Жарнама
Қоғам

Еріктілік –  еріккеннің ермегі емес

Волонтер болу – жүрек таңдауы. Шынайы ниеттің көрінісі. Осындай сауапты іспен айналысу – уақытты текке өткізу емес, тұлғалық дамуға құйылған ең қымбат инвестиция болса керек. Бұл туралы өзі подполковник, өзі ерікті Эльмира Ғұмаровамен сұхбатта кеңінен айтылады.

– Біз сізді ерікті ретінде жақсы танимыз. Қандай да бір қайырымдылық істердің басы-қасынан көріп жүреміз. Негізі сіз үлкен шенді арулардың бірісіз ғой?

– Иә, мен 2007 жылдан бері төтенше жағдайлар саласында қызметтемін. Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінде еңбек етемін, азаматтық қорғау подполковнигімін.

– Еріктілікке қалай келдіңіз? Екінің бірі волонтер болып жүрген жоқ па?

– Сұрағыңыз орынды. Көп адам еріктілікті еріккеннің ермегі деп түсінеді. Білесіз бе, Рита, мені еріктілер арасында жастардың көптігі қуантады. Бұл өскелең ұрпақтың әлемді өзгертуге және олардың игі істерге үн қосуға ұмтылатынын көрсетеді. Жастар үшін бұл жаңа дағдылар мен дағдыларды алу мүмкіндігі. Мысалы, тілдерді үйрету, хореография, музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бағытындағы шараларға жиі ерікті болып баратын танысым балаларға көмектесу арқылы өзіне де көмектесетінін айтады.

Менің ойымша, бұл еріктіліктің арқасында адам шынымен өзгереді. Еріктілік адамдармен қарым-қатынас жасауға, аналитикалық, шығармашылық қабілеттерін, тәртібін, жанжалды жағдайларды шешу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, «Қызыл жарты ай» еріктілері құрамында жүріп, алғашқы көмек көрсетуді үйрендім.

Мен үшін волонтерлік – жүрегімнің қалауы, жанымның рақаты. Бала кезімдегі «көмекке зәру адамдарға көмектессем» деген арманым есейе келе «қоғамға пайдалы адам болсам» деген мақсатқа ұласты. Бірақ, мен адамдарға көмектесу үшін міндетті түрде дәулетті болу керек деп ойлайтынмын. Қайырымдылық қорларының жұмысымен таныса келе керегі қаражат емес, жүректегі ниет пен  мейірім екенін түсіндім. Сөйтіп  2018 жылы жүрек қалауыммен саналы түрде еріктілер қатарына қосылдым.

– Қызметіңізге әсер етпейді ме? Мұндай қайырымды істерге уақытты қайдан табасыз?

– Әрине, мен мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін волонтерлік жұмыстың қызметіме кері әсерін тигізбеуіне аса мән беремін. Қайырымдылық шараларымен жұмыстан тыс уақытта айналысамын. 

Адам негізі шын қалаған, жақсы көрген ісіне уақыт табады. Мен қызметіме де, еріктілікке де жұмыс ретінде емес, сүйікті ісім ретінде қараймын. Жалпы, ол жердегі еріктілердің барлығының да негізгі қызметтері бар, кейбірі отбасылы, балалы-шағалы жандар. Көпбалалылар да бар арамызда. Соған қарамастан жүректері қалаған іске уақыт тауып жүр.

– Неліктен адамдар ерікті болып, игі істер жасайды?

– Біреу мұны міндет сезімінен жасайды. Сондай-ақ, жанашырлық, соның ішінде аяушылық сезімі болуы мүмкін. Адамдардың жақсы істер жасауының тағы бір себебі – адамның өз қауіпсіздігін сезінгісі келетіндігімен байланысты. Біз мұны пандемия кезінен білеміз. Бір жағынан, волонтерлік кез-келген құбылыстарға немесе катаклизмдерге қарсы тұру тәсілі болады. Жастар еріктіліктен қарым-қатынас, өзара таныс, орта құру мүмкіндіктерін табады. Ал, корпоративтік волонтерлік – бұл кәсіби сәйкестіктің көрінісі және әлеуметтік лифт. Соның нәтижесінде адамдардың мансап құрған мысалдары бар.

Жалпы, еріктілік – бұл өзін-өзі жүзеге асыруға арналған кеңістік. Ол сізге жаңа салада өзіңізді сынап көруге мүмкіндік береді.

– Ересек адамды волонтерлікке қалай тартуға болады?

– Мұнда жас мәселесі жоқ. Бұл – әмбебап тәжірибе, онда әркім өзіне қызмет бағыттарын таба алады. Кез-келген тәжірибе сияқты, жүйелілікті қажет етеді. Біреуді шынайы оқиға, біреуді сандар мен статистика қызықтырады. Біреу интернеттегі жарнаманы көреді, бұл оның жанына әсер етеді. Волонтерлік ұйымдарының жәрмеңкелері, еріктілер бірлестіктері мен қайырымдылық қорларының сайттары бар. Еріктілік ерікті іс болып табылады.

– Сіз қазір «Жүректен – жүрекке» қорының тобындасыз. Тек Атырауда ғана емес, өзге өңірлерде де филиалдарыңыз бар секілді?

– Атырау өңірінде жастардан құралған ұйымдардың бірегейі – «Жүректен –жүрекке» қоғамдық қоры еріктілер тобы ретінде 2013 жылдан бастап өз жұмыстарын қайырымдылық істермен бастаған болатын. Кейін жастардың рухани игі істерге деген құлшынысын байқап, тек Атырау өңірімен ғана шектеліп қалмай, еліміздің өзге өңірлеріндегі жастармен байланыс орнатады. Осылайша, Қазақстанның 10-нан астам қаласында филиалдары ашылды. 2015 жылы қоғамдық қор болып заңды тіркеліп, әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асыра бастады. Облыстық жастар саясаты басқармасымен бірлесіп көптеген ауқымды іс-шараларды атқарып, көптеген жобаларды ұйымдастыруға бастамашы болуда.

– Бір емес, бірнеше жобаларыңыз бар екен ғой…

– Иә, «Сәбиге өмір сыйла», «Күлкі терапиясы», «Кітап сыйла», «Жан жылуы», «Менің батырым – донор», «Мектепке жол» акциялары қоғамдық қордың іргелі жобалары жүзеге асырылды. 10 жылдан астам уақыт қайырымдылыққа айтулы үлес қосып келе жатқан «Жүректен – жүрекке» қоғамдық қоры осы қаңтар айынан бастап «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен іске асырылатын волонтерлікті дамыту бағытындағы «TENIZ JUREGI»  жобасын іске қосты. Жоба мақсаты «Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлері арасында волонтерлікті дамыту және әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асырумен қатар жергілікті қауымдастықты жандандыру болып отыр.

– Экспаттар ерікті болуға қалай қарайды?

– Қоғамның еріктілерге деген көзқарасы жақсы, пікірі оң.  Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беру арқылы тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Шетелде ерікті болу таңғаларлық іс емес. Екінің бірі жақсылық істеуге дайын тұрады. Өйткені, жақсылық істеу қиын емес. Компания қызметкерлері көптеген волонтерлік бастамаларға ерікті түрде қатысады. Жоба аясында бұл қызмет нақты жоспарлармен жүйеленген. Осы ретте ұйымдастырушылар корпоративті мәдениет деңгейін көтеруге ниеттеніп отыр.

Аталған жоба бірқатар жобаларды жүзеге асыру үшін екі мекеменің серіктестігіне бағытталған қайырымдылық, мәдениет және ағарту ісі, әлеуметтік мекемелерге көмек көрсету, экологиялық және табиғатты қорғау жұмыстары, жануарларды қорғау және т.б. 9 саланы қамтиды. Барлық шараларға компания қызметкерлері бастамашы, ерікті, ментор ретінде қатыса алады.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button