Жарнама
Қоғам

ЕРЛІК ЕШҚАШАН ЕСКІРМЕЙДІ

 Батырдың  анасы  Пелогия  Афанасьеваның  естелігінен:

«Менің ұлым Александр Никифорович 1914 жылы балықшы жанұясында дүниеге келді. Жолдасым Никифор Павлович қарапайым балықшы болды, сонымен қатар, балаларына өте қамқоршы әке, ал, маған сүйікті жар бола білді. Бірақ, 1919 жылы ол мезгілсіз дүниеден өтті. Сөйтіп, мен төрт баламен жалғыз қалдым. Ол уақыт өте ауыр кезең еді. Қиындықтарға қарамастан балаларымды әкесіндей шыншыл және еңбекқор етіп тәрбиелеуге тырыстым. Ол кезде үкіметтен маған ешқандай көмек көрсетілген жоқ, біз тұрған ауылда мектеп те болған жоқ, сондықтан да, менің үлкен екі балам Зина мен Виктор білім ала алмады. Бірақ, қанша қиындық көрсе де, менің балаларым бір-біріне қамқор, бауырмал болып өсті. Ұлым Саша өте пысық, әрі алғыр бала болатын. Әсіресе, өзінің кішкентай қарындасы Тосиге қамқоршы бола білді. Саша өз достарымен де өте тату болып, қиын кездерде қолұшын беріп көмектесуге дайын тұратын. Үйде жасаған тентектігі үшін қанша сазайын тартса да, достарымен егіс алқабына шығып ойынын жалғастыратын. Ол мектеп қабырғасында оқып жүрген жылдарында ауылымызда ең алғашқы пионерлер отряды құрыла бастады. Сашаның өмірдегі ең бақытты сәті – оның мойнына қызыл галстукты байлаған күні еді.

1930 жылы біздің ауылда ұйымдастыру жұмыстары басталып, «Қызыл Каспий» колхозы құрылды. Менің жанұям осы колхозға алғашқылардың бірі болып мүшелікке өтті. Саша осы колхоздың балықшысы болды. Колхоз Сашаны 16 жасқа толғанда Гурьев (Атырау) қаласына оқуға жіберді (ФЗО). Біздің қуанышымызда шек болмады. Онда үш жыл оқып, Александр электр жөндеуші мамандығын алып шықты. Саша ауылды жаппай электрлендіру жұмысына белсенділікпен қатысты, нақтырақ айтсақ, екпінді еңбек етті. Жастық шағында ауылдың мәдениет үйінде де белсенділікпен үлкен жұмыстар атқарды, яғни, драмалық үйірме мүшесі болып, үрмелі аспаптар оркестрінде ойнады. 1933 жылы Саша Орал облысының Жымпиты ауылында 1913 жылы дүниеге келген Анна Александровна Дезорцова атты бойжеткенге үйленді. Оның жұбайының мамандығы есеп жүргізуші болды.

Екі жыл бірге тұрғаннан кейін олар Гурьев (Атырау) қаласына қоныс аударды. Онда Александр «Заготконтора» мекемесіне кеңесші болып жұмыс жасады. Одан кейін Қарағанды қаласына көшіп кетіп, онда да осындай қызметтер атқарды. Ал, 1939 жылы ол еңбек демалысын алып, туған ауылына анасы мен бауырларын көру үшін келді. 1940 жылы Александр Гурьев (Атырау) қаласына қайтадан көшіп келіп, сол бұрынғы саласы бойынша жұмысын жалғастыра берді. 1942 жылы Сашаны әскер қатарына шақырды, сол кездегі қиын-қыстау кезеңдерде ол Отанын қорғау үшін майданға аттанды.

Өзінің соңғы хатында ұлым «… мен Отанымды қорғау үшін тапсырмалар алдым және ол тапсырмаларды коммунист ретінде орындауға міндеттімін. Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанамын анашым…» деп жазған болатын. Бұл ұлымның ең соңғы жазған хаты еді. Бұдан кейін одан еш хабар алған жоқпын. 1943 жылдың қазанында Отанын қорғау жолында қаза болғандығы туралы бір-ақ білдім. Хабарламада «Гвардия сержанты Афанасьев Александр Никифорович 1943 жылдың 11 қазанында қаза тапты. Киев облысы, Ржишенский районы, Балыка селосындағы бауырластар зиратына жерленді» деп жазылған еді. Бұл мен үшін үлкен, орны толмас қайғы болғанымен, менің басқа да балаларым болғандықтан, әрі оларға керек екенімді сезіп, қайғыға, қиындыққа берілмеуге тырыстым. Мен бір нәрсені анық білемін, Саша қысқа ғұмырында әрқашанда шыншыл, еңбекқор болды, өзінің өмірін халқының тыныштығы, бақыты, Отаны үшін қиды.

Мен барлық аналарға адал, Отанына және халқына шын берілген патриот ұл тәрбиелеп өсіруді тілеймін. Ешкім де, ешқашан да соғыстың не екенін білмесін деп тілеймін».

Анасы Афанасьева Пелогия.

Құрманғазы ауданы, Ганюшкино

ауылының Гагарин көшесі, 26 үй».

Біздің әр күніміз – тарих, әр күніміз – ерлік шежіресі. Сол тарихты жасаған батырдың анасы баласының өмірдегі қуанышын, ренішін қағаз бетіне түсіру арқылы оның ерлік жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі етуді ойласа керек. Осы хатты біз Кеңес Одағының Батыры Александр Афанасьевтің туғанына 100 жыл толу қарсаңында жариялап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. «Ерлік ешқашан ескірмейді» деген осы.

Жанат ЖЕТПІСБАЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button