ЕРЛЕР ЕСІМІ – ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, қан майданнан елге аман оралған жиырма бес майдангер халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, өсірді. Ауыл жастарын отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуге үлестерін қосты.
Бүгінде бақилық болған соғыс ардагерлерінің есімдерін кейінгі ұрпақтар жадында есте қалдыру мақсатында Кеңөзек ауылдық округі әкімінің 2015 жылғы 14 желтоқсандағы №226 шешімімен ауылдағы № 4, 5-ші,7-ші, 8-ші деп аталатын он екі ауыл көшесі бұдан былай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерімен аталатын болды. Жаңа көшелерге Сабыр Ержанов, Төремұрат Сағынаев, Омар Төлешев, Елжан Өтеев, Есенжан Мұсағалиев, Бағыт Дәрібаев және басқалардың есімдері беріліп отыр.
Осыған орай, жақында ауылдық округ әкімдігі байырғы майдангерлердің ұрпақтарын, туыстары мен ауылдастарын жинап, тағылымы мол тәрбиелік шара ұйымдастырды. Басқосуды Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Ғарыпжан Әбішев сөз сөйлеп ашып, бүгінгі рәсімнің жас жеткіншектерді тәрбиелеудегі мән-маңызына тоқталды.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.