ЕРТЕГІМЕН ЕСЕЙГЕН ЕЛ ЕРТЕҢІ…
Алғашқы кезеңі жергілікті жерлерде, аудандарда өткен бұл конкурстың ерекшелігі көп. Онда ертегіні басты тәрбие құралына айналдыру көзделген. Сондықтан да, өз ұрпағына ертегі айтатын жас аналар осы шараға көптеп жиналыпты. Соның ішінде іріктелген үміткерлер ғана облыс көлемінде өтетін додаға қатысуға жолдама алған.
Келіндер сынын Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи ашты. Ол көрермендерді құттықтай отырып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұндай шара республика бойынша бірінші рет тек біздің Ақ Жайық өлкесінде өтіп жатыр екен. Шарада аудандар мен Атырау қаласындағы мекемелерден 10 талапкер бақ сынады. Басты шарты өз отбасы мүшелерімен, ұл-қызымен сахнаға шыққан әрбір жас ана өзінің ең сүйікті ертегісін айтады.
Байқаудың шымылдығын ашқан Жылыой аудандық саз мектебінің мұғалімі Нұргүл Жұмағалиева сахна төріне шыққан кезде жиналған көпшілік те қолпаштап, қолдау көрсетті. Қазақ келініне тән ибамен төрге көрпеше төсеп, жайғасқан Нұргүл «Жазғы достық» ертегісін бастап кетті. Мультимедиялық көрініс, қуыршақ театрының элементтері қолданылды. Жылыойлық келін өзінің тамаша әнші екенін де байқатты. Көрермендерді өзіне баурап алды.
Индерлік Жолдыбаева Әйгерімнің кішкене қызына айтқан «Тапқыр қоян» ертегісі де көпшілікті елең еткізді. Қуыршақ театры элементтерін сәтті қолданған ол өзінің әртістік қабілетін де байқатты. Қайын сіңлісіне ат қойып, салт пен дәстүрді берік ұстанатынын да танытты.
Ұлына «Толағай» ертегісін айту арқылы жас ұрпақты Отанды сүюге, патриотизмге баулу мәселелерін көтерген құрманғазылық Рабина Батуева тілінің шешендігімен, әңгімені шебер жалғай білетіндігімен көзге түсті. Ал, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен келген Бибігүл Шайхиева «Бауырсақ» ертегісімен балаларды баурады. Ертегі кейіпкерлерін рөлге сай киіндіріп, сахналық қойылым дайындағаны да айрықша болды.
Атырау мұнай өңдеу зауытының намысын қорғаған Нұргүл Қонысова «Алтын қайық» ертегісін айтты. Жыр түрінде жазылған ертегі өзіміздің өлке тарихынан сыр шертеді. Сарайшықтағы Шекер көлі, ондағы аққуларды айта отырып, мультимедиялық сурет ұсынды. Онда Жайық өзені, ескі Сарайшықтың бүгінгі көрінісі де қамтылған. Өзіміздің туған жеріміздің шежіресін жас өркен құлағына құйып өсіру – қасиетті парыз. «Алтын қайық» ертегісін тыңдай отырып, осыны сезіндік.
Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат тапсырылды. Үшінші орынды Жылыой ауданынан келген Нұргүл Жұмағалиева иеленді. Екінші орынға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті атынан қатысқан Бибігүл Шайхиева ие болды. Ал, бірінші орынды индерлік Әйгерім Жолдыбаева қанжығаға байлады.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.