ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық хатшылығы, ұлттық мәдени орталықтар және жастардың қатысуымен өткен шарада соғыстан оралмаған боздақтар еске алынды.
Христиан бауырлар жерленген зират басында орналасқан тақтада соғыс жылдары ауыр жарақат алып, көз жұмған 118 жауынгердің есімі жазылған. Бұл ескерткіш Атырау мұнай өңдеу зауытының демеушілігімен Жеңістің 60 жылдығына орай қайта жөндеуден өткен еді. «Мұнда Ресей мен Еуропада жерленген жауынгерлердің ұрпақтары да арнайы келіп, ата-баба рухына зиярат етеді. Бүгінгі бейбіт өмір бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол тым көп құрбандықты қажет етті. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ осыны жете ұғынуы тиіс» деп атап өтті шараға қатысқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова.
Бұл пікірді Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Захарова да қоштап, соғыс жылдары Гурьев госпиталына түскен жауынгерлердің жағдайы өте ауыр болғанын, олардың Отан үшін күрескен батырлар екенін жеткізді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.