ГАЗЕТ – ОНЫҢ ТАҒДЫРЫ
Любовь Михайловна – адамзатты ажалға итерген қанды соғыс жылдарында өмірге келген ұрпақтардың өкілі. Әкесі майданға аттанады да, анасы эвакуациямен Ульянов облысының Инза қаласына қоныс аударады. Әкесі Венгрия жерінде ауыр жараланып, ұзақ уақыт госпитальда жатады. Сөйтіп, капитан шенімен Белоруссияға оралады. Бұл отбасы осы жерде бас біріктіреді.
«Менің балалық шағым осы жерде өтті. Кішірек болсам да мен фашистік басқыншылардың салған лаңының зардабын көзіммен көрдім. Соғыстан кейінгі адамдардың жан қиналысын балалық жүрегіммен сезіндім. Осы күнге дейін соғыс ардагерлерін көргенде жан дүнием төңкерілгендей күй кешетінім сондықтан болса керек» деп толғануы да тегіннен-тегін емес.
Тың және тыңайған жерді игеру басталған тұста сол кездегі кеңестер одағының түкпір-түкпірінен Қазақстанға сан мыңдаған адам көш басын бұрды. Сол лекпен Монастырскийлер отбасы да сол кездегі Целиноград қаласына қоныс аударады. Өзі таңдаған мамандығымен жұмыс жасап жүрсе де, жас қыздың көңілі журналистикаға қарай тарта берді. Радиоға хабарлар дайындап, редакцияның тапсырмаларын мұқият орындай жүріп, өзінің бірте-бірте осы саланың өн бойына тереңдей еніп кеткендігін білмей де қалды. Сөйтіп барып, түпкілікті шешімге келді. «Бұл менің жолым, журналистика менің өмірім болуға тиісті». Қашанда тынымсыз ізденіспен жүретін қайратты, мінезі ашық Любовь Михайловна осылайша өз өмірін қаламмен, қағазбен байланыстырды. Сөйтіп, ол қым-қиғаш қызық пен қиыншылыққа толы қаламгерлік өмірдің бел ортасынан шықты.
Тағдыр айдап 1975 жылы Атырау (Гурьев) қаласына көшіп келгеннен кейін бұл жердегі алғашқы еңбек жолын облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінен бастайды. Алғашқыда тілші, одан кейін аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, одан әрі бас редактор болып тағайындалып, газет саласының барлық сатыларынан өтіп, шыңдалған, қаламы ұшқыр, тілі өткір толыққанды журналиске айналады. Бір қарағанда, Любовь Михайловнаның бұл жүріп өткен жолдары санамалап айтып шығуға ғана оңай. Шынтуайтына келгенде, бұл өмір соқпағының астарында қаншама еңбек, қаншама төккен тер жатыр.
«Газет – халықтың айнасы» деп бекер айтылмайды. Оқырманның қуаныш, реніштерін бөлісетін жерлері де осы газет болатын. Мақаланың әрбір жолының арғы жағында адам және оның тағдыры тұратын. Осыны терең сезінген Любовь Михайловна қашанда халық мүддесін жоғары қойып, газеттің қалың көпшілікке қызмет етуіне күш салды. Бұл жол оған оңайға тиген жоқ. Бірақ, өжет мінез, жылдар жетегінде жинақтаған тәжірибе, өз ісіне деген сенімділік оны үнемі алға жетелеп отырды.
Ол тек газет басшысы болып қана қоймай, өңірдің қоғамдық тіршілігінің де бел ортасында жүрді. Оның басты қағидаларының бірі – айналасындағы жандарға деген қайырымдылығы мен қамқорлығы. Редакцияға бастарына іс түскендер де, көмек сұрағандар да келіп жатады. Ондайда «жомарттың қолын жоқ байлағандай» газеттің мүмкіндігі болмаса да, Любовь Михайловна қол қусырып қарап отырмайды. Болған жағдайды халыққа жеткізіп, кәсіпорын басшыларына хат жолдап, тіпті болмаса өзінің жеке таныстарына шығып, әйтеуір, мұқтаж жанға қалай еткенде де көмек қолын созады. Сөзіміздің дәлелі, көпшілікке белгілі, бір жылдары Женя Хлюпин деген жігітке күрделі операция керек болған кезде алғашқылардың бірі болып, аяқ-қолы жерге тимей зыр жүгірген де осы Любовь Михайловна болатын.
Ұжымына келген жас журналистерге деген қамқорлығын өзі тәрбиелеген шәкірттері әлі күнге үлкен ризашылықпен айтады. «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторының орынбасары, белгілі журналист Наталья Оразғалиева ол туралы асқан құрметпен өз ойын ортаға салды: «Мен Любовь Михайловнаны қырық жылға жуық уақыттан бері білемін. Осы ұзақ жылдар ішінде мен бұл кісінің өз мамандығын шексіз сүйетін, басқаның еңбегін бағалай білетін басшыға тән бірегей қасиеті бар екендігінің талай куәсі болғанмын. Ол жас журналистердің де, штаттан тыс журналистердің мақалаларына да ерекше мән беріп, кемшілігі болса бетін қайтармай, үнемі қолдап, үйретіп отыратын. Ол осынысымен талай адамды ең соңында қарымды журналист қатарына дейін тәрбиелеп шығаратын. Оның тәрбиелеген шәкірттері бұл күні еліміздің өзге өңірлерінде де абыройлы еңбек етуде.
Ақкөңілділігі, ізденгіштігі, үлкен ұйымдастырушылық қабілеті оны үнемі алға жетеледі, айналасының құрметіне бөледі. Любовь Михайловнаның ұзақ жылғы еңбегі, оның үйреткен ұлағаты жас мамандар үшін үлкен мектеппен тең дер едім. Асқан мейірімділігі кейде жақын құрбың сияқты көрсетсе, кейбір кездері аяулы анаңды елестететін. Ол сондай ешкімге ұқсай бермейтін, жан дүниесі бөлек адам».
Еселі еңбек, тынымсыз ізденіс оны үнемі биіктерге жетеледі. Ел-халқы оны қашанда құрметтеді. Ол бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, халық үшін еңбек етті. Абыройлы болды. Өйткені, ол қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жан-тәнімен сезініп, соны шешу жолында жан аямай қызмет етті. Нәтижесі сол, «Астана» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Журналистер Одағына – 50 жыл» медальдарын өңіріне тағып, көптеген грамоталар мен Алғыс хаттарды иемденді. Талай конкурстарға қатысып бас жүлдені алды. Осының барлығы – оның өлшеусіз еңбегінің жемісі. Бірнеше кітаптың авторы. Айта берсек, Любовь Михайловнаның еңбектері мен жеткен жетістіктері жетіп жатыр.
Ол зейнетке шыққасын да қол қусырып қарап отырған жоқ. Өзінің төл газеті «Прикаспийская коммунада» редакцияның қоғамдық қабылдауының жетекшісі болды. Әлі де қолынан қаламы мен қағазы түскен жоқ. Қоғамдық жұмыстардың қақ ортасынан Любовь Михайловнаның саңқылдаған дауысы жиі естіледі. Сүйікті ана, мейірман әже немере-шөберелерінің де қызығын қызықтауға уақыт табады.
«Ең бастысы, еңбек ету керек. Менің ата-анамның бала кезімнен бойыма сіңірген қасиеттерінің бірі еңбек ету болды. Күні бүгінге дейін еңбектеніп келе жатырмын. Жастарға да айтарым – талмай еңбек ету керек. Адал еңбек қана мақсаттарға жетелеп, армандарға жеткізеді. Осыны түсінген адам ғана осынау өмірде өз орнын табуға тиіс деп ойлаймын» деп өз ойымен бөлісті.
Уақыт – жүйрік. Барлық күш-қайратын адал еңбекке ғана арнаған, бір кездері журналистика әлеміне жүрексіне енген Любовь Михайловнаның бар болмысы – осы. Бүгінгі күні ол 70 деген мерейлі жасқа келіп отыр. Жетпістің төріне шыққан қадамыңыз құтты болсын. Қаламыңыз мұқалмасын, қадірлі әріптес, дейміз біз де.
Ағиба Қатешова.