«Біз бақытымызды қазақ жерінен таптық»

Қазақстан халқының бірлігі күні  өңірдегі түрлі ұлт өкілдерімен тілдесіп, мерекеге орай олардың ой-пікірлері мен ықылас-тілектерін білген едік.

Галина ЮН, «Шолпан» балабақшасының қызметкері, Махамбет селосы: 

– Ұлтымыз кәріс болса да, жүрегіміз қазақ деп соғады. Осы ауылда туып-өстік, ер жеттік, білім алдық. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қазақтың «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген мақалында үлкен мән жатыр. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашан да нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде еліміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміз халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.

Олег ЛИ, Ақжайық ауылының тұрғыны:

– Менің ата-бабаларым қиын-қыстау кезеңдерде сонау Қиыр Шығыстан қуылып, қазақ жеріне келіп паналапты. Мейірбан жүректі қазақ халқы оларды өз туыстарындай қылып бауырына басыпты.

Әкем Бон-Чун өзімен тағдырлас Милля есімді корей қызымен бас қосып, өмірге бес бала әкелді. Қолындағы барымен бөлісіп, құшақ жая қарсы алған қазақтарға көздері жұмылғанша ата-анам риза болып өтті. Тіпті, қазақша таза сөйлейтін. Олармен қоян-қолтық араласа жүріп, егін шаруашылығымен айналысқан. Жергілікті халыққа егіннің қыр-сырын меңгеруге көмектескен. Қазір де отбасыммен Ақжайық ауылында тұрамын. Жұбайым – қазақ қызы. Жанұямызда төрт баламыз бар. Өзім де қазақ тілін жақсы меңгеріп алдым. Көрші-қолаң, жора-жолдастарыммен тек қазақша сөйлесемін. Бір-бірімізге туыс, бауыр болып кеттік. Жеке кәсібімде үйімнің жанында азын-аулақ бау-бақшам бар. Ұлдарым жұмыста, қызым студент. Менен бақытты жан жоқ. Осының бәрі Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында деп білемін.

 

 Дәулетқали АРУЕВ.

Махамбет ауданы.

Толығырақ газеттен оқи аласыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз