Жарнама
Қоғам

ЕЛІ ЕСКЕ АЛДЫ АЯУЛЫ ӘЛИЯСЫН…

Халыққа қызмет қашан да құрметке бөлейді. Ел үшін төккен тер ешқашан да текке кетпейді Міне, осынау қағидаға айналған сөз тіркестерінің шынайы көрінісін ас беру рәсіміне жиналған жұрттың көптігінен-ақ айқын аңғаруға болар еді.

Әлия Орынғалиқызы облыстық балалар ауруханасында қатардағы дәрігер болып ұзақ жылдар қызмет атқарған кезде өзінің жауапкершілікті жете сезінуімен, мамандығына мейлінше берілгендігімен ерекшеленді. Ол үшін әрбір науқас сәби өзінің туған баласындай болатын. Күн демей, түн демей үйі мен аурухананың ортасында шыбын-шіркей болып жүретін дәрігерді атыраулық тұрғындар да өте жақсы көрді. Өз кәсібінің білгірі деп танылған ол кейін аурухананың бас дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып қызмет атқарды. Әлия қай кезде де қара басын емес, адам денсаулығын жақсартуға, адам өмірін сақтауға септігін тигізуді ғана ойлады.

Шараға жиналғандардың қайсысы да осы жағын баса айтты. Рәсімді жүргізген ардагер ұстаз Қамза Ғабдолла естелік айтып, тілек білдірушілер қатары тым көп екендігін басынан-ақ қадап айтты. Әсіресе, Атырау облысының Құрметті азаматтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Айдын Айбаров пен Есен Тас-қынбаев тебірене сөйледі. Әлияның өмірдегі адами қасиеттеріне айрықша тоқталған олар жуырда ғана тоқсан жасқа толған мерейтойын атап өткен Орынғали ақсақал мен оның өмірлік серігі Дәмет апаның сабырлылығы мен төзімділігін, тіпті қайсарлығын бөле-жара атап өтті. Белгілі қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Амангелді Селбаевтың ойлы да, мағыналы толғанысы көпшілікті де ерекше толқытты.

Жиында ақ жаулықты аналар атынан Ділдә Матайқызы, Айсұлу Иманғазықызы Көшекова, Меллат Сабырова, Сара Мусағалиева, Әлияның құрбысы Рашила Мұрсалиева және басқалар сөз алды.  Әлия дәрігер туралы деректі телефильм көрсетілді.

Түйіндеп айтқанда, ажал қапияда ортамыздан жұлып алып кеткен Әлияның арманы, алға қойған мақсат-мұраты әлі де көп еді. Тағдыр оған жеткізбеді. Алайда, арада өткен осы бес жыл оның рухы ел-жұртымен бірге жасап келе жатқанын, жүректерде жатталып қалғанын айқын танытты. Өмірде артына із қалдырған деген осы шығар. «Елі еске алды аяулы Әлиясын…» деуіміздің де мәнісі осы. 

Исатай ҚҰНДЫЗБАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button