ЕРІК ҚҰРМАНҒАЛИЕВ ТУРАЛЫ КІТАП-АЛЬБОМ ШЫҚТЫ

Әншінің портреті
ашылған...

Ерік Құрманғалиев – Қазақтың Кең Жылыой деген өлкесінде дүниеге келіп, ғажайып даусымен төрткүл дүниеге танылған, әлемдік музыка тарихында аты қалған, сирек дауысқа ие қазақ әншісі, Қазақстанның Халық әртісі.

Музыка тану әлемінің Н.Л.Дорлиак, Александр Лаертский, Дмитрий Бертман, тағы да басқа белгілі өнер қайраткерлері «Дәл Еріктей ән салатын контратенор жоқ. Еріктің дауысы өте жоғары, жұмсақ дауыс. Оның дыбысында өн бойыңды сиқырлап, баурап алатын бір құдірет бар. Мұның сыры – табиғат берген ерекше дауысында, талантында» деп баға берген еді.

 Ерік – қазақтың маңдайына сыймай кеткен әнші. Елден көп қолдау көре алмаған талант. Көп болмаса да, концерттерге келіп, әндерін шырқап жүрді. Ол фонограммаға сеніп алған эстрада әншісі емес қой. Көбінесе шет  елде гастрольде жүрді. Мен оны шет елде гастрольде жүргенімде көрдім. Талантын өте жоғары бағаладым. Мені де апалап,  сыйлап тұратын. Өте қарапайым, биязы, мәдениеті жоғары адам болатын. Өзгелермен қалай сөйлесетінін білмеймін, менімен сөйлескенде дауысын төмендетіп, ақырын сөйлейтін. Мені құрметтегені болар деп ойлаймын. Бірге киноға да түстік. Әлем мойындаған әйгілі әншінің елеусіз қалғаны жанға батады. Өйткені, ол санадан тез ұмытылып қалатын көп жұлдыздың бірі емес қой!

Биыл 2014 жылы 31 желтоқсанда Ерік Құрманғалиевтың туғанына 55 жыл толады екен. Ерік туралы материалдар жазып, жариялап, жоқтаушысы боп жүрген ақын Маржан сіңліме «газет-журналдағы жариялаған дүниелерің бір басқа, Ерік туралы кітап шығарғаның дұрыс» деп айтқан едім. Сонымен, Ерік Құрманғалиев туралы кітап-альбом жарыққа шығып отыр.

Фотосуреттермен көркемделген бұл кітап-альбомда Еріктің отбасы, ата-анасы, туған жері, өскен ортасы, өнердегі жетістіктері мен өмірдегі сәтсіздіктері шынайы баяндалған. Нағыз таланттардың өмірі жеңіл болмайды. Әлем танитын Ерік Құрманғалиев атану да – оған оңайлықпен келген жоқ. Кітапта әйгілі әншінің портреті ашылған деуге болады.

 Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
 КСРО және ҚР Халық әртісі,
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Ері. 
Маржан ЕРШУ,
ақын,
филология  ғылымдарының  кандидаты:
«Жаны –
далалық  әнші…»

Маржан, кітап-альбом құтты болсын! Оқырмандарымызға Ерік Құрманғалиевтың туған топырағы, өскен ортасы туралы  толығырақ айта кетсең?

– Ерік Құрманғалиев 1959 жылы 31 желтоқсанда Атырау облысының Жылыой ауданында, Құлсары қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәлім Құрманғалиұлы Құрманғалиев – хирург, анасы – Меруерт Зинешқызы Сауықова – бала дәрігері. Олар Алматы медициналық институтын тәмамдағаннан кейін жолдамамен Құлсары аудандық ауруханасына жұмысқа келген. Сәлім мен Меруерттің үш ұлы болды: Серік, Ерік, Берік. Құрманғалиевтар отбасы Құлсарыда көп уақыт тұрмаған. Ерік Құлсарыда туды, бірақ Атырау қаласындағы №17 (бұрынғы Киров атындағы) мектепте оқыған. Жазғы каникул кездерінде Махамбет ауданы орталығында тұратын нағашы ата-әжесіне қонаққа барып тұрған. Еріктің нағашы атасы Зинеш Сауықов ел ішінде беделді адам болыпты.  Махамбет  ауданында  колхоз,  совхоз басқарған. Соғысқа қатысқан майдангер. Ерік кішкентайында қой бағып, қоңырау тағып, сиыр бағып, сидаң қағып, түйе бағып, түйме таққан малсақ бала болмаған. Әйтсе де, қаймағы бұзылмаған ауыл тірлігі оны қызықтырды. Қазақ тілінде жетік сөйлеуіне әсер етті. Әлемге әйгілі әнші Құлсары топырағында өмірге келгендіктен, ол – құлсарылық. Ерік Құрманғалиевтың өзі де сұхбаттарында Құлсарыда туғанын, туған жерін мақтан тұтатынын айтқан.

 Ерік Құрманғалиевтың ата-бабалары Ақтөбе облысының Мұғаджар ауданы аймағын қоныс еткен. Әлімнің Шекті деген тарауынан тарайды. Шектіден – Назар – Кенегес – Танас – Жаманша – Боранқұл – Құрманғали – Сәлім – Ерік тарайды. «Талант сүйекке бітеді» дейді халық даналығы. Еріктің ата-бабалары сөзге шешен, би адамдар болған екен. Құрманғалиевтар әулетінің қан туыстығы жағынан тіл білімі саласындағы тұңғыш қазақ профессоры, түркітанушы-ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбанов, қазақ жерінде тұңғыш рет оркестр құрып, дирижерлік еткен белгілі композитор, академик, музыка зерттеушісі Ахмет Қуанұлы Жұбановтармен жақын туыстығы бар. Еріктің кәрі нағашы жұрты әйгілі Жұбановтар әулеті болып келеді.

Әйгілі әншінің өнер жолы қалай басталған?

– Ерік Подольск хореография училищесінде бір жарым жыл оқиды. Бір күні Еріктің салған әнін естіген бір ұстазы қайран қалады. Ол ұстазы – әлемдік музыка саласында үлкен беделі бар әйгілі музыка маманы, еврей ұлтынан шыққан профессор әйел Н.Л.Дорлиактың шәкірті екен. Сол ұстазы: «Мұнда ғажап дауысты қазақ баласы оқып жүр» деп Дорлиакка айтады. Құбылыс таланттарды көргенде жүрегі елжірейтін атақты Дорлиак Гнесиндер институтына Ерік Құрманғалиевты қабылдау жөнінде өтініш-хат жазған. Мықты мастер Дорлиак Ерікті қанатының астына алады. Сөйтіп, Дорлиактың арқасында Ерік Құрманғалиевтың таланты төрткүл әлемге жайылған еді!Еріктің жеке тұлға болып қалыптасуына ұстазы, профессор Н.Л.Дорлиак көп еңбек сіңірді.Н.Л.Дорлиак Еріктің өнердегі ұстазы ғана емес, оған анасындай қамқорлық танытқан аяулы жан. Ол кісі өзі қаражат тауып, ән нотасын жаздыртып, сахналық костюмін дайындатып, Ерікті талай рет шет елге конкурстарға алып барған.

Ерік ұстазы, профессор Н.Дорлиак жетектеп апарған алғашқы конкурста, 1987 жылы Хертогенбошеде (Нидерландия) өткен жас орындаушылардың халықаралық конкурсында топ жарып, лауреат атанады. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылады. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде Гиннесс кітабына енеді және оны атын аңызға айналған итальяндық әнші әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді. Ф.Барбьиери 1940 жылы алғаш рет Италияның опера сахнасына шығып, ғажайып (меццо-сопрано-контральто) дауысымен миллиондаған халықтың жүрегін жаулап алып, бірден өнердегі табыстың шырқау биігіне көтеріледі. Ерік те табыстың шыңына тез көтерілген.

Аты аңызға айналған әншінің өмірі ғана емес, қазасы, жерленуі туралы да алып-қашпа сөз көп. Осы туралы не айтасыз?

– Ерік Құрманғалиев өмірінің, өнерінің жұлдызды шақтарын елінен жырақта, Мәскеуде өткізді. Мәскеу оның талантына, болашағына жарқын жол сілтеген қасиетті мекен болды. Мәскеуде жүріп есімдері елге белгілі мықты мамандардан білім алды, тәрбие мектебін көрді. Арасында Қазақстанға концертпен келгенде де, қазақтың белгілі опера жұлдыздарымен етене жақын араласа қоймағаны айқын. Мүмкін, уақыты болмаған шығар. КСРО Халық әртісі, атақты әнші Роза Жаманова апамызбен өмірінің соңғы кездерінде кездесіп, Ерік жайлы естелік айтуын сұрағанымда, ол кісі сырқаттанып жүргенін тілге тиек етіп: – «Ерік Құрманғалиев –  ғажап талант!» деді бір ауыз сөзбен жайлап қана. Ерік туралы айтыңыздар, жазыңыздар, бұл өте дұрыс! – дегеннен артық ештеңе айтпады.

Жұмбағы мол тұлға Ерік Құрманғалиев мүрдесінің бір уыс күлі Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленді. Ерікті жерлеуге екі қазақ қатысты. Алматыдан Еріктің апасы Раиса апайдың қызы Марияш Жұрынбаева, Италияда тұратын тағы бір жақын қарындасы Гауһар Жұрынбаева келіп, басына топырақ салды. Марияш пен Гауһар Ерік Құрманғалиевтың Мәскеуде жеті, қырық күндік қаделерін ұйымдастырып, «Тар қолтықтан оқ тисе, сүйеп қалар қарындас» екенін танытты…

Өткен жылы «Московский комсомолец» газетінде Ресейдегі жоқтаушысыз қалған белгілі өнер тұлғаларының зираттары туралы мақала жарияланған еді. Қараусыз қалған сондай зираттың бірі – Ерік Құрманғалиевтың зираты деген пікір айтады. Бұл біздің жүрегімізді қозғайды. «Атақты әншіге деген құрметімізді әлі де білдіре алмай келеміз-ау» деген көптің көкейінде жүрген ойымен үндесетін шығар деймін. Сәлім мен Меруерт дүниеден өткен соң, үш ұлы да бірінен соң бірі бақилық болды. Үлкен ұл Серік ауырып қаза тапты. Серіктен соң, Ерік бақилыққа аттанды. Араға көп уақыт салмай, әулеттегі үшінші ұл Берік машина апатынан қайтыс болды. Бүгінде Беріктің Әлім, Ілияс атты ұлдары Атырауда тұрады.

Ерікпен етене араласып, дос болған отандық өнер шеберлерінің пікірлері қандай екен?

– Ерік Құрманғалиевты кімдер таниды, кімдер жақсы араласқан деген сұрау салуым да, мені кері қарай итергендей болды. Әншімен қазақ ішінде жақын араласып, дос-сырлас болған өнер адамдары да жоқ екен. Ол Мәскеуде, шет  елде жүрді ғой көбіне. Мүмкін, аралас-құралас жүруге уақыты болмаған шығар. Әйтсе де, танымал өнер иелерінің Ерік Құрманғалиевке деген ықыластары оң көрінді. Атақты әнші Майра Мұхаммедқызы Мәскеуде өткен Халықаралық конкурсқа барғанында Еріктің репетицияларына келіп, моральдық қолдау білдіріп, ақыл-кеңес бергенін айтты.

Кітабыңда «атақты әншінің Алматыда тұратын апасы біраз деректер айтты» депсің.

 – Мен Ерік Құрманғалиев туралы баспасөз бетінде үш-төрт жылдан бері сөз қозғап келемін. Әйтеуір, «жіптің бір ұшы қолға іліне ме, Ерікті білетіндер бар ма?» деген тілек қой. Интернеттегі дереккөздері де бірсарынды. Содан бір күні Құлсарыда тұратын, өнер мен әдебиеттің бағасын бір кісідей білетін азамат Телжан Балжігітов хабарласты. Телжан Мәскеуге іссапарға барғанда, Еріктің зиратына барып, топырақ салып, мұсылманшылық ырымын жасапты. Ол маған Алматыда Ернар Ғаббасов атты музыкант досы тұратынын, ол кісі Еріктің Алматыда тұратын апасы Раиса Қуанқызы Құрманғалиевамен жақын араласатынын айтып, мені Еріктің әкесінің қарындасы Раиса Құрманғалиева апайға жолықтырды. Раиса апай өте жақсы адам екен. Ерік және оның отбасы туралы көптеген қызғылықты деректер айтты және әйгілі әншінің фотосуреттерін ұсынды. Бибігүл Төлегенова апамыз да маған «орта жолда тоқтама» деп демеу беріп, кітап-альбомның шығуына өте ықыласты болды. Ерік туралы туындымның жарық көруіне көмектескен – облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Осындай жақсы адамдардың арқасында кітап-альбом шықты. Ерік Құрманғалиевтың барлық қырын аша алдым, менің кітабым ғажап дей алмаймын.Бағасын оқырман қауым береді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз