ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ – ХАТШЫЛЫҚ МЕҢГЕРУШІСІ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ – БІРЛІК
Елбасының сөйлеген сөзіне жүргізген саясаты мен ұстанған позициясы қашан да сай келіп отырады. Бұл – ел басқарып отырған әлемдік деңгейдегі көптеген саясаткерге жетіспейтін қасиет. Сондықтан да, өз басым Қазақстанның кезінде Ауғанстандағы, Қырғызстандағы жағдайларды реттеуге атсалысқандығын, осы мәселеге байланысты ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Палестина мен Израиль, Грузия мен Ресей арасындағы қатынастарды реттеуге де Қазақ елі басшысының зор еңбек сіңіргені белгілі. Бұл әлемдік қауымдастық алдында еліміздің белгілі бір деңгейде Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін атқарғандығын көрсетеді.
Бір кездері араб көктемінен басталған төңкерістер бүгінде Сирияда жалғасып, әлемдік деңгейдегі үлкен проблемаға айналып отыр. Әлемнің көптеген елдерінде азаматтық бірегейлік пен халықтар дәстүрін сақтау мәселесі өткір тұр. Мұның барлығы жаһанда орын алып жатқан түрлі өкінішті оқиғалардың түп тамыры да осы мәселелермен байланысты екендігін көрсетеді. Ал, Қазақстан болса, ұлттық мәселелерді мемлекет саясатының негізгі тетігіне айналдыра алды. Ендігі жерде бірлігімізден ажырамау маңызды.