Жарнама
Қоғам

Ембілік мұнайшылар соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында тоғыз Ұлы Отан соғысының ардагері,

он бес Ауған соғысының ардагері бар.

Олар бізге Жеңісті сыйға тартты. Неміс фашистері тұтқиылдан шабуыл жасап, сұрапыл соғыс ашса да, ержүрек батырлар жауға қарсы қасық қаны қалғанша күресті. Қан майданда кеудесін оққа тосып, қиын-қыстау кезеңдерге де қаймықпады. Кешегі жауынгер – ерен ерліктің символы. Бүгінгі ұрпақ жыл сайын қатары сиреп келетін ардагерлер алдында бас иеді, майдангерлерін қадірлейді. Бұл жолы да мереке қарсаңында ембілік мұнайшылар Ұлы Отан, ауған соғыстары ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын ұсынды. Ал, компания басшылығы саулығына байланысты салтанатты шараға қатыса алмаған ардагерлердің үйіне барып, құттықтау лебіздерін арнады.

_EAC1021

Соғыс жылдары жарық көрген Асқар Тоқмағамбетовтың «Мұнайшылар, мұнай бер!» деген өлең жолдарынан-ақ мұнайшылардың жеңісті жақындатуға қосқан мол  үлесін айқын аңғаруға болады. Ал, бір мың төрт жүз он сегіз күнге созылған соғыстың ауыртпалығын тартпаған шаңырақ жоқ. Ана баласыз, бала әкесіз, әйел қорғансыз қалды. Ю.Левитан жеткізген суыт хабардан басталған «Азалы ана» мәңгілік алауына гүл шоқтарын қою шарасы соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алуға ұласты. Олардың қатарында Мұса Баймұханов, Төремұрат Бешімов, Айнымас Қатпиев және тағы басқалары бар еді. Жалпы, майданға Қазақстаннан 1 млн. 400 мың адам  аттанды. 600 мыңға жуық отандасымыз соғыстан оралмады. 125 мың адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұлтты аспаннан нөсерше жауған оқ пен толассыз танктерге қарсы тұрып, қайтпас қайсарлық танытқан жауынгерлердің еңбегі елеусіз қалмады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Акционерлік қоғам жас мамандарының нақышына келтіре оқыған өлең шумақтары – бүгінгі ұрпақтың аға буынға деген алғысының бір бөлшегі ғана. Бейбіт күннің символы ретінде аспанға ұшырған көгершіндер елімізде енді ешқашан соғыс болмасын деген шынайы тілектерден туындаса керек. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін, ауған жауынгерлері мен әріптестерін Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы атынан құттықтаған өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат Ғабдуллин ембілік мұнайшылардың соғысты жеңуге қосқан үлесі жөнінде кеңінен баяндады.

– Қан майданның алғашқы күндерінен бастап соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Ер-азаматтар майданға аттанғанда, олар сұм соғыстың ауыртпалығын көтеріп, тылда қайыспай еңбек етті. Тәулігіне 13-14 сағаттан қызмет еткен мұнайшылар мұнай өндіру жоспарын артығымен орындап, тікелей майданға жеткізіп жатты. Сол сұрапыл жылдарда Ембі өңірінде Комсомол, Қошқар, Тентексор кен алаңдары іске қосылды. Мұның барлығы жеңіс таңын жақындата түсті, — деді ол.

Айта кету керек, компания басшылығы Ұлы Отан соғысы ардагерлері Николай Славов, Тұраш Көптілеуов, Сәлім Қарабаев, Сәлім Шынтеміров, Күлән Сабралиева, Құрманбай Досымбетұлы, Николай Агеев, Тайыр Ғұмаровтың үйіне барып, мерекелік тілектерін жеткізді.

_EAC0863

Құттықтау лебізден соң «Азалы ана» мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі басталды. Шерудің алдыңғы қатарында кешегі майдангер, бүгінгі соғыс және тыл ардагерлері, ауған жауынгерлері, акционерлік қоғам басшылығы болды.

Шынымен де, Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Соғыс даласынан оралғаннан кейін де ержүрек батырларымыз әр салада аянбай қызмет етті. Айталық, қатардағы жауынгерден бөлімше командиріне дейін көтерілген Хасан Алдақов елге келген соң мұнай өндірісінің дамуына септігін тигізді. 17 жасында әскерге алынған Гүлжамал Әбдрахманова құпия байланысқа шығатын Морзе әліппесін үйреніп, маңызды мәліметтерді орталыққа жеткізіп отырды. Ембілік мұнайшы және соғыс ардагері Мырзабай Ахметқалиев отты жылдардан кейін Ескене мұнай кен орнында еңбек етті. Жетпісбай Есенжанов 1945 жылы Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Қойшығара Балғымбаев, Дүйсен Сүйесінов, Дүйсенғали Әжіғалиев және тағы басқалары «қара алтын» өндірісінің одан әрі қарай дамуына өлшеусіз үлес қосты. Демек, кешегі жауынгер алдында бас иіп, ерлікке тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы. Акционерлік қоғам қызметкерлері де гүл шоқтарын қою рәсімі барысында көздеріне жас алып, Жеңіс сыйлаған аға буынға шынайы алғыстарын жеткізді. Қантөгіс зая кетпеді. Біз бейбіт елде, алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Болашақ – айқын, міндет – белгілі. Ендігі мақсат – ел игілігі үшін аянбай еңбек ету.

Ембілік мұнайшылардың Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен ауған жауынгерлеріне арналған құрметі Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйіндегі «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты мерекелік шараға жалғасты. Онда ардагерлер назарына Жеңісті тойлауға аман есен жеткен «Ембімұнайгаз» компаниясына қарасты ұжымдарда еңбек еткен ардагерлер туралы деректі фильм көрермендер назарына ұсынылды. Ал, айтулы мерекемен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат Ғабдуллин құттықтады.

– Уақыт алмасады, ұрпақ өзгереді, бірақ, Отанға сүйіспеншілік, ерлік пен жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің есімдері біздің есімізде мәңгі сақталады.

Ембі өңірінде жасампаз еңбектің үлгісі нәтижесін тауып жатты. Өндірілген мұнайымыз сол күйінде майданға жөнелтілді. Тыл ардагерлерінің Жеңіске қосқан зор үлесін біз әрқашан мақтанышпен айтып жүреміз.

Ортамызда ауған жауынгерлері де бар. Олар интернационалдық борышты абыроймен орындап, ауған халқына үлкен көмек көрсетті. Тыныштық орнауына қосқан сіздердің зор үлестеріңізді жас буын үнемі айтып жүреді, бұл – ұмытылмайтын ерлік, — дей келе, ол барша қазақстандықтарға бақ пен береке, бейбіт өмір тіледі.

Бұдан кейін соғысқа қатысты бүгінгі ұрпақ жадында сақталып қалған естеліктер мен әндерді компания қызметкерлері нақышына келтіре орындады. «Кестелі орамал», «Синий платочек», «День Победы» әндерін жастар ардагерлермен бірге шырқап, қос буын өкілдері бір-бірімен шүйіркелесіп, мәз-мейрам болысты.

…Бірде толқып, бірде қуанып, көңілді толқытқан әуенді кеште бүгінгі ұрпақтың алғыстан басқа айтары жоқ. Азаттық жолындағы әділетті соғыстың жаңғырығы жас буын жадынан ешқашан өшпейді. Ұлы Жеңіс – барша халықтың жеңісі. Ұрпақ ұмытпайтын Жеңіс деген осы шығар, бәлкім?!

 Сіз не дейсіз?

Бейімбет Үлкенбаев, Ауған соғысының ардагері:

– Жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесінде соғыс ардагерлерімен бірге бізді де қалыс қалдырмай, үнемі ілтипатын көрсетіп жүретін компания ұжымына алғысым зор. Мен 1986-1988 жылдары Құндыз деген аумақтағы майданда болдым. Соғыстан кейін елге оралып еңбек еттім. «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Ембімұнайэнерго» басқармасында Ауған соғысының төрт ардагері қызмет атқарады. Әрқашан аспанымыз ашық болсын! Елде соғыс болмасын!

Николай Славов, Ұлы Отан соғысының ардагері, 97 жаста:

– Соғыс басталғанға дейін 1941 жылы мамыр айында Польша мен Германия арасына жаңа шекара құрылысын жүргізіп жатқынбыз. Содан маусымда кенеттен соғыс басталып кетті. Ол кезде мен небары 20 жаста, Одессадағы училищенің студенті едім. Ол кезде ешкімге оңай болмады. Екі адамға бір қару болатын. Енді ешқашан соғысты көрмейік.

Әли Жылбаев, тыл ардагері:

– Әлемдегі ең  жақсы мереке – Ұлы Жеңіс мейрамы.  Ардагерлер аман болсын! Барлығы да елі үшін, халқы үшін еңбек етті. Сол үрдіс жалғасын тапса екен!

Айбөпе Сабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button