ЕРЛІКТІҢ ШЫРАҚШЫСЫ
Ескенеде туып, Құлсарыда ержеткен, Атыраудан ұстаздық білім алған жас өзінің дәріс алған алтын ұясы – Абай орта мектебінде алғашқы еңбек жолын бастаған. Бір жылдан соң ол аудандық білім бөліміне қызметке ауысты.
Ғалекеңді Кең Жылыойы ғана емес, бүкіл Ақтөбе халқы құрмет тұтады. Ол 60-шы жылдардың аяғында зайыбының денсаулығындағы кінәратқа орай климат ауыстырып, Ақтөбе жеріне қоныс аударған-ды. Мұнда да абыройсыз болмады. Директор ретінде жағдайы қиын мектептерді аяғынан тұрғызды, қатарға қосты. 1975 жылы Кеңес Одағының Батыры Ә. Молдағұлова атындағы кеңшардың партия ұйымына басшылық жасады.
Бұл қызметті де абыроймен атқара білген ағамыздың өзіне жүктелген қызметтік міндетін орындап қана қоймай, Шығыстың қос шынарының бірі, батыр Әлияның рухы мен ерлігін ұлықтап, сол мақсатта тыным таппай жүргені де көпшілікті сүйсінтетін. Құр дәріптеумен шектелмей, қаһарман қыздың республикадағы тұңғыш мұражайын аяулы жары Пәриза жеңгемізбен бірге құрғандығын ерлікке пара-пар іс дер ек.
Осылайша, күллі қазақтың маңдайына біткен, алты алаштың мақтанына айналған Әлия атының жадымызда, санамызда сақталып, оның өміріне қатысты деректердің, басқа да баға жетпес құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне өлшеусіз үлесін қосқанын кейінгі жас буын түгіл кейбір замандас, іні-қарындастары біле бермеуі мүмкін. Сондықтан, ол кісіні қалай айтып, қанша дәріптесек те, артықтық етпес деп есептеймін. Өйткені, ол дәл осылай өскелең ұрпақтың ұлтжандылық, отаншылдық рухында тәрбиеленіп, жетілуіне септесті. Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын жасақтап, бұрынғыны қайта жаңғыртуға, ерліктің ұмытылмай, елдің есінде қалуына, жаңа да жарқын беттердің жазылуына атсалысты.
Ғалекеңді батыр қыз оқыған, ел азаттығы үшін шайқасқан елді мекендердің қазіргі тұрғындары мен Әлия есімін қастерлеуші ресейліктердің ерекше құрмет тұтуы атап айтуға тұрарлық. Мұның сыртында, Ғалымжан ағаның халқымыздың батыр атанған екінші бір қаһарман қызы Мәншүк Мәметоваға да осындай құрмет көрсетіп, осы мақсатта «Қос шынар» атты қоғамдық қорын құруы да оның азаматтық тұлғасын одан сайын асқақтата түскен ізгілікті іс, игілікті қадам-ды.
Тұтастай алғанда, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы атаулы датамен айдарланған ұлт тарихының әрқайсысы алтынға бергісіз парағының көзінің қарашығындай сақталуына атсалысты. Осы жолда тынымсыз еңбектеніп, тер төгіп келе жатқан бірегейлердің бірі де осы біздің Ғалымжан ағамыз екенін мақтанышпен айтсақ жарасқандай.
Еңбегінің еленіп, орнымен бағаланғаны да – ел-жұрты үшін зор мерей, үлкен қуаныш. Ағамыз Ақтөбе облысы бойынша «2003 жылдың адамы» атанса, Қазақстан Республикасының «Шапағат», Республика Тәуелсіздігінің және Ата заңның 10 жылдықтарына арналған мерекелік медальдарымен марапатталды, Әлия батырдың кіндік қаны тамған өңірдің, соның есімімен аталатын ауданның «Құрметті азаматы» атағын иеленді. Одан бөлек, Ғалекеңнің әрбір мерейлі жасы облыстық деңгейде атап өтіліп келеді. Ақтөбеліктердің оны «Ерліктің шырақшысы» деп атауын ағаға деген ерекше сый-құрметтің, риясыз ризашылықтың нышаны деп ұғындық.
Сонымен қатар, ағамыздың «Әлия-ғұмыр: ерлік пен өнеге», «Аңызға айналған арулар» сияқты жеті кітап пен кинофильмге бергісіз үш бағалы бейнетуындының авторы екенін де мерейтой сәтінде айта кеткенді жөн көрдік.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
тарихшы-өлкетанушы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
Атырау қаласы.