ЕСКІ ВОКЗАЛ ҒИМАРАТЫ
Ұлы Отан соғысына Атырау облысынан (бұрынғы Гурьев) өз еркімен 42509 адам, оның ішінде Атырау қаласынан 11302 адам майданға аттанды. Олардың 13267-сі шаңырағына қайта оралмапты.
Әлібек ҚАЙЫРОВ, Қазақстанның құрметті журналисі:
— Ол күнде қазіргідей жолаушы да көп емес еді. Бар-жоғы төрт-бес вагон болатын. Атырау-Орынбор теміржол бөлімшесіне қазіргі Ақтөбе, Қандыағаш, Мақат, Атырау бағыты қараған. 1965 жылы өзім осы теміржолмен Алматыға оқуға аттандым. Сол кезде оқуға, жұмыс жасауға жастардың бәрі осы вокзалдан аттанатын еді. Сондықтан, бұл ғимарат көптеген көнекөз қариялардың есінде. Өйткені, теміржол ғимараты олардың жастық шағын еске түсіреді.
Әліпқали БЕКЕШОВ, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Вокзал ғимараты қабырғаларының қалыңдығы – 1,5 метрдей. Өте сапалы салынған. Бірақ, көлемі жағынан үлкен емес. Кезінде жолаушылар залы, асханасы, билет сатылатын орны шағын болатын. 1955-1958 жылдары мұнай техникумының екінші курсында оқып жүріп, әскерге осы теміржол вокзалынан аттандым. Атырау-Орынбор теміржолы арқылы Ташкентке сегіз тәулік дегенде әрең жеткенбіз. Барған бойда жолдың азабынан шаршап, ауырып, госпитальға түстім.
Теміржол 1971 жылға дейін жұмыс жасаған. Кейін автовокзалға айналды. Бүгінгі таңда бұл ғимаратта шетелдік компаниялардың арнайы маман киімдерін сататын дүкені орналасқан.
Дайындаған:
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
P.S. Құрметті оқырмандар, Сіздердің де осындай тарихи орындар жайында зерттеу немесе көнекөздерден естіген әңгімелеріңіз болса, редакциямызға хабарласыңыздар. Біздің электронды поштамыз: atyrau_gazeti@mail.ru