Жарнама
Қоғам

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕРЕК КҮН

 

Көптен көңіл бөлінбеген ауылдың ажары да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған-ды. Елбасын бұл жай да айрықша толғандырып, көкейдегі ойын ортаға салды.

— Қазір жағдай қиындау, — деді Нұрекең отырғандарды бір шолып өтіп, — бірақ, шарасын алып жатырмыз. Таяу уақытта тығырықтан да шығамыз. Өз қолымыз аузымызға жетеді. Сол қой үстіне бозторғай ұялайтын кез де келеді.

Әрине, сол кезде кейбіреулердің «оған дейін кім бар, кім жоқ» деп сарыуайымға салынғандары да бар. Бірақ, Елбасының бұдан жиырма жыл бұрын айтқандары тура келді. Ауызекі әңгімеде «әулиенің айтқаны, көріпкелдің айтқаны» деп жатамыз ғой. Не десек те, Нұрекеңнің сонау тәуелсіздіктің бастапқы жылдары келешекке сенім артып айтқаны қазір орындалды. Әрине, бүгінгі жетістіктер тектен-тек келген жоқ. Ол — толассыз төгілген маңдай тердің, ерен еңбектің жемісі.

Жасыратыны жоқ, сол жылдары қыста бүрсеңдеп, бір бөлмеге тығылушы едік қой. Отынға жарымадық. Көмір алатын ақша да жоқ. Қырдан қи жинап, тезек тердік. Ал, қазір ше? Барлық үйде маздап табиғи газ жанып тұр. Енелері ескі уақытын еске алса, келіндері оған сенбейді. Тіпті, таң қалады.

Бұрын шелектеп су тасыдық. Ганюшкин үлкен жолдың бойында орналасқан. Әрі-бері өткен көліктен басын шығарғандар – сырт елдің адамдары иінағашпен су тасып жүргендерді көргенде таң қалатын. Ал, қазір ше? Бәрінің үйінде су құбыры бар. Иінағашты мұражайға тапсыратын кез келді.

Қазір құм ортасындағы малшылар кешкілік үйінде болса, ертеңгілік аудан орталығында жүреді. Шаруасын бітірген соң көлігімен қай қажетін өтесе де, өз еркі емес пе? Қазір темір тұлпары жоқ үйді кездестіру мүмкін емес. Екінің бірі дала жолына ыңғайлы шетелдік көлікті мініп жүр. Бұл да – жақсы жағдай нәтижесі. Осы «Мақаш» кооперативінде 400 шамалы үй бар. Солардың бәрі көлікке ие. Көшелерде жарқырап тұрған шамдар ше? Қазір қала маңындағы әр елді мекен түнде де күндізгідей жарқырап тұр.

Міне, осының бәрі — Елбасының еңбегі. Бүгінгі қол жеткен жетістіктеріміздің барлығы — еліміздің тәуелсіздігінің жемісі.

Баршаның жадында болар, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әркім өзінің үлесіне тиген азын-аулақ малын талан-таражға салып алды емес пе? Ірі қарасын сатты, ұсақ малын таратты. Жасыратын несі бар, бір шөлмек араққа семіз қойын беріп жіберген кез болды ғой. Сөйтіп, байырғы мал баққан жандар алдындағы төрт түлігінен айырылған. Сонда ауыл шаруашылығы түзеледі деп кім ойлаған? Бірақ, жақсы күндер келді. Ел Елбасына сенді. Халқы да сол сенім биігінен көрінді.

  Жиырма жыл – тұтас ғасыр үшін қас қағым ғана сәт. Егер Елбасы енді осы өңірді араласа, онда жаңарған ауылды, өркендеген өлкені көрер еді.

Өзім туралы айтсам, байырғы шашырап кете жаздаған шаруаны жинақтап, «Мақаш» аталатын шаруашылық құрдық. Ісіміз оңға ұласты, сол 1995 жылы асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін кәсіпорынға айналдық. Содан 2000 жылы «Еділбай асыл тұқымды зауыты» атағын иелендік. Міне, қазір де шаруашылық ұжымы Елбасы  тапсырмаларын абыроймен орындап келеді.  Бір ғана мысал келтірсек, мақаштықтар «Қараөткел» жәрмеңкесінде топ жарды. Сонда аталық қойдың салмағының өзі 130 келіден артып, алтын медаль иеленді. Міне, осының өзі – ел тәуелсіздігінің жемісі.

Елбасы кәсіпкерлікке кең өріс ашты. Бұрын өз ісін бастағандарды кім болса сол тексеретін еді. Содан қысылып жүретінбіз. Жұмыс жүрмейтін. Енді еркіндік берілді. Бизнес иелері осындай еркіндік нәтижесінде өрелі табыстарға жетуде. «Отандық өндірісті дамыту» бастамасы негізгі ұранымызға айналды.

Мемлекет басшысы малды асылдандыруға үлкен маңыз беруде. Ол Елбасы бастаған азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруға да қатысты. Халықты әрі сапалы, әрі арзан жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету қажет.

…Міне, Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бағыт-бағдар беруімен еліміздің шалғайдағы қазақы ауылдарында да тұрмыс жақсарып, өндіріс қанатын кеңге жая түсуде.  Елін жанындай сүйген Елбасының қашанда халқыма болсын деген ерен еңбегі ұлықтауға әбден лайық. Осындай Көшбасшы ерін елі де шексіз сүйеді.

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button