ЕРЛІКТІ ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙМЫЗ

Майдангерлер қатары бүгінде біртіндеп сиреп келеді. Қазір Атырау қаласында олардың 53-і ғана қалыпты. Жергілікті атқарушы билік оларды барынша қамқорлап та жатыр. Сондай шаралардың бірі Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті.

Атырау қалалық әкімдігі және «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен шарада шаһар басшысының орынбасары Гүлмира Шәкіровасоғыс ардагерлеріне жүрекжарды лебізін білдіре отырып: «Ұлы Отан соғысы – біздің тарихымыздың ең маңызды тұсы. Ол жылдарда біз ұмытпауға тиісті естеліктер бар. Ендігі уақытта тәуелсіздігімізді қастерлеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыру – парызымыз. Жеңісті бір табан жақындатқан ардагерлердің дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз», – деді.

Одан әрі «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова сөз сөйлеп, ардагерлерді атаулы күнмен құттықтады.

Рысты Нұрғалиқызы жеңіс солдаттарына аталған компания атынан дайындалған ақшалай сый мен гүл шоқтарын табыс етті. Осы тұста айта кету керек, демеуші тарапынан дайындалған мұндай марапат денсаулығына байланысты үйде отырған ардагерлерге де ұсынылған.

Мерекелік дастархан басында қарттар емен-жарқын әңгіме айтып, мектепке дейінгі білім ошақтары бүлдіршіндерінің дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Сондай-ақ, Анна Захарова жетекшілік ететін соғыс және еңбек ардагерлерінен құралған «Фронтовичка» ансамблінің орындауында әндер айтылды.

Ардагерлер өткенге шегініс жасап, майдан даласындағы ерлік істерінен ой бөлісті. Сұрапылды өз көзімен көрген, Отан үшін жанын шүберекке түйіп, жастық шағын қан майданда өткізген Бағыт Қуанышев майдан естеліктерін ортаға салды. Ұлы Жеңістің қиындықпен келгендігін айтты. Тыл ардагерлері соғыс кезіндегі қайсар еңбектері туралы әңгімеледі.

Шара барысында мерекелік кешті ұйымдастыруға қолдау жасаған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Махамбет Досмұхамбетовке Атырау қаласы әкімі атынан Алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, бұған дейін өткен шараларға қолдау көрсеткен Атырау аграрлы-техникалық колледжінің директоры Болат Қожиев та Алғыс хатпен  марапатталды.

Біздің аймақ Ұлы Отан соғысы кезінде келешек ұрпағы үшін жанын берген батырларымен мақтанады. Жеңістің 70 жылдығы алдында батырларымыздың есімі әр айға орайластырылған. Қазан айында А.Афанасьев айлығы өтіп жатса, қараша айы Қ.Смағұловтың ерлік істеріне арналады. Алдағы күндері Атырау облысынан бір топ делегация Қ.Смағұловтың жауды азат етуге қатысқан Керчь қаласына аттанбақ. Бұл жайларды мәлімдеген облыстық ардагелер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Керчь қаласына іссапарға демеушілік танытқан «Ембімұнайгаз» АҚ-на алғыс білдірді.

Осылайша, Кеңес Одағының Батыры Александр Афанасьев айлығын қорытындылаған бұл шара ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз