Жарнама
Қоғам

Газет көтерген мәселе оң шешімін тапты

Облыстық «Атырау» газетінің редакциясына қаланың «Сельстрой» шағынауданындағы Жаһанша Досмұхамедов өткел көшесінің тұрғындары өз тілектерін білдіріп, хат жолдаған еді. Ол басылымның 26 маусымдағы санында жарияланды. Онда тұрғындар көптен бері өздерін толғандырып, шешімін таппай жүрген өзекті  мәселемен бөлісіпті.

Айтуларынша, сол маңдағы Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 орта мектептің жанында ашық, иесіз қалған алаң бар екен. Кезінде құрылыстан қалған топырақ үйінділері, қаулап өскен қалың шөп, аяқасты төгілген қоқыс айналасы атшаптырым аумақтың тазалығын бұзып тұр. Сондықтан, бос жатқан жерді көптің игілігіне жаратып, көпшілікті алаңдатқан балалардың ойын алаңы салынуын құп көреді. Осы мәселе редакцияның араласуымен шешімін табар деген үмітпен жолдапты. Тұрғындар тілегін жеткізген Көшербай Айтмағамбетов есімді азаматтың айтуынша, бұл мәселені осыдан екі жыл бұрын көтеріп, шаһар басшысы Шәкір Кейкиннің алдына қойыпты. Алайда, қалалық әкімдіктен нақты жауап болмағанға ұқсайды.

Хатта көтерілген мәселеге орай тұрғындармен тілдескенімізде олар бұдан басқа да біраз жайтты баяндады. Атап айтқанда, сол аумақтағы көшелер тар болған соң көлік пен жаяу жүргіншінің жүріп-тұруына қолайсыз көрінеді. «Алина» сауда базасына қатынайтын ауыр жүк көліктері жасанды кедергі қойылғанына қарамастан жоғары жылдамдықпен жүріп, адам өміріне қауіп төндіріп отыр екен. Бұрылуға ыңғайсыз болғандықтан жүк көліктері көшедегі электр бағандарына, басқа да инфрақұрылым желілеріне соқтығысып, апатты оқиғалар болғанын да тұрғындар ашық айтты. Өзге амалы табылмаса, жүк машиналарының базаға келетін жолын басқа жағынан шығарса деген ойын да алға тартты.

Одан бері де біраз уақыт өткеніне қарамастан газеттегі жарияланымға орай қала әкімдігінен тұшымды жауап болған жоқ. Әйтсе де оң шешімін таппаған тұрғындар сауалына қоғам белсенділері құлақ асып, мәселенің аяқсыз қалмауына атсалысты. Бұған қоса, оларды «Жазғы каникул күндерін балалар үшін қалай қауіпсіз әрі пайдалы етіп ұйымдастыруға болады?» деген сұрақ та толғандырып жүрген-ді. Осыған орай, Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының басшылығы жақында «Халық аманаты» жобасы шеңберінде қаланың «Сельстрой» шағынауданының тұрғындарымен кездесті. «Әр балаға – қауіпсіз және пайдалы жаз» жобасы арқылы ұйымдастырылған шарада партия белсенділері тұрғындармен ашық әңгімелесіп, еркін пікір алмасты.

Басқосуға ұйытқы болған партия белсенділерінің бірі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Есенғожиннің айтуынша, бұл проблеманы жан-жақты зерттеп, зерделеу үшін алдын ала мониторинг өткізілген екен. Оның барысында шаһардағы тынығу аймақтарының жай-күйіне, демалыстың ұйымдасқан формасымен қамтылмаған балалардың каникулды қалай өткізіп жатқанына, олар үшін мәдени, спорттық нысандардың қаншалықты қолжетімділігіне назар аударылыпты. Кездесуге қатысқан партия филиалы жанындағы әйелдер қанатының жетекшісі Лидия Көбентаева, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Оспанов пен облыстық білім беру басқармасы тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Дулат Хамзин де ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.

Айрықша тоқталар жайт, жүздесуде «Сельстрой» шағынауданын абаттандыру мен осында балалардың бос уақытын ұйымдастыру жайы да кеңінен сөз болды. Тұрғындарды мазалаған жайдың біртіндеп шешімін табатыны айтылды. Әсіресе, қала инфрақұрылымына тікелей жауапты бөлім өкілінің уәжі көптің көкейіндегісін дөп басты.

– Биыл «100 аула» жобасы аясында қала бойынша балаларға арналған 40 ойын алаңқайының құрылысын аяқтап, іске қосу жоспарланды. Тізімге енген «Сельстрой» аумағында ауданы 15х20 метрлік алаңқай салынады, — деп Эдуард Оспанов тұрғындарды сендіре сөйледі.

Көп ұзамай газет көтерген мәселенің де оң шешімін табатынын жағымды жаңалық ретінде қабылдадық.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button