Ардагер қаламгерге – әріптестер құрметі

eukekek Қоғам

Atr.kz/1 шілде, 2019 жыл.  Кеше облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов осыдан 58 жыл бұрын «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің ауыр жүгін арқалаған көнекөз қаламгер, «Сағым жылдар», «Дариға-дәурен», «Жылдар және адамдар», «Пыштанай жеңілмеген батыр дескен…» сынды кітаптардың авторы, Қазақстанның Құрметті журналисі
Құмарғали Ғабдешовты кәсіби мерекеге орай үйіне барып, арнайы құттықтады.

Қандай сый-құрметке де лайық ардагер журналистің еңбек жолы 1961 жылы осы ре­дакцияда әдеби қызметкерден басталды. Бұл қызметке еш жүрексінбей кірісіп, газет стилін тез меңгеруге тырысқан ол екі-үш жылдан соң партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болды. Кейін облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі лауазымын атқарды. Сол уақытта «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Аты­рау облысындағы меншікті тілшілігіне ұсыныс түсіп, бұл жүкті де арқалауға тура келді. Он екі жылдан соң «Атырауға» қайта оралып, бас редактордың орынбасары және идеология бөлімінің меңерушісі қызметін қоса арқалады. Сол кезде талай зерттеу материалдарын жазып, «Еңбек етпей ішіп-жей ме?», «Шылықтан туған былық» деген секілді сүйекті мақалаларымен талай мәселенің шешімін табуға түрткі болды.

Қаламгердің жүріп өткен осы­нау жолдары туралы әңгімелеген Исатай Құндызбайұлы арда­гер ұстазының журналистика саласындағы еңбегі кейінгі буынға үлгі-өнеге екенін де баса айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында елде бо­лып жатқан жаңалықтармен бөлісті.

Бүгінде Үкіметтің қаулысымен 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып белгіленгенін қуанышпен қабылдап отыр­мыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистердің мәртебесі тура­лы заң қабылдау жөніндегі тап­сырмасы да көңілге қонымды. Бұл заң жобасы дайында­лып, бекітілсе, болашақтағы журналистердің қоғамдағы рөлі көтерілетіні анық, – деді Исатай Құндызбайұлы.

Сонымен қатар, Бас ре­дактормен бірге барған кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Жұмат пен газеттің фототілшісі Ерлан Алтыбаев та ардагерге әркез ақылшы- кеңесші болып, ұзақ ғұмыр жасауына тілеулестік білдірді.

Сондай-ақ, «Атырау» газетінің барша ардагерлерін төл мерекемен құттықтаймыз. Отбасылық қуанышқа кенеліп, ұрпақ қызығын көре берулеріне шын жүректен тілектеспіз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз