ЕСТЕН КЕТПЕЙТІН КҮН
Шалғайдағы аудан халқын ақпаратпен құлақтандырып отырған басылымның басынан өткерген бұл жағдайды бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Газет біраз үзілістен соң өз жұмысын қайта жалғастырған кезде мен осы редакцияға жұмысқа орналастым. Бұл 1977 жылдың тамыз айы еді. Осы жылы Новобогат ауданында қалпына келтіру, ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатты. Кезек аудандық газетті шығару мәселесіне жеткен кезде осы редакцияда жұмыс істеуге ынта білдірген журналистер ауданға арнайы қабылдауға шақырылдық.
Ол уақытта ұжымның арнайы үйі жоқ, бұрынғы №89 жол құрылысы басқармасының кеңсесінен бір бөлме алып, сол жерге орналастырды. Жиырма жыл үзілістен соң білікті кадр мәселесі де қиын болды. Нағыз кәсіби мамандар болмай, газет жұмысына жақын деген жергілікті жастар жұмысқа тартылып, газеттің алғашқы санын шығаруға дайындала бастады. Мен редактордың орынбасары болсам, газеттің жауапты хатшылығына О.Исабаев, бөлім меңгерушісі болып С.Ғұбайдуллина, Т.Маштахов, тілшілік жұмысқа М.Өтеғалиев, Ж.Әбішев орналасып, фототілші болып С.Бәбиев қызметке алынды. Сөйтіп, шағын ұжым пайда болып, редакция қызметкерлері материалдар қорын жинақтау үшін шаруашылықтар мен мекемелерге іссапарларға шыға бастады.
Бастапқыда қай-қайсымызда да баспана болмады. Соған қарамастан редакция жігіттері газетті дер кезінде және мазмұнды шығаруға бар күш-жігерлері мен шеберліктерін жұмсап, еңбек көрігін қыздырды. Аудан басшылығы редакция ұжымын қабылдап, аудан жаңадан құрылып жатқандығын, әп дегенде қиындықтар кезігетінін, басшылық тарапынан тілшілерге көмек болатынын айтып жұмысты алып кетуімізге қолдау танытты. Бұрын аудандық партия комитетінің аппаратында бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен Қуандық Батыров газетке редактор болып бекітілгеннен кейін тілшілерді қызметке бағыттау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешумен тікелей айналыса бастады.
Редакция қызметкерлері үшін ерекше қуанышты күн 1977 жылдың бірінші қазаны болатын. Бұл күн әлі де есімізден кетер емес. «Нарын таңы» газетінің 20 жыл үзілістен кейін алғашқы саны шығып, оның тұсауын кесуге ауданның басшылары қатысып, газет жұмысына сәттілік тілеп жатты. Сөйтіп, аудан үнқағазының қайта шығуы Нарын өңірінің жұртшылығы үшін аса қуанышты күн болды. Ерекше айта кетерлік жайт, сол кезде жергілікті тілшілер мен авторлар газет жұмысына белсенді қатысып, оның мазмұнды шығарылуына және тақырып ауқымының кеңейе түсуіне зор үлес қосты. Әсіресе, Жанбай селосынан С.Қыдыралин, чапаевтық Б.Нығметов, С.Мұханбетов, новобогаттық Ж.Абдолов және өзгелердің де ауыл өмірінен жазған қысқа хабарлары мен суреттеме, очерктері газетте үзбей жарияланып тұратын.
Осылайша аудан айнасы өз оқырмандарымен тұрақты жүздесіп отыратын белді басылымға айналды.
Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.