«Атырау облысының тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу және сақтау мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті
18 сәуір – тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғаудың халықаралық күні.
Атаулы күнге орай өңірдің тарихшы-өлкетанушылары «дөңгелек үстелде» бас қосты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов модераторлық еткен шарада өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, оны зерттеу және сақтау мәселелері талқыланды.
– Еліміздің тарихи-мәдени мұрасының ең құнды жәдігерлері тарихи ескерткіштер десек, өткен тарих қойнауынан сыр шертетін олар бүгінгі ұрпаққа көп мағлұмат беретіні сөзсіз. Сондықтан оны қорғау, мұраға қалдыру – бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Иә, біздің өңірде де әлемді таңғалдыратын небір тарихи орындар мен ескерткіштер бар екені белгілі. Соның бірегейі Хан ордалы Сарайшықтың ұлт тарихында алар орны ерекше. Ал, мұражай қорығында туристерге «Сапар орталығы» қызмет ететін болады, — деген басшы аталмыш орталықтың таяу күндері пайдалануға берілетінін жеткізді.
Содан кейін облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев саладағы зерттеу жұмыстарына тоқталды.
–Атап айтқанда, былтыр Мақат ауданының аумағында кешенді этно-археологиялық зерттеу экспедициясы барысында 33 ескерткіш табылды. Сарайшық қалашығы мен Қызылқоға ауданындағы Тасқара қорғанына қазба жұмыстары жүргізілді, — деп түсіндірген Толыбай Бисенбайұлы бұл жұмыстар биыл да жалғасатынын айтты.
Мамандардың айтуынша, табылған жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылған. Өйткені, музей – ел тарихы, ұлттық мәдениеттің өткені мен бүгінгісі тоғысатын алтын көпір. Себебі, оның экспозициясында орналасқан әрбір мұраның астында сол жеке мұра тарихы ғана емес, оған байланысты кез-келген халықтың жүріп өткен ізі мен қоғамның тарихы жатыр.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология бөлімінің меңгерушісі Айдос Қалшабаев археологиялық қазба жұмыстары туралы әңгімеледі.
–Расында, қазба кезінде табылған құнды жәдігерлер – тарихтың куәсі. Бүгінде Миялы қорымынан табылған жәдігерлерге түрлі мамандар тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі осы атқарылған жұмыстарымен қоса, алға қойған жоспарларында ел мәдениетінің одан әрі өркен жаюына септігі тиетін көптеген игі шараларды атқармақ, — деп нақтылады археолог-маман.
Шара қатысушылары Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының 30 жылдығына орай шығарылған кітап-альбоммен танысты. Кітапта мекеменің құрылған күнінен бастап бүгінге дейінгі тарихы, атқарған қызметі туралы ақпараттар мен фотосуреттер көрініс тапқан.
Ғылыми басқосуда ғасырлар тереңінен сыр тартқан өлке тарихының мәртебесін көтеру жолында қажырлы қызмет етіп жүрген тарихшы-археологтар марапатталды.
–Атырау өлкесінің ғасырлар бойы қалыптасқан баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын зерттеу саласында қосқан еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін, — деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов бір топ төл мереке иелеріне Алғыс хат табыстады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ