ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МҮФТИІ: «ИМАНДЫЛЫҚ НЕГІЗІ – ІЗГІЛІКТЕ»
– Қадамыңыз құтты екен, екі жылға жетер-жетпес уақытта көптеген игілікті істі жүзеге асырып үлгердіңіз. Оның ішіндегі ең айтулысы, мүфтиятты Астанаға көшіріп, тәуекел еткеніңіз. Ислам және еліміздің тарихындағы сандаған қалың көштің шерлі шежіресі де көпке мәшһүр. Жөні бөлек көш – Сіздің көш. Ниет-мақсатыңызды өзіңізден асып кім айтар?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтау бүкіл әлемді жаратқан Алла тағалаға және оның елшісі Мұхаммедке сәлемдер мен салауаттар болсын. Сөз жоқ, Астана – күллі қазақ баласының, еліміздің еңселі Елордасы. Діни басқарманың Астанаға көшуі – тарихи оқиға. Бұл бастама жұмысымызға жаңа серпін береді. Діни салаға тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік туып отыр. Елорда – географиялық тұрғыдан да тиімді. Орталық аймақтан барлық облыстардағы өкіл-имамдардың жұмысын қадағалап, бағыт-бағдар беріп отыруға ыңғайлы қала.
– Өткен жылды «Дін мен дәстүр жылы» деп бастап, жақсы идея көтердіңіз. Аллаға шүкір, жоба зор қолдауға ие болып, жарқын көрініс тапты. «Дін мен дәстүр жылы» аясындағы атқарылған, басталған жобаларды қорытындылайтын да уақыт келгендей. Осы жыл мен жоба нені ұқтырды? Нені ұттырды, Һәм не берді?
– Қазақ халқы өзіндік таңдауы, тарихы бар, салт-дәстүрге аса бай халық. Өткеннен қалған көптеген ұлы, игі-ізгі құндылықтарға иеміз. Бұл қасиеттер біздің қандай халық екенімізге нақты кепіл бола алады. Елдің өміршең үміті қандай тиянақтарға негізделсе, болашағымыз да сондай болады. Дін мен дәстүр бастамасы осы тұрғыдан келгенде өте маңызды. Мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, дүниеде өзгермейтін ештеңе жоқ. Бірақ, өзгеріске түсе отырып, елдің тұтастығын құрайтын тіндер, арқаулар болады. Ол – біздің дініміз исламмен бірігіп, астасып кеткен салт-дәстүрлеріміз. Міне, осы қалың көпшіліктің рухын баурап алған шариғи негіздегі дәстүріміз өмір салтымызға айналуы қажет.
Тағы бір айта кетер мәселе: Діни басқармаға келген сәтте мен діни қауым, яғни имам-молдалар мен зиялы қауымның, жалпы жұрттың арасындағы алшақтықты байқадым. Имамдар өзіне таныс, үйреншікті уағыздарды айтса, көп жағдайда мұны халқымыз түсінбей жатады. Әрине, пайғамбарлар, сахабалар өмірі баршаға өнеге. Алайда, бізге жақыны – қазақтың би-шешендері, ақын-жазушылары, олардың жыр-дастандары. Олардың да өмірі мен шығармашылығынан алар ғибрат мол. Дін мен дәстүр жылы аясында имамдарымыз өнегелі өлеңдерді, тағылымды толғауларды уағыздарына арқау етіп, мақал-мәтелдермен сөйлей бастады. Осыдан кейін зиялы қауым өкілдері дін өкілдерінің сөзіне ден қойып, екі тараптың ойлары бір арнаға тоғыса бастады. Сондықтан, «Бұл идея не берді?» деген сөзге келгенде, біріншіден, дін мен дәстүр халық пен имамдардың арасында алтын көпір болды деп айта аламыз.
Екіншіден, тарихи мешіттер жайлы, оны салдырған қазақ тұлғалары туралы зерттеулер жасалып, фильмдер түсірілу қолға алынды. Мұсылман қауымының мейрамдары, мәселен, Ораза, Құрбан айт, Мәуліт мерекелері ұлттық нақышта тойлана бастады. Мереке күндері мешіт ауласында киіз үйлер тігіліп, асық ойнатылды, арқан тартылды, тағысын тағылар. Бұл – барша халықты біріктіре білген көпшілік шараға айналды.
– Қазір халал өнімдерді стандарттау бөлімі нендей істер атқаруда? Бұл бөлімнің атқарар шаруалары жайлы толыққанды тоқталып кетсеңіз.
– Халал өнімдерді стандарттау саласы бойынша 250 имам сертификат алып шықты. Олар бұл сала бойынша, Алматыдағы Ислам институтында білімдерін жетілдірді. Бұдан былай, халал өнімдерді стандарттауға имамдар да атсалысатын болады. Өндірілген өнімдердің қаншалықты сапалы, қаншалықты шариғат талаптарына сай келетінін анықтайтын боламыз. Мәселен, шұжық шығаратын халал сертификаты бар цехтарды онлайн жүйесінде камералармен бақылау немесе сол өңірдің имамы өндіріс ошағына жауап беретін болады. Сонымен қатар, Діни басқарма жанынан арнайы зертхана ашуды жоспарлап отырмыз. Біз қазір халал стандарттау жүйесінің барлық механизмдерін қарастырып, жүйелеудеміз. Соңғы уақытта кәсібін жүргізу үшін халал сөзін жамылу жиілеп кетті. Халал сөзі – кәсіптің көзі емес. Біз бұған асқан жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
– Сіздіңше, иманды қоғам құру үшін не істеу керек?
– Иманды қоғам құру үшін ізгі амалдар жасалуы қажет. Қазір біз жастар арасында уағыз айтқанда осыған мән беріп жатырмыз. Діндар болып кету міндет емес. Иманды мұғалім сабағын дұрыс жүргізсе, иманды дәрігер адамдарға жаны ашып, денсаулығын түзесе, иманды басшы қарамағындағы қызметкерлерге әділдік жасаса, иманды құрылысшы шынайы жұмыс істесе, міне, сонда ғана біздің елдің игілігі үшін қызмет ететін жастар көбейеді.
Студенттермен кездесулерімде оларға жиі айтамын: жақсы отбасы құруың, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуің, терең білім алып, халыққа қызмет етуің, бойдағы жаман мінезден арылуың – жақсы мұсылман болғаның. Алла жолындағы күрес дегеніміз осы. «Жақсы адам кім?» деген сауалға пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», — деп жауап берген. Демек, әркім Алланың өзіне берген қабілеті мен қарымын елдің игілігі, халықтың бірлігі мен дамуы жолында жұмсағаны жөн. Бұл – Аллаға деген ризашылық пен шүкірліктің белгісі, көрінісі.
Сұхбаттасқан
Күлпара ЖҰМАҒАЛИ.