«Ет асамыз. Келіңіз!»
– ІШКЕ ТЕЗІРЕК КІРЕЙІК!
– ИӘ-ИӘ. ПИЦЦА ПІСКЕН БОЛАР…
СЫРТТАН ТОПЫРЛАЙ КІРГЕН БІР ТОП ЖАСПЕН БІРГЕ БІЗ ДЕ ТАБАЛДЫРЫҚТАН АТТАДЫҚ. ЖАЙЫЛҒАН ҚАМЫРДЫ ҚОЛЫМЕН ҰРШЫҚША ҮЙІРІП, АСПАНҒА ЛАҚТЫРЫП, ДЕМДЕ ҚАҒЫП АЛЫП, ОЖАУДАҒЫ ҚОСПАНЫ КӨЗ ІЛЕСПЕС ЖЫЛДАМДЫҚПЕН ЖАҒЫП, БАЛАЛАРДЫҢ АЛДЫНДА ҚҰДДЫ СИҚЫР КӨРСЕТКЕНДЕЙ АС ҮЙДІ ШЫР АЙНАЛҒАН БАС АСПАЗ ИІСІ БҰРҚЫРАҒАН ТАҒАМДЫ ПЕШТЕН ШЫҒАРЫП ЖАТТЫ. ИТАЛЬЯН ПИЦЦАСЫН ДАЙЫНДАҒАН УКРАИН ЖІГІТІНІҢ ДӘМДІ АСЫНА АСЫҚҚАНДАР АРАСЫНДА ТҮРЛІ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ КӨП ЕДІ. КӨПҰЛТТЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАТУ ТІРЛІКТІҢ БІР КӨРІНІСІ ОСЫ БОЛСА КЕРЕК-ТІ!
«Довира» украин этномәдени бірлестігі өткізген қайырымдылық акциясын ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында «Жасөспірімдер үйі» аталып кеткен мекемеге жексенбі күні арнайы келдік. «Әлем елдерінің асханасы» тақырыбындағы шеберлік сағатын қызыға тамашалағандардың қарасы көп. Шараға ұйытқы болған бірлестік жетекшісі Виктория Синицына да осы топ арасында.
– Мен өткізетін шараларымды жалпы жоспарлағаныммен, негізгі бағыттарын, кейбір ерекше тұстарын жұмыс барысында , осындай сәттерде туындаған ойларым арқылы толықтырамын. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын біз бұл мекеме жастарымен бірге украиндардың «Борщ» сорпасын пісірген едік. Сол кезде дастархан басындағы балалардың бірі «Өте дәмді болды. Енді пицца пісіріп үйренсек қой» деген ойын айтып қалды. Дереу осы айтылған ұсынысты қолдап, сол жерде сөз бердім. Бүгін уәдеме тұрып, балалармен тағы да бас қостық, — деді ол бізбен әңгімесінде.
Жасөспірімдер үйінің асханасындағы дәм думанның негізгі кейіпкері – бас аспаз Денис Олсуфьев. Украин жігітінің жары – қазақ қызы. Қаладағы мейрамханалардың бірінде қызмет ететін аспаз бірлестіктің осынау шарасын бірден қолдап, білгенімен бөлісті. Акцияға зор қызығушылықпен қатысқан жастар да шараның көмегі көп екенін айтады. «Біз бұл жерде ұзақ жылдар бойы тұрмайтынымыз белгілі. Кейін осы қабырғадан шыққанымызда тамақ пісіруді үйреніп кетсек дейміз. Бұрын да «Довира» ұйымдастырған акция кезінде вареники, борщ пісіруді үйрендік» дейді олар. «Довира» мен мекеме жастарын байланыстыратын бұдан да басқа себептер жетерлік. Мәселен, Виктория Синицына республикалық фотоконкурсқа ұсынылған туындыларға «Жасөспірімдер үйінің» бозбалабойжеткендері де түскенін айтады. «Біз бір-бірімізді жақсы танимыз, етене араласамыз. Жаңадан келгендерді шараларымызға қатысуға үнемі шақырамыз. Мәселен, жаңағы айтқан байқаудан біз бірінші орын алдық. Ал, таяуда әлеуметтік ролик түсірмекпіз. Тағы да жастарды күтемін. Яғни, біз ғана келмейміз, оларға да есігіміз ашық» деді бірлестік төрайымы.
«Довира» бірлестігінің құрамындағы бала саны 100-ден асады. Ал, шараларға үнемі қатысатын, бірлестікпен тығыз байланысатын 70 адам бар. «Мамандығым педагог болғандықтан, балалармен, жасөспірімдермен жұмыс жасауға көп көңіл бөлемін. Жақында «Спиваночка» вокалды тобын аштық. Егде жастағы әйел адамдардан құралған әншілер тобы да бар. «Хуторянкадағы» жастар көпшілікке кеңінен танымал» деді төрайым. Аталған өнер ұжымдарының репертуарында қазақша әндер де бар.
Осыған орай, этномәдени бірлестіктің нәтижелі жұмыстары қатарында жексенбілік мектепті де айрықша атауға болады. «Мұнда келушілерге қазақ тілінен сабақ өткізіледі. Оқу, сөйлеу, жазумен қатар, қазақша фольклорға да мән береміз, ән айтып, әдеби шығармалармен де танысамыз» деді Виктория Синицына.
«Бұл бірлестік біздің мекемемен, яғни, облыстық балалар ауылы және жасөспірімдер үйімен тығыз байланыста. Үнемі келіп, түрлі басқосулар өткізеді. Бүгінгі шараның демалыс күні ұйымдастырылуы дұрыс. Өйткені, жасөспірімдер бұл күні ешқайда бармайды. Сабақ, жұмыстан бос» дейді жасөспірімдер үйінің меңгерушісі Қалжан Ирматқалиева.
Қазір мекемеде 21 бала бар, олардың 13-і студент, қалғандары жұмыс жасайтындар. Жасөспірімдер үйі – 18 жас пен 23 жас аралығындағыларға арналған мекен. Бірақ, қазіргі таңда. Талғайраңдағы балалар ауылы қашық болғандықтан, 9 сыныпты тәмамдап, колледжге түскен жастар да осында келеді.
Түрлі бейімдеу орталықтары мен балалар үйі секілді әлеуметтік нысандардағыларға арналған қайырымдылық акциялары мен шараларды ай сайын ұйымдастыру довиралықтардың дәстүріне айналған. Дәл осы күні бірлестік «Қарттар үйінде» де концерт ұйымдастырып, Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қамкөңіл жандарға қуаныш сыйлады. «Ақ тілектерін жаудырып, көңілдері жадыраған қариялар бізбен бірге билеп, бірге ән салды. «Тропикана» мектеп-студиясының кішкентай өнерпаздары жасап, сыйға тартқан қолөнер бұйымдарына балаша қуанды. Мұндай басқосуларды Наурыз мерекесі, Алғыс айту, Жеңіс күні, Пасха секілді мерекелерде үнемі ұйымдастырамыз» деген Дарья Шилина – этномәдени бірлестіктің жастар қанатының төрайымы. Болашақ мұнай саласының маманы бірлестікке келгеніне 5 жылдан асқанын айтады. «Біздің достарымыздың қатары бүгінгідей шаралар арқылы көбейе түседі. «Довира» ұйымдастырған басқосулар нәтижесінде үнемі жаңа таныстар табамын. Ал, олардың ішінде бірнеше ұлт өкілі бар. Нағыз достық, қазақстандық бірлік деген осы емес пе?!» дейді Дарья жүзі балбұл жанып.
Талай ізгі істерге ұйытқы болып жүрген «Довира» қазір украин шығармашылығына арналған «Червона калина» дәстүрлі фестиваліне қызу дайындық жүргізуде. Ал, жыл соңында жаңажылдық сыйлықтар, концерттер өтетіні бұлжымас заңға айналғалы қашан!
Төрт түрлі пиццаның пісірілу жолын түсіндірген шеберлік сағаты да аяқталуға таяу. Кетуге жиналдым. «Жаңа ғана жастардың бірі «ендігі кезекте қазақша ет ассақ қалай болады?» дегенді айтты. Ендеше, менде жаңа идея пайда болды! Наурыз мерекесіне орай, ет асамыз! Келіңіз!» деді Виктория Синицына сөз соңында.
Гүлжан ӘМІРОВА