ЕРТЕҢІМІЗ ЖАРҚЫН БОЛУЫ ҮШІН
Мен өзім тұңғыш Президентімізді Атырауға келген кезекті бір сапарында көрдім. Исатай-Махамбет алаңы, айнала құжынаған халық. Бәрімізге жақын келіп, амандасып, қолдарымызды қысты. Осынау тарихи сәт менің көз алдымда ұзаққа сақталып қалды. Мен ол кісіге сүйсіне қарап, елім деп, туған халқым деп соққан жұдырықтай жүрегіне, жатпай-тұрмай тілейтін ақ тілегіне риза болдым. «Шіркін, не деген азамат, не деген басшы!» дедім. Қазақстанына өз тәуелсіздігін алып бергеннен кейін оның жарғақ құлағы жастыққа тимей келеді. Қайтсем осы елді гүлдендіремін, қайтсем бұл халықты биіктерге шығарамын деп тілейді. Шүкір, туған халқы оның соңынан ілесіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына қаншама Жолдау арнады, қаншама бағдарлама мен идеялар ұсынды – осының барлығы да болашақтың ашық та жарқын болуы үшін жасалып жатқан қадамдар.
Сондықтан да, мен Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысын толық қолдаймын. Елі мен жерінің, жасы мен жасамысының ертеңін ойлайтын жұрттың осы ұсынысты бірауыздан қолдайтындарына толық сенемін. Себебі, біз Елбасымен біргеміз, Елбасы бізбен бірге!
Қарап отырсам, осы қиын да қызықты өнер жолында келе жатқаныма елу бес жыл болған екен. Осы уақыт аралығында басымыздан қаншама қиындық өтті. Жас болдым, келін атандым, ана болдым, жесір қалдым… Сонда да ертеңімнен үмітімді үзбедім. Жасымның ұлғайғанына қарамастан әлі күнге сахнада келемін. Мені іздеп келетін көрермендерім мені «Супер келін», «Қыздар-ай», «Нұр жауған ғұмырдан» көріп, риза болысады. Олардың осы пейілін көрген сайын мен де ондаған жылға жасара түскендеймін.
Халқымызда «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады» деген сөз бар. Сол себепті елдегі тыныштыққа, татулық пен ауызбірлікке қанағат сезіммен қаралық. Халық қанағатшыл болса, ел де тыныш болады. Сындарлы да сарабдал саясат иесі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Ел Президенті етіп мерзімінен бұрын қайта сайлау жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қолдаймын.
Әдемі ДІЛХАНОВА,
Қарақалпақстанның халық әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері,
«Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері.