«ФАРИЗА, ФАРИЗАЖАН, ФАРИА ҚЫЗ!..»
Іңкәр сезімдер мен ізгіліктен мүсінделген осы бір тамаша кеш ақын рухына және сол аяулы ақынын аңсаған халқына үлкен де мейірбан жүректен ұсынылған тарту демеске де әддіміз жоқ. Фариза-жүрек жырлаған әмбе шырқаған, әмбе күй де тартқан, әмбе халқымен сырласқан бұл кеш құдды бір құйылып үндескен спектакль қойылымындай болып, өне бойы көрермен қауымды ынтықтырудан жазбады. Сахна төрінен ойлы жанарын қадаған Фариза болмысы, залды қалықтай кернеген Фариза рухы. Кеш басталып, сахна пердесі түріле бере-ақ тірі Фаризамен жолыққандай керемет күй кештік. Сахна төрін түгелге жуық қамтыған лэд экраннан ақын Фариза: «Ей, азамат, тыңда мені жүрекпен» деп қатқылдау қоңыр даусымен өлең оқып шыға келгенде көзіміздің оты жарқ етіп, ойымыз селт ете жөнелгені-ай.
Қадағаңның, Тұмағаңның өлеңдеріне жазылған танымал әндер өзінше бір бөлек дүние екенін білеміз. Ал, енді Фариза жырларынан туған әндер мүлде өзгеше әлем екенін бұрын аңғара бермеппіз-ау. Сыры, сипаты басқалау. Назы мен сазы ерекшелеу. Ән өрнегі жыр болмысынан тамыр тартқаны тайға таңба басқандай байқалып-ақ тұр. Ән арқауын Фариза жыры айқындаған. Оның өлеңдеріне белгілі композиторлардан Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев көбірек ән жазған екен. Сондай-ақ, Қайырлы Ислам, өнердегі сіңлілері Гүлнәр Шәмшиева мен Елена Әбдіхалықова, Болат Қохаманов пен Қалдыбек Құрманәлі, тағы басқа өнерпаздар да ақын жырларына тамаша әндер тудырған.
Осынау туындыларды аталмыш кеште әйгілі әншілеріміз Майра Мұхамедқызы, Роза Рымбаева, Гүлмира Ақүрпекова, Сүлеймен Ибрагимов, Жұбаныш Жексен, Гүлнұр Оразымбетова, Майра Ілиясова, Нұржамал Үсенбаева, шәкірттерімен Қарақат Әбілдина нақышына келтіре шырқап, ән кәусарынан сусындатты. «Қыз ғұмыр», «Әйел монологы», «Марусяжан», «Үш қара», «Өмір сен», т.б. тамаша әндер кешті одан әрі тамылжытты. Ал, енді Фаризаның ақындығына қоса әнші екенін қайдан біліппіз. Бір мезет Фариза Оңғарсынова мақпал қоңыр даусымен шырқай салған атақты «Подмосковные вечера» әні бейнетаспадан құйқылжи жөнелсін. Демімізді ішімізге тартып тыңдай қалыппыз. Бұның жөнін қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова айтты.
– 1994 жылы Фариза екеуіміз 10 күн бойы Қытайда бірге сапарлап жүрдік. Жолда ән айтамыз. Қайсы әнді айтсам да Фариза қосыла кетеді. Және даусы қандай! Содан келіп енді «Бұлбұлды» айтайықшы деп салды. Айттық. Өзім таңғалдым. «Фаризажан-ау, сенің ішіңде бір әнші өліп жатыр ғой», дедім. Ол «Сендердің нандарыңды тартып алмайын деп өлең жазып кеттім ғой» деп қалжыңдады. Фариза қазақтың ұлы қызы. Қазақ бар болса, Фариза да өлмейді, – деп түйді сөзін Бибігүл Ахметқызы.
Фариза әнші ғана емес, дәулескер домбырашы да екен. Міне, бір сәт оның оркестрмен қосыла тартқан күйін тыңдап, қуаныш толқындарында жөңкіліп бара жатқандаймыз. Осындай өнерпаз Фаризаға арнаған Ермұрат Үсеновтің жаңа «Ақжелкен» күйін күйші қызымыз Айгүл Үлкенбаева үлкен шабытпен жеткізді. Фаризаға арналған, Фаризаның өзі жақсы көрген өлеңін «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы жасын мінезбен жарқырата, осы кештің шашуы етіп шашты.
Енді бір орайда сахна төріне осы кештің ұйымдастырған демеушісі, Қазақ елінің өркендеуіне үлес қосып жүрген атпал азамат, Фариза апайдың тірлікте тынысы болған інісі, техника ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері, Әлемдік Бизнес элитасының мүшесі, Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласына еңбек сіңірген қайраткері, Алтын, темір және сирек кездесетін металдардың Лондон биржасында тіркелген компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Асаубаев мырза шақырылды. Қанат Шайханұлы осы кешті Фариза ақын көзі тірісінде өзі жоспарлап, бағдарламасының бүге-шігесіне дейін жасап кеткенінен хабардар етті. Бүгінгі кешке Лондон, Парижден, Швейцария, Түркия елдерінен де қонақтар қатысып отыр екен. Қанат Шайханұлының шақыруымен сахнаға көтерілген мәскеулік мейман, Ресей Федерациясының Шығармашылық академиясының президенті Георгий Гладышев осы академия тағайындаған Фариза Оңғарсынова атындағы медальді құжаттарымен қоса ақынның ұлдары Айбар және Алмасқа табыстады.
«Фариза! Фаризажан, Фариза қыз! Өмірде ақындардың бәрі жалғыз…» деп басталатын Мұқағали музасының дүниеге келгеніне де қырық жылға жуықтапты-ау. Әбиірбек Тінәлиевтің бұл өлеңге шығарған әні де көңілді шайқап, сезімді қозғайды. Өзара рухани сыйластықты, адами аңсарды, тілеулестікті арқау еткен бұл әнді өршіл де мақпал даусымен Мақпал Жүнісова шырқады.
Фариза жырларын кеш барысында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртістері айрықша шеберлікпен, күміс көмейдің сыңғырына бөлеп оқып тұрды. Абай мен Махамбетті пір тұтқан Фариза жыры жүректерді тербетті. Кешті ақынның өз даусымен, өр қалпымен оқылған «Қазақстан» өлеңі түйіндеді. Иә, Фаризаша толғасақ, «Қазақстан – мекені қайсарлардың… Қазақстан – жеңісті жаңа күндер…» Фаризаның өлмес жыры осы мәңгілік мұратқа кәміл сендіргендей. Поэзия құдіреті деген осы да.
Фариза кешінің ханшайымы Маруся Асаубаева және Фариза апайдың сіңлісі, Фариза Оңғарсынова атындағы қордың директоры Алмагүл Оңғарсынова поэзия падишасын сағынған, ылғи сағынып жүретін, мәңгі жүректерінде сақтайтын халқына бастарын иді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Суреттерді түсірген
Азамат ҚҰСАЙЫНОВ.
Алматы.