есіме түсті. Аға буын бізге ешқандай жарнамасыз-ақ өз әрекетімен ненің дұрыс-бұрыс екенін үйреткен болатын. Бізді «оқы» деп мәжбүрлемеді, көргенімізді қайталадық. Ал, қазір ше? Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолдарында бір-бір гаджет. Өкініштісі сол, кейбір үлкендердің өзі әлеуметтік парақшада бір-бірімен бет жыртысып жатқанын көріп жүрміз. Бұл олардың өздеріне білінбейтін шығар, бірақ оны көріп отырған жас буын үшін ыңғайсыз. Әлеужелі біздің аға буынның өзін осылай арзандатып барады. Оны көріп өсіп келе жатқан ұрпақ не істемесін? Ал, газет оқып өскен оқырманның қайсысы да жаман болмады. Тәуелсіздіктің шежіресіне

солардың әрқайсысының еңбегі сіңді деуге болады. Сол үшін газет-журналдар өміршең ұлт пен өскелең ұрпақ үшін қашан да маңызды болып қала бермек. Әрине, басылымға жазылуды міндеттеген дұрыс емес. Бірақ, ата – ана газетті жаздыртып алып, өзі үлгі болып оқыса, басылымда жарияланғанды баласымен бірге талқылайтындай дәрежеге жетсе құба-құп. Буындар арасындағы сабақтастық үзілмеуі тиіс. Ол үшін мектеп жасынан бастап-ақ басылымдарды оқуға насихаттау керек сияқты. Сондай-ақ ұлттық тәлім-тәрбиені дәріптеп, тарихын насихаттап отырған газеттерді ұстаздар қауымы үлгі болып оқыса екен… Меніңше, газет-журнал оқымайтын ұстаздан қандай білім-тәрбие сұрауға болады? Сондықтан ел келешегін, ұрпақ тәрбиесін шынайы жан дүниесімен ұғынған ұстанымы биік ұстаздар қауымы әрқашан ізденісте, барлығынан хабардар болса екен деген тілегім бар.

Пікірлерді ұйымдастырған Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз