Жарнама
Қоғам

ЕСЕПТЕГІШ ОРНАТҚАННЫҢ ЕСЕСІ КЕТПЕЙДІ

Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, айтылып отырған көп пәтерлі тұрғын үйлерге орнатылатын жалпыүйлік жылу есептегіштер де тұтастай алғанда сол үйлердің ортақ меншігі және де ол тұтынылатын жылу энергиясын үнемдеп, ұқыпты әрі ысырапсыз пайдаланудың бірден-бір жолы болып табылады.

Осы тұрғыда соңғы жылдары республикамызда арнайы бағдарламалар қабылданып, жоспарланған жұмыстарды қаржыландыру мақсатында жаңа құрылымдар өмірге келуде. Осылайша, 2012 жылдың шілде айында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамы құрылды. Қазіргі уақытта аталмыш қордың жарғылық капиталын ұлғайтып, межеленген іс-шаралардың қаражатпен қамтылуын ретке келтіру үшін республикалық бюджеттен қайтарымды негізде 8 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміз бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпыүйлік жылуесептегіш құрылғылармен қамтылу көрсеткіші 21 пайызды ғана құрайды. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда мұның өзі әнебір жоғары көрсеткіш еместігі анық. Ал, жоғарыда келтірілген қомақты қаражат осы деңгейді көтеріп, осыған дейін қабылданған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында  басталған ауқымды жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жылуесептегіштердің тиімділігін дәлелдей отырып, тұрғындардың нақты тұтынылған, яғни пәтерлерін жылытуға берілген жылу энергиясы үшін ақы төлеп, орынсыз шығынды болдырмауға кепілдік беретіндігіне көзін жеткізу.

Сейсенбіде облыс әкімдігінде ҚР Өңірлік даму министрлігі мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы басқосу да негізінен осы тақырыпқа арналды. Оны облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіне қойылған осынау маңызды мәселеге орай облысымызда да бірқатар шаралар белгіленіп, іске асырылуда. Алдымен, Атырау қаласы бойынша жылуесептегіш құралдарын орнату қажеттілігі бар 384 көп пәтерлі тұрғын үй анықталған. Осы мезгілге дейін осылардың 142-іне (соның ішінде 74-і-мекемелердің, 24-і-пәтер иелерінің, 14-і мердігер мекемелердің өз қаражаты есебінен және 30-ы 2011-2012 жылдары жүргізілген жаңғырту бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған) жылуесептегіштер орнатылған. Ағымдағы жылы тағы да 14 көп пәтерлі үйді осындай құрылғымен қамту жоспарланған. Мұның сыртында, жоғарыда аталып кеткен республикалық қор арқылы қаржыландырылып, жылуесептегіш құралымен бірінші кезекте қамтылатын 100 үйдің тізімі түсіріліп, өтінімдері тапсырылып қойылған.

Осыларды тілге тиек еткен Ақылбек Қалдыбайұлы одан әрі нақты мысалдарды да келтіре кетті. Мәселен, тұрғын алаңы 31,2 шаршы метрді құрайтын пәтер иесі жылуесептегіш құралынсыз пайдаланған жылу энергиясы үшін бір жылу беру маусымында 23109 теңге төлесе, есептегішті орнатқаннан кейін 8207 теңге төлейтін болды. Сөйтіп, 14901 теңгені үнемдеді. Сол сияқты, екі бөлмелі пәтерден 20748 және үш бөлмеліден 26683 теңгеге дейін үнемдеуге болатындығына көз жеткізді. Осы жерде, мұндай айырмашылықтардың орын алуына сараланған тарифтердің қолданылуы да әсерін тигізгендігін айтуымыз керек.

Салалық басқарма басшысынан соң сөз алған Өңірлік даму министрлігі коммуналдық шаруашылық комитетінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі басқармасының бас сарапшысы Алекжан Молдыбаев бұдан былай көп пәтерлі үйлерге арналған жылуесептегіш құралдарының қаржылық лизинг механизмі бойынша қамтамасыз етілетіндігіне тоқталды. Осыған байланысты құрылғыны жеткізуші, жылуды таратып беруші және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ өкілінің қатысуымен үшжақты келісім-шарт жасалады. Содан кейін тұрғын үйлерді жылумен жабдықтаушы кәсіпорын немесе мекеменің тапсырысы бойынша, техникалық тұрғыдан дайын, шартта атап көрсетілген барлық талаптарға сай келетін тұрғын үйлерге жылуесептегіштер орнатылады. Ең маңыздысы, ұсынылған үйлердің тізімінде ескіріп, тозығы жеткендері немесе апатты жағдайда тұрғандары болмауы тиіс.

Және бір мәлім болғаны, есептегіштердің ақысы жеткізіп берушілерге республикалық қор арқылы төленеді. Ал, берілген қаржының қайтарылуын қамтамасыз ету міндеті жылуды таратушы ұйымға жүктеледі. Өз кезегінде, әрбір аймақтағы немесе қаладағы жылумен жабдықтаушы мекеме төрт жыл бойына тұрғындардың немесе пәтер иелерінің коммуналдық қызмет төлемақылары түбіртегіне жылуесептегішті орнату мен пайдалану шығындары үшін төлейтін сомаларын (жалпы үй мен әрбір пәтердің ауданына қарай) қоса беріп отырады. Нәтижесінде, бөлінген бюджет  қаражаты біртіндеп мемлекеттік қорға кері қайтарылады. Одан әрі бұл қаржы жылуесептегіштерді орнату бойынша жоспарланған жұмыстарды жалғастыруға, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласындағы басқа да инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Басқосуға арқау болған әңгімені «Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Дархан Қырғабақов толықтырды. Оның айтуынша, жылуды есепке алу құралдарын жеткізу және орнату үшін алынатын төлемдермен есептесу келісім-шарт талаптары негізінде жүзеге асырылады. Есептегіштерді монтаждаумен мердігерлік ұйымдар немесе табиғи монополия субъектілері болып табылатын кәсіпорындар айналысады. Құрылғы орнатылғаннан кейін табиғи монополия субъектісі жеткізушімен бірге атқарылған жұмысты қабылдау-тапсыру актісіне қол қояды және оны республикалық қорға жібереді. Содан кейін жабдықты өзінің балансына сату үшін оны тауар ретінде (аммортизациялық шығындарынсыз) қабылдап алады. Келесі кезекте монополист мекеме кондоминиум объектісін басқару органымен арада есептегіш құралының сақталуына жауапкершілік шартын бекітеді. Ресімделген акт бойынша есептегіш құралды жеткізіп берушіге жабдықтың құнынан қалған сома төленеді. Оған жалғаса кепілдік қызмет көрсету құнымен де есептесіледі. Шартта көрсетілгеніндей, табиғи монополия субъектісі төрт жылдың ішінде (одан бұрынырақ та болуы ықтимал) қаржылай лизинг (несие) жүйесі бойынша алынып, қондырылған қондырғының құнымен толықтай есеп айырысады. Тек содан кейін барып қана жылуды есепке алу құралы жалпыүйлік меншік нысаны ретінде тіркеледі. Бұл жұмысқа бірден-бір қатысты құрылым «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының президенті Мұхамбетқали Қалиев те алдыңғы әріптестерінің айтқандарын қостап, ортақ шаруаны бірлесіп орындауға мүдделі екендігін танытты. Қалай дегенде де, жылуесептегіш құралын орнату өзінің тиімділігі мен үнемділігін іс жүзінде дәлелдеп, өміршеңдігін көрсетіп те үлгерген игілікті іс, сәтті бастама. Оны тұрғындардың өздері де мойындап, жасалынған жақсылыққа ризашылықтарын білдіруде.

«Жақсыны-көрмекке» дегендей, аймақ әкімдігіндегі алқалы жиыннан шыққан республикалық ведомоство мен қордың өкілдері, салалық басқарма мен құрылымдар басшылары Атырау қаласының Авангард-3 мөлтекауданындағы осыған дейін жылуесептегіш құралдары орнатылған және алдағы уақытта қондырылуы жоспарланған көппәтерлі тұрғын  үйлерді аралап қайтты. Байқағанымыздай, осындағы «Ануар-Авангард» пәтер иелері кооперативінің қарамағында 19 көпқабатты үй бар екен. Соның жетеуі қазірдің өзінде есептегіштің игілігін көріп отырса, тағы да жетеуіне жақында орнатылмақшы. Ал, қалған бесеуі келесі жылдың кезегіне қойылған болып шықты. Кооператив төрайымы Людмила Шароварова, біз тілдескен №40 және 76 үйдің тұрғындары Өсила Ізтелеуова мен Баян Өтешева да жалпыүйлік жылуесептегіш құралдың пайдасы шаш-етектен екендігін ашық айтты. Біріншіден, ол нақты тұтынылған жылу энергиясы үшін ғана ақы төлеуге жол ашса, екіншіден қаражатыңды үнемдеп, ысырапшыл болмауға үйретеді. Оның үстіне, күннің райына, ауаның температуралық ауытқуына қарай жылудың берілуін реттеп отыруға (азайтып немесе көбейтіп) да қолайлы көрінеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button