Жарнама
Қоғам

Ерекше балаларға – ерекше көзқарас

Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі қажет. Сондықтан бүгінде өңірде айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталығын салудың маңызы зор. Бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндені кеңесте сөйлеген сөзінде айрықша маңыз берді.

  Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірде ерекше балалардың саны артып, 6 мыңнан асады. Мұндай бүлдіршіндердің қоғамнан тыс қалмай, ортада тәрбиеленіп, білім алуына, денсаулықтарын жақсартуға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек.

Жалпы орта білім беретін мектептерде олар үшін арнайы сыныптар ашылған. Сонымен қатар үйден оқытылатын балалар да аз емес. Жалпы инклюзивті  білім  жүйесінің баланы қоғаммен жақындастыруда, өзін ортада қалыптастыруда маңызы зор. Мұндай жүйе барлық адамның бір-біріне тең қарау қажеттілігін қалыптастырады. Шет елдерде ерекше балалар қоғамнан мүлдем қалыс қалмаған. Мәселен, аутизм туралы ашық айтылады. Олар кімді болмасын, сол қалпы қабылдай алады. Италияда ерекше балалардың 99%-ы осындай білім беру жүйесіне қол жеткізген. Қалған бір пайызы мүлдем естімейтіндер мен сөйлей алмайтындар болса керек.

Сондықтан біз де балалардың бәрі бірдей, бейкүнә екенін ұмытпауымыз қажет. Олардың ерекше болуы – тағдыры деп қабылдап, сәбилердің бақыты үшін қоғам болып қол созғанымыз жөн-ақ. Бүгінде облыста ерекше балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет тарапынан, демеушілердің, жаны жомарт жандардың игі істерімен бірқатар жақсылықтың жасалып жатқанына куәміз. Мәселен, мен де осындай азаматтардың қатарынан табылып, Индер ауданындағы Көктем орта мектебінде инклюзивті қолдау сыныбының ашылуына, оны қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге қол создым. Ендігі уақытта мұндай игі істі Құрманғазы ауданында жалғастырсам деймін. Сонымен қатар, Атырау қаласындағы «Зейін» ерекше балаларды дамыту орталығына демеушілік жасасам деймін. Десек те мұндай жандар үшін мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетуді арттырған жөн. Осы бағытта облыста ерекше балаларға медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталығын салудың мәні зор.  Өйткені қазір баласы үшін ем іздеп шарқ ұрған талай ата-ана шетел асып, перзентінің дертіне шипа іздеп дал. Қаражат жағдайы көтермейтіндері шетел тұрмақ, елдің ішіндегі сауықтыру орталықтарына да жете алмай жататыны жасырын емес. Сондықтан өңірде осындай балалар үшін жан-жақты мамандандырылған сауықтыру орталығы ашылса, талай отбасы үшін жасалған ең ізгі амал болар еді.

Өңірде жыл сайын қайталанатын негізгі проблеманың бірі – медицина саласындағы маман тапшылығы. Қазірдің өзінде облыста 207 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мәселені реттеуде мектеп түлектерінің дәрігер мамандығы бойынша білім алуы үшін грант санын көбейту қажеттігін алға қойды. Өңірде медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалмады.

Бұдан басқа, қоғам өкілдерінің бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген облыс орталығында спортқа ерекше қабілеті бар дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын салу мәселесіне назар аударылуы да құптарлық. Мұндай орталық біздің облыста ғана жоқ. Атырау – республиканың негізгі «донор» аймағы бола тұра, осындай нысанның мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді.

Ендігі уақытта осы аталған проблемаларды реттеу үшін мемлекет басшысы Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, жұмыс тетіктерін қарастыруды тапсырды. Алға қойылған осы талап-міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылса, ел болашағы – бүгінгі ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам болар еді.

Нұржан ЕРМҰХАНОВ,

Атырау облысы бойынша қоғамдық келісім төрағасы,

«Елсана» руханият клубының жетекшісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button