Жарнама
Қоғам

«Ер жігіттің еншісі – ел сүйсінер іс тындыру»

«Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы,

«Құрмет» орденінің иегері, ТМД-ға еңбегі сіңген энергетик Оразғали ҚАРШЕГЕНОВ:


 

Содан бері де сегіз жылға жуық уақыт өтіпті-ау. «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің төрағалығына Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегенов тағайындалды. Сәті түскені сол, оны ұжымға таныстыру шарасына журналистер арасынан осы жолдардың авторы ғана қатысқан-ды. Дереу жағымды жаңалықты жұртшылыққа жеткізуге асықтық. Өйткені, жасыратыны жоқ, энергетиктердің бұрынғы басшылығы атқарушы биліктің де, кәсіпкерлердің де, жай тұтынушылардың да жүйкесін әбден жұқартқан. Сондықтан, оң өзгерістерді күтетінбіз. Ашығын айталық, халық үміті ақталды. Атырауда жылу мен жарық энергияларына қатысты проблемалардың барлық түйіні тарқатылды. Бизнес иелері энергетиктер тарапынан қысымнан, халық жарықтың жанғанынан сөнгені көп машақатынан құтылды.

Алайда, кәсіпорын басшысының тірлігі тек өндіріспен ғана шектеле ме? Оның өңірдің қоғамдық өміріне араласы қалай? Дүниетанымы нендей? Көпшілікке беймәлім қандай сыры бар? – Бүгінгі әңгімені осы төңіректе қозғағанды жөн көрдік.

Ерінбеген етікші болады

— Бүгінгі жастардың ә дегенде жоғары жалақыға ұмтылатындығы жөнінде жиі айтылады. Бұл ақшақұмарлықтың белгісі ме, әлде қазіргі қымбатшылық құрсаулап тұр ма?

— Мен мәселені әріден қозғайын. Қара теңіздің толқынымен тербеліп үшжылдық әскери борышымды өтеген соң Алматыға аттандым. Осындағы энергетикалық институтқа оқуға түстім. Асқақ Алатаудың баурайында білім нәріне сусындап қана қойғаным жоқ, болашақ жарыммен де табыстым. Мектеп қабырғасында-ақ ғашық болып, шын көңіліммен сүйген қызым бар-ды. Сол оңтүстік астанада шаңырақ көтердік. Ол да, мен де оқып жатқанбыз. Екі баламыз болды. Үй жалдап тұрдық. Менің жалғыз стипендиям отбасын асырауға жетпеді. Білесіз бе, ауылдағы іні-қарындастарымның аузынан жырып, әке-шешемнен ақша сұрауға батылым бармады. Намыс та қысты. Үйленген екенмін, оның ауыртпалығын да өзім көтеруім керек қой.

Содан жаз кезінде студенттердің құрылыс отрядына кетіп, сонда жұмыс жасайтынмын. Бастапқыда отряд командирі, кейін аумақтық штаб басшысы болдым. Сөйтіп, біраз табыс табатынмын. Соны әйелім ұқыпты жұмсап, жеткізуге тырысатын. Ал, сабақ басталғанда өзім секілді жігіттермен бірге темір жол бойындағы вагондардан жүк түсіретінбіз. Оған да азды-көпті ақша береді. Осылай өмір сүрдік.

Жалпы, масылдық – жаман қасиет. Қытайда аш адамға балық емес, қолына қармақ ұстататын көрінеді. Осындай қағида бар. Яғни, әлгі кісі судағы балықты еңбектеніп өзі аулауы тиіс. Өз қолымен тапқан тамағын жеген адамның ғана қарыны тояды, содан қанағат алады. Ғибрат боларлық тәрбие емес пе?

Қазағымыздың да жылдар жетегінде бізге жеткен әсерлі әңгімесі бар. Жалпы, «ерінбеген етікші болады» деген халқымыздың нақылы өте орынды айтылған. Қай нәрсе де маңдай термен, еткен еңбекпен келеді ғой. Ертеректе қарт адамдардың бір ұлы болыпты. Құдайдан тілеп алған жал-ғызы ғой, тұмсықтыға шоқытпай, тұяқтыға тептірмей өсіріпті. Сол ұлдың еркелігі есерсоқтыққа ұласқан. Әрі шөп басын сындырмайтын еріншек екен.

Әкесі қашанғы шыдасын, бір күні арамтамақ ұлын үйден қуып жібереді. Шешесі байғұс шыр-пыр етіп, оңашада қолына он теңге ұстатады. «Мынаны әкеңе апарып бер, тапқан табысым деп айтарсың» дейді. Ұлы ақшаны әкесіне ұсынған. Әкесі оны жанып тұрған отқа тастай салады. Ұлы үндемей үйден шығып кеткен.

Мұны көрген кемпірі «мына шал ақшаны азсынып отыр-ау шамасы» деп ойлайды. Сөйтіп, баласына жүз теңге береді. Бірақ, алдындағы көрініс қайталанады. Әкесі тағы да ақшаны отқа тастайды, ұлы үндемейді. Сонда шешесі «Балам, әкеңнің қылығын түсінбедім, енді өзің табыс тап» депті. Ұлы ауыл сыртындағы ұстаханаға барып, шеберге жалданып, күні бойы жұмыс жасайды. Кешке тапқан табысын әкесіне береді. Әкесі бұл жолы да ақшаны отқа тастайды. Сонда ұлы жанып жатқан жалынға қарамай ақшаға ұмтылыпты. «Әке-ау, бұл менің маңдай теріммен тапқан табысым ғой» депті жан дауысы шығып. Сонда әкесі «Міне, көрдің бе, ұлым, еңбекпен келген ақша аз ба, әлде көп пе – бәрібір ыстық болады. Сен қолыңның күйгеніне қарамай, жанып жатқан отқа ұмтылдың. Өйткені, бұл – сенің адал еңбегің» деген екен.

Міне, осы мысалдың өзі-ақ сауалыңыздың жауабы емес пе? Маңдай терсіз келген ақшаның еш құны болмайды. Рас, қазір өмір күрделеніп кетті. Кейбір құндылықтарды басқаша бағалайтын болдық. Кезінде өзіміз жат санаған капиталистік қоғамды енді өгейсінбейміз. Ой-шұқырын түгел таразыламасақ та, нарықтық қатынастарды қалыптастырдық. Бүгінде оны мықты экономистердің өздері де толық түсініп болған жоқ. Ал, жай халық қайдан ұқсын? Анау банкілерден алып жатқан сансыз несиенің сұрауы жоқтай көрінеді. Сол бойда қолына көп қаражат түскеніне мәз. Ертеңгі күні төлерде ғана сан соғады. Әке-шешесін борышқа белшесінен батырып, дүркіретіп той жасап жатқан жастардың осыны ойлағанын қалар едім.

Мәрттік – қанҒа сіңген қасиет

— Өзіңізді сайлаушылар «мәрт депутат» атапты. Неге?

— «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халқымыздың жақсы сөзі бар. Жағдайын айтып, жәрдем сұрай келген кейбір адамдарға көмектестім. Ол – менің қаныма сіңген қасиет. Жалпы, менің есігім жабылмайды, үлкен де, кіші де еркін кіріп-шығады. Сонау жылы Қы-зылқоға мен Құрманғазы аудандарына табиғи газ тартылды. Бірақ, ол көшемен жүргізілді де, үйлерге кіргізілмеді. Қаражаты барлар «көгілдір отынды» қосып алды, өзгелері бұрынғыша тезегін жаға берді. Міне, осындай мұқтаж жандардың проблемасын шешіп бердім. Оны өзімнің азаматтық та, депутаттық та парызым санадым. Содан мені «мәрт депутат» атапты. Әйтсе де, мен басшы екенмін деп кәсіпорынның қаржысын оңды-солды жұмсап жатқаным жоқ. Барлық демеушілікті өз қаражатыммен жасаймын. Алыс ауыл тұрғындарына ауыз су тартып берге-німде де солай істедім. Әйтсе де, менің де бәрін қамтуға мүмкіндігім шектеулі. Қазір Елбасы бастамасымен елді мекендерді сауықтыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Демек, бұл бағытта басталған іс ретімен мәреге жетеді.

 

Аруақ аттаған оңбайды

— Ислам қажыға «басқа жердің шамы жанбаса да, Ақмешіт жарқырап тұруы керек» депсіз. Қазір осы сөз қанатты тұлпардай таралып кетті.

— Мен республиканың біраз өңірінде жұмыс жасап, отыз жыл шамасында облыстан тыс жерде жүрдім. Содан 2005 жылы ұлым Қуанышқали алғашқы мүшел 13 жасқа толғанында Ақмешітке бардым. Аруақты ата рухына тәу етіп, дұға бағыштадық. Қасиетті кісінің қолдауы шығар, сол ұлым Жаңа Зеландияда білім алып, елге аман оралды. Қызметке орналасты, ұнатқан қызына үйленді, маған немере сүйгізді. Ал, кейін өзім де жұмысым ауылға ауысқан соң Ақмешітке арнайы бардым. Сөйтсем, сонау жылдары тар-тылған электр желілері ескіріп, трансформаторы да істен шығыпты, Сөйтіп, мүлдем жарықсыз қалған. Осындағы Ислам ағамызға «неге ертерек хабар бермедіңіз?» десем, «орынсыз мазалауды ыңғайсыз көрдім» дейді. Қандай кішіпейілділік! Біреулерге жолап кетсең, сол бойда шаруасын айта бастайды. Ислам ағаның осы адамгершілігіне разы болдым ба, әлде қасиетті мекенде толқып кеттім бе — әйтеуір, «басқа жердің шамы жанбаса да, Ақмешіт жарқырап тұруы керек» дегем.

Әрине, біздің міндетіміз – барша облысты электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету. Сол үшін қызмет істейміз. Әйтсе де, Ақмешіт – қасиетті жер. Мұнда күллі мұсылман қауымы, тіпті өзге дін өкілдері де пір тұтатын Бекет атаның кіндік қаны тамған. Тағы бір абзал азаматымыз – Төкен Танаұлы Жылыой ауданының әкімі болып жүрген кезінде бастама көтеріп, осында үлкен кесене тұрғызылды. Құрылыс барысында Бекет бабаның арғы атасының сүйегі табылыпты. Мұнда қасиет иесінің әке-шешесі мен бір ұлы да жерленген. Сонау Маңғыстау даласындағы Бекет атаның мәңгілік мекені Оғыландыға алыс-жақыннан жұрт қалай ағылса, Ақмешітке келушілер де көп.

Жалпы, халық «аруақ аттаған оңбайды» дейді. Дұрыс айтылған сөз. Мен сегіз жылдай Жамбыл облысында да энергетика саласына басшылық жасадым. Сонда Тектұрмас деген әулиенің мекені бар екен. Соның басын жаңғыртуға қатыстым. Құрылысқа қолдау көрсеткен адамдардың аты-жөні мрамор тақтада жазулы. Ішінде менің де есімім бар. Кейін сол жаққа барған атыраулықтар көріп, мақтанышпен айтып келген.

Қызылқоға ауданынан бір топ адам өтініш білдірді. Осы өңірде Сұлтануәйіс атты аруақты адам болыпты. Ілгергі жылдары халық жиналып, басына түнек үй тұрғызыпты. Әйтсе де, әркім уәде бергенімен, жарықтандыру мәселесі шешілмепті. Өзі орталық электр желісінен аулақта, құмға қарай едәуір қашықта екен. Соған жарық жүргіздік.

Атырау-Доссор тас жолы бойында Оңай ата жатыр. Әрі-бері жүрген жолаушылар тоқтамай өтпейді. Түнек үйі де бар. Бірақ, мұнда жарық орнатылмапты. Турасын айтқанда, талай жылдан бері дизель қолданып, соның қуатын пайдаланған. Міне, осы жерге де электр желісін тартуға септігімді тигіздім.

  Ата өсиеті – адамдарға жақсылық

— Жалпы, қайырымдылық туа біткен қасиет пе, әлде адам бойында өсе келе қалыптаса ма?

— Екеуі де болуы мүмкін. Мені өмірге әкелген әке-шешем Төлеуғали мен Жұмабике болғанымен, қарттардың қолында тәрбиелендім. Қазақта тұңғыш немерені үлкендер бауырына басады ғой. Өз ата-анамды әлі күнге тәте-апа деймін. Атам Иманқожа мен әжем Жәміш жақсы жолға сілтеді. Осы асыл жандарым «шырағым, шамаң келсе, адамдарға жақсылық жасаудан тартынба» деп отыратын. Мен осы ұстанымнан айнымай келемін.

Біреулер «істеген жақсылығым алдымнан шықпайды» деп ренжіп жатады. Ал, мен біреуге қамқорлық жасасам, ол да маған қолдау көрсетсін деген бақал есеппен жүрмеймін. Бұл – шын сөзім. Белгілі грек ғұламасы Аристотель «Адамның міндеті – ақылға сыйымды қызмет атқару» деген екен. Тамаша айтылған нақыл емес пе?

Ертеректе бір оқиға болған. Мен әдетте қызметтен кеш қайтамын. Содан өзім үйде жоқта біреу қомақты қаржы әкеліп тастапты. Бастапқыда сасып қалдым. Қайдағы ақша бұл? Әйелімнен әкелген адамның атын сұрасам, есіне түспеді. Әлгі жігіт Арқалық жақтан келгендігін, бұдан біраз жыл бұрын менен қарыз алғанын айтыпты. Сонда ғана ойыма оралды. Расын айтқанда, күнделікті күйбеңмен жүріп, есімнен де шығып кетіпті. Ал, ол ұмытпаған. Арада бірнеше жыл өтсе де, қайтарып тұр. Бұл да – адамшылықтың өлшемі.

 «Адамның басы – Алланың добы» деген бар. Сондықтан, «бар» деп тасуға да, «жоқ» деп сасуға да болмайды. Бүгін төрт құбыласы түгел отырған адам ертең тығырыққа тірелуі ықтимал. Сонда жәрдемдесіп жіберген жөн емес пе? Жалпы, біреуге көмек көрсетудің өзі аяушылық пен жанашырлық сезімнен туындайды. Ол – баршаға тән қасиет. Жамбыл облысында жүргенімде зор зілзала болды. Талай адам зардап шекті. Үйлері құлап, баспанасыз қалды. Сонда да біраз адамға көмектескен едім. Кейін олардың қалыпты өмір кешіп кеткеніне қуаныштымын.

Міне, осыдан келіп кішінің үлкенді сыйлауы шығады. Бұл – бүгінде жастар атына жиі айтылып жүрген сын. Оған, расын айтқанда, өзіміз де кінәліміз. Біздің ұрпақ қарттардың қасында жүріп тәрбие алды. Мен, мәселен, аталарым әңгіме-дүкен құрғанда жандарына барып, көрпенің шетінде жататынмын. Олар мені қумайтын. Басымнан сипап қойып, сөздерін жалғастыра беретін. Солардың аузынан шыққан ұлағатты ұғымдар сәби санама құйылатын.

Ал, қазір ше? Жасыратыны жоқ, екі адамның басы қосылса, байлық туралы айтамыз. Аузымызға алдымен шетелдік көлік, қос қабатты коттедж, жалақысы мол лауазымды қызмет түседі. Соның бәрін кейінгілер естіп жүр. Қазір жастардың дені жан қинамай, көп тер төкпей тезірек байығысы келетіні де сондықтан. Кезінде Бауыржан Момышұлы «немересіне ертегі айтатын әжелердің азайып бара   жатқанынан қорқамын» деген екен.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының жетекшісі:

Сонау жылы Алматыда тұрғанымызда жұбайым Ғабдырахимге атыраулық жастар «ағалап» келіп тұратын. Сол студенттердің ішінде кіп-кішкене орта бойлы бала ерекше есімде қалыпты. «Ағалап-апалап» жүретін, өте бауырмал еді. Сол бала – осы Оразғали Қаршегенов.

Бүгінде ол – үлкен азамат. Толымды табыстарға жетті, лауазымды қызметтерді атқарды, мемлекеттік марапаттарға ие болды, халқының қалаулысы атанды. Болған-толған талайдың адам танымай, тайраңдап кеткенін де көргенбіз. Біз білетін Ораз олардың сортынан емес. Бұрынғыша әлсізді демеп, мұқтаж жанға жәрдемдесіп жүргенін сырттан біліп жатамыз. Бұл – өнегелі отбасында тәлімді тәрбие алған ұлдың ісі.

Қаршеген әулетінде дара орның,

Жомартсың бойындағы қара жолдың.

Кешегі студенті Алматының

Жастарға көз алдымда аға болдың.

 

Жинайтын жеке бастың құр азығын,

Талайдың пейілінен құлазыдым.

Қазақта Азамат бар дегізетін

Мен сенің мәрттігіңе разымын.

Амантай БЕРҒАЛИЕВ, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ Мемлекеттік Жамбыл атындағы филармонияның концерттік және гастрольдік қызметінің жетекшісі:

Бұдан 20 шақты жыл бұрын Алматыдағы демалыс паркінде әнші Роза Рымбаеваның «Шақырады көктем» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Жоспарымыз бойынша концерт соңында әнші сахнадан көлікпен шығып кетуі керек еді. Әрине, шын көлік емес. Парктегі келушілер серуендейтін үлкен ойыншық көлік болатын. Өзі әрі кең, әрі әдемі еді. Шығармашылық кештің сәнін келтіретін нәрсе. Соны көздегенбіз.

Бірақ, оны қолға түсіру оңай емес екен. Анаған айттық, мынаны жағаладық. Ақыры мәселе Орекеңе тірелді. Ол Алматыдағы орталық мәдениет және демалыс паркін басқаратын «Алтын-Тараз» мекемесінің бас директоры еді. Мәселені сөзге келместен шешіп берді. Сол концертті тамашалағандар осы көріністі әлі күнге айтып жүр. Яғни, концерт соңында Тасқын мен Розаның ұлдары Әли мен Мәди сахнаға көлікпен шығады да, «Увезу я тебя» әнінің әуенімен шешелерін алып кетеді. Міне, жиырма жылдан аса уақыт өтті.

 Орекеңмен осы оқиға кезінде танысқанбыз, қазір де достық қарым-қатынастамыз. Мен сол кезде-ақ оның нағыз мәрт жігіт екендігін байқағанмын. Түйсігімнің алдамағанына қуаныштымын.

Шамам келгенше, ұл-қыздарымды, немере-жиендерімді адамгершілікке тәрбиелегім келеді. Олардың бойына қарапайымдылық қасиетін сіңіруге тырысамын. Қазір жаһандану жүріп жатыр. Сырттың тәрбиесі де, өзгенің өнегесі де әлдеқашан есіктен еніп, төрге озды. Бірақ, ата-баба жолы, қазақы қағида – қашанда бәрінен артық. Тек соны тот бастырмай қастерлей білу керек. Адамның асыл арманы – адамгершілік. Ал, соны сақтай білу – баршамызға борыш.

Сұхбаттасқан:

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button