Жарнама
Қоғам

Еңбек – ырыстың бұлағы

ХАЛҚЫМЫЗ «ЕҢБЕК – ЫРЫСТЫҢ БҰЛАҒЫ, БАҚЫТТЫҢ ШЫРАҒЫ» ДЕП БЕКЕР АЙТПАҒАН. БІЛІМ ШЫРАҒЫН ЖАҒЫП, БОЛАШАҚТЫ ЖАРҚЫН ҚЫЛАТЫН, ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ.

Теориялық білім арқылы еңбекке бағыттау – болашақ мамандардың кəсіби дамуы мен қоғамдағы өз орнын табуы үшін маңызды жол. Теория мен тəжірибенің бірлігі арқылы ғана адам толыққанды маман болып қалыптасып, еңбек нарығында табысты бола алады. Педагогикалық тəжірибе практикасының тиімділігі – білім беру жүйесінің маңызды бөлігі. Өйткені бұл кезеңде əр студент өз мамандығының жауапкершілігін сезініп, кəсіби тұрғыдан мамандықты терең түсініп жəне оқушылармен жұмыс істеуге бағытталады.
Осы орайда бүгінде Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі өз шəкірттерінің теориялық білімін қаладағы көптеген орта мектеппен келісім-шарт негізінде практикамен байланыстыра отырып, нəтижелі білім көрсетуде. Бұл үйлесімділік пен бірліктің жарасым табуы – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі.
Атап айтқанда, «Қазақ тілі мен əдебиеті» мамандығының IV курс студенттері қаладағы Ф.Досымова атындағы №12 жəне Н.Балғымбаев атындағы №42 орта мектептерде тəжірибеден өтіп, теориялық білім- қабілеттерін жан-жақты дамытып жүр. Осы білім ошақтарының ұжымдары біздің студенттерге қолдау көрсетіп, үлгі-өнегелерін үйретіп келеді.
Өмірден көрген-түйгенін ұлағат етуден жалықпайтын ұстаздар болашақ мамандардың да іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырып, сенімділігін арттырады. Тек сыныпта сабақ берумен шектелмей, инклюзивті білім беру мен дифференциалды оқытуды да күнделікті жұмыс барысында толық түсіндіріп, болашақ педагогтердің тұлғалық қабілетін шыңдайды. Ал жастар ұжыммен, оқушылармен қарым- қатынас жасаудың психологиялық аспектілерін, эмоционалдық күйі мен мінез-құлқына қалай əсер ету керектігін түсініп, тəжірибе жинақтайды. Жетекші мұғалімдер мен əдіскерлерден үйренгенін өз жұмысын жақсартуға бағыттап, рефлексия жасау арқылы білім беру технологияларын, инновациялық əдістер мен құралдарды пайдалану мүмкіндігіне де дағдыланып келеді.
Өздерінің кəсіби құзыреттілігін арттыруды мақсат еткен болашақ мамандардан үміт зор. Еңбек нарығында бəсекеге қабілетті, мықты маман ретінде танылып, өмірден өз орындарын таба алады деген сеніміміз кəміл.


Кенжегүл ШАЛАБАЕВА,

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің оқытушысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button