«ГАЛАКТИКА САҚШЫЛАРЫ» – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

Атырау қаласында «Chaplin» кинотеатрында «Болашақ» қауымдастығы мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен қазақ тіліне аударылған «Галактика сақшылары» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Фильмді тамашалауға С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернаты және отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілері мен демалыс лагерьлеріндегі аз қамтылған отбасы балалары шақырылды. Жалпы саны 140 адам туындыны көруге мүмкіндік алды.

Белгілі болғандай, Marvel студиясы ұсынған фильмді дубляж жасауға 20 актер қатысқан. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – жас маман Тимур Балымбетов. Басты кейіпкерлерді Гүлназ Әуесбаева (Гамора), Бауыржан Қаптағай (Грут), Тимур Пиязов (Питер Квилл), Ержан Жарылқасынов (Рокет), Руслан Сенкебаев (Дракс) және Бейбіт Камаранов (Ронан) сынды актерлерді  дыбыстады.

Көрсетілімге қатынасқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Ерболат Бектеміров әлемдік деңгейдегі фильмнің қазақша көрсетілуі ана тілінің мерейін арттырып,  балалардың да көңілін сергітіп, ерекше қиялға енулеріне септігі барын айтты.

– Елбасы өз сөзінде қазақ тілін білу  – еліміздің әр азаматының парызы екенін айтып келеді. Осыған орай  партия жанындағы «Жастар – Отанға!» жобасы аясында голливуд фильмдерін қазақ тілінде көрсету қолға алынды. Бұған дейін мұндай көрсетілімдер бірнеше рет ұйымдастырылды. Дубляж халықаралық сапалық стандартқа сай және Голливуд киностудиялар өкілдерінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылған. Ресми түрде Disney, MARVEL, Columbia Pictures және Sony Pictures студияларының Голливуд жобаларын қазақ тіліне дубляждау аккредиттелген алматылық «Синема Тон Продакшн» студиясында жасалынды. Айта кету керек, соңғы үш жылда голливуд фильмдері ішінде мұндай 9 фильм дубляждалды, – деді Е. Бектеміров. 

Фильмдегі әзілдер, кейіпкерлердің рөлін аша түсетін ұрымтал сөздер жоғары деңгейде аударылып, дыбысталған фильм көрерменнің көңілінен шығып, жоғары бағасын алды. Бас кейіпкердің қолына құпия артефакт түскенде ол ғаламшараралық орталықтың нысанына айналады. Содан артефактың күшін сезініп, әлемге қандай қауіп әкелерін пайымдайды. Ал, кішкентай көрермендер мұны қызыға қарады.

– Бұл туынды өте әсерлі әрі қызық болды. Алдағы уақытта да мұндай фильмдер қазақшаланып көрсетіліп тұрса, – деді біз тілдескен Жамбыл атындағы орта мектебінің оқушысы Аружан Қорғанғалиева.

Бүлдіршіндермен қатар, ересектер де мұндай тамаша қазақ тіліндегі фильм үшін ризашылықтарын білдірді.

Фильм Атырау қаласындағы «Арсенал 3D» және «Chaplin»кинотеатрларында тамыз айының 21-іне дейін көрсетілетін болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз