
Ескі жиһазға екінші өмір сыйлаған…
Гүлнұрмен бұрыннан таныспын. Оның он саусағынан өнер тамған шебер екенін кейін әлеуметтік желі арқылы білдім. Оның реставрациялық жұмыстары бір қарағанда жиһаздарды жөндеу ғана емес, олардың тарихымен сырласудай көрінді. Ол әр жиһаздың өткенінен белгі қалдырып, оған жаңа өмір сыйлайды. Оның жұмыстарының басты ерекшелігі – әрбір объектінің бойында өзіне тән ескі дүниенің ерекше нақыштарын сақтай отырып, заманауи стильмен үйлестіруі. Гүлнұр бұл ісін жүрек қалауымен, үлкен махаббатпен атқаратынын байқауға болады.

Гүлнұр Нұрғалиева – өз қолымен ескі жиһаздарға жаңа өмір сыйлап жүрген шебер ару. Бұл кәсіп қазір сән мен стильді біріктіре отырып, экологиялық жауапкершілікті арттырып, тарихты, өткен уақыт іздерін сақтап қалатынымен ерекше.

Ұзақ жыл шетелдік компанияда еңбек еткен Гүлнұр Нұрғалиеваның мамандығы заңгер. Осыдан 7 жыл бұрын өзінің жүрегі қалайтын сүйікті ісі жиһазды қалпына келтіруге бет бұрады.
– Шағын шеберханамда ескі заттарға жаңа өмір сыйлап жүргеніме біраз болыпты. Түс пен матаны таңдаудан бастап, түрлі идеяларды жүзеге асыруға дейін жеке қадағалаймын.
Ағашпен жұмыс істеу жаныма жақын іс. Қатты және фанерадан жасалған жиһаздарға көрік беріп, әдемілегенді жақсы көремін. Бұл қызықты процесс, оның тарихын, ерекшелігін сақтауға ұмтыламын. Әрине, заманауи және ерекше стильмен тапсырыс берушілердің анасынан, әжесінен қалған мұрасын сақтауларына мүмкіндік беремін.
Бос уақытымда маған жолдасым көмектеседі. Мен кез-келген антиквариат ұзақ жылдар сақталғанын қалаймын. Олардың материалы сапалы, қазір ондай жиһазды табу оңай емес. Тапқанның өзінде бағасы аспандап тұр. Екінің бірінің қалтасы көтермейді, — дейді ол бізбен әңгімесінде.
Шебер жаңартылған жиһаздардың функционалдығын да ескере отырып, оны заманауи қажеттіліктерге сәйкес келетіндей етіп қайта жасайды. Ол әрбір жұмысқа ерекше шығармашылықпен қарайды, әрбір жиһаздың тарихын сақтап, оны қазіргі заман талабына сай қайта жаңғыртуды мақсат етеді.
Гүлнұрдың бұл салаға келуі кездейсоқтық емес. Жастайынан ағашпен жұмыс істегенді ұнатады екен. Жылдар өтсе де бұл кәсіпке деген қызығушылық жүрегінің түбінде ұлғаймаса, өшпеген. Оның айтуынша, ескі жиһазды қайта жаңғырту – ол физикалық жұмыс ғана емес, оның жан-дүниесіне тыныштық әкелетін ерекше процесс. Ол ол ма, шебер музыкалық аспаптарды да өңдеп, реставрациялап жүр. Ата-анасының үйіндегі қоңыр түсті фортепиано түрлі этаптан кейін әппақ өнер туындысына айналғанын фейсбуктегі парақшасынан көріп, көзайым болғанымыз бар. Оның айтуынша, жұмыс барысында дыбысын сақтауға аса мән берген, сондықтан асқан ұқыптылық пен шыдам қажет болғанға ұқсайды.
– Әрбір реставрациялауға кіріскен жұмысымда оны жаңартумен ғана шектелмеймін. Ол мен үшін ескі жиһаздың тарихын түсініп, қазіргі өмірмен байланыстыру деген сөз, — дейді кейіпкеріміз.
Тағы бір қасиеті, Гүлнұр шебер өз жұмыстарында табиғи материалдарды пайдаланып, жаңарту процесінде тек экологиялық таза әдістерді қолданады екен.

Жаңарып, ерекше құбылған туындыларға қарап отырып, нәзікжанды жанның осынша шебер, осынша күшті қасиетіне таңғаласың. Әр ағашты жонып, аршып, ердің қолынан келер істі бір өзінің атқарып отырғанына қызығасың да. Әрбір үстел, орындық немесе шкаф өзінің ерекшелігімен көз тартады. Оның реставрациялық жұмыстарында классикалық стильдер мен заманауи элементтер тамаша үйлесім тапқан. Ол өз жұмысында халықтық нақыштар мен сәндік өнерді біріктіру арқылы жаңа трендтерді қалыптастырады.

Гүлнұрдың ең үлкен мақсаты – бұл кәсібін одан әрі дамыту, жиһаз реставрациясын жеке кәсіп ретінде ғана емес, шығармашылық студияға айналдыру. Ол жастарды осы бағытта оқытып, қолөнерді дамытуға өз үлесін қосуға ниетті.
– Әр орындықтың өзіндік тарихы, өзіндік энергиясы мен мінезі бар. Мен өзімнің жанымды салған жұмыстарымның нәтижесін көргенше асығамын. Бірде ескі классикалық үлгідегі креслоны жаңа гобеленмен қаптап, иесіне көрсеткенімде оның ерекше қуанғаны есімде. Мата әдемі ғана емес, сонымен қатар берік, қатты ағаштан жасалған антикварлық дүниені тамаша толықтырды.
Қызметтерім біреуге қымбат болып көрінеді, бірақ мен өз жұмысымның құндылығын білемін. Уақытпен санаспай жұмыс істеймін, тәжірибемді әр детальға назар аударамын. Мұны түсінетін және бағалайтын клиенттер әрқашан болады. Сапа арзан болуы мүмкін емес, — деп ойымен бөлісті ол.
Расында сол жылдардағы жиһаз өзінің өзіндік эстетикасын сақтап қана қоймай, сонымен бірге қаптаманы ауыстыру, ағаш бөлшектерін қалпына келтіру арқылы екінші өмірге ие болады. Ал қалпына келтірілгеннен кейін ол заманауи интерьерді де, Винтаж стиліндегі бөлмелерді де безендіре алады.
Ол үйді жабдықтаған кезде жаңа жиһаз сатып алғаннан гөрі, ескі, өзіндік тарихы бар дүниені жаңартып, жаңа өмір сыйлауға кеңес береді. Оның айтуынша, бұл – қаражат үнемдеудің ең жақсы тәсілі.

Қалпына келтіру – бұл жиһазды жаңарту ғана емес, бұл күрделі және ауыр процесс. Әр кезең – бөлшектеу, ақауларды жою, құрылымды қалпына келтіру, материалдарды таңдау – уақытты, білім мен шеберлікті қажет етеді.

Әңгіме барысында 8 наурызда алған ең қымбат сыйлығы туралы сұраған едім. Кейіпкерім жылы жымиып, JET станогы екенін жеткізді. Гауһар тасты әшекейлер туралы жауап күткен біз, әрине оған таңғалдық.
– Өзге арулар Картье мен Булгари сияқты брендтарды күтетін болар, жолдасым мені көптен күткен Jet машинасымен қуантты. Бұл – қалпына келтірушінің (рестовратор) бақыты. Ол машина ағашты тегістейді, бетіндегі кедір-бұдырлары мен қисықтарын жояды. Тақталардың дәл геометриясы мен біркелкі қалыңдығы сақталады, ең бастысы – үнемделген уақыт мен энергияны айтсаңызшы!-деп ерекше қуанышын жасырмады.
Гүлнұр Нұрғалиева жиһаз реставрациясын өнер ретінде қабылдайды. Оның әр жұмысы – өткен мен қазіргі заманның үйлесімін табуы. Ол жиһаздардың құндылығын түсініп, оларды сақтай отырып, заманауи стильдермен үйлестіреді. Оның еңбегі сонысымен құнды, сонысымен бағалы.
Рита ӨТЕУҒАЛИ