Ер есімі – ел есінде
Бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагер ата-әжелеріміздің еңбегі тек 9 мамырда ғана емес, басқа да күндері еленуі тиіс деп ойлаймын.
Бүгінде бәрінің жүзінде күлкі мен қуаныш. Былай қарасаң осы бақыт қаншама адамның көз жасымен келді. Ал осы жандардың есімі мен ерлігі, өкінішке орай бәріміздің бірдей есімізде жоқ. Ұрпаққа жетіп мәңгілік, — деп ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев жырлағандай, батыр атам -Қамиев Мүтәл есімі, ерліктері жас ұрпағының санасында мәңгілік сақталады. Мен атаммен мақтанам! Ол ұрпағы үшін мәңгі үлгі.
Міне,биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 74 жыл толу мерекесін тойлағалы отырмыз Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды.Төрт жыл,1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін кескілескен жан қилы соғыс жүріп жатты.Бір күшке жиналған орыс және тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин сынды ұлттар жауға алмас қамал болып тас түйін түйілді.Сол ауыр күндері Кеңес Одағының басқа халқымен бірге фашисттерді талқандап, жеңіске жету жолында қазақ халқыда өзінің сүбелі үлесін қосты.
Ержүрек Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін жетті.Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде,Днепр өткелінде,Москва менЛенинград үшін болған кескілескен шайқастарда батырлық пен ерен ерлік көрсетті.Украинаны, Прибалтиканы, Қырымды,Белоруссияны,Кавказды жаудан тазартты. Польша, Болгария, Румыния, Венгрия, Чехославакия, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын асқақтатып биікке көтерді.Сол отты жылдарда біздің рухы күшті қандастарымыз араласпаған бірде-бір шайқас болмады.
Қазақтың басына ауыр күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген ержүрек,жауынгер менің атамда — Қамиев Мүтәл Ұлы Отан соғысының майданында шайқасқан.Менің атам – Қамиев Мүтәл 1924 жылы туылған. Ол он жеті жасында дүниежүзілік майданға шақырылып, өмірдің қызығын көру мүмкіндігінен айырылды. Әкемнің айтуынша ол соғыстан аман есен қайтып келді. Ерлігі үшін Исатай ауданында Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне қара тақта орнатылды. Сол тақтада атам есімі жазылып тұр.Ер есімі-ел есінде мәңгі қалады.
Әрине, өмір мен өлім арасында болған күрестен тірі келу оңай емес. Бас бөлігінен зақым алған. Атамның майдан шайқасында жеткен жеңістеріде естелік болып төрімізде сақтаулы. Әкем атам туралы айтып жатырғанда оның көзінен жалындаған отты, сағынышты, сондай-ақ мақтанышты байқаймын.
Менің ең үлкен мақтанышым — ол атам. Ол Отан үшін, мен үшін және ел үшін күресті. Ол туралы айтқан кезде өзімді сондай батыр әрі батыл сезінемін. Әрине мен атаммен тек соғыс ардагері болғандықтан мақтанбаймын. Оның ұрпағына қалдырған әрбір сөзі, әрбір ісі мен үшін мақтаныш. 1983 жылы атам өз еліне Нарын құмына келіп көз жұмды.
Қазіргі таңда артынан қалған ұрпақтары бар. Наурызбек,Алтынай,Сара,Ақкүміс,Әділбек атты ұрпағының ұрпақтары жалғасуда.
Тағы бір айта кететін жайт, сол бір сұрапыл соғыс жылдары көптеген зауыттар мен фабрикалар Қазақстанға көшіріліп, олармен бірге, көптеген адамдар да келді. Қазақ халқы олардың барлығын құшағын жайып қарсы алып, бауырына басты. Туған Отанының бостандығы мен азаттығы үшін ауызбен айтып жеткізгісіз қиындыққа төзіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қалыспай, тылда қажырлылықпен еңбек еткен тыл ардагерлеріміздің де еңбегі орасан зор.
Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпашылықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандардың қатарында менің әжем Қамиева Күнжанда өз еңбегін аямады.
Бақытгүл Әділбекова