Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен тұлға
САҒИДОЛЛА ҚҰБАШЕВ
2016 жылғы 20 сәуірде ғұмырын туған жерінің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға арнаған, мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев дүниеден озды.
Сағидолла Құбашев 1927 жылы 10 ақпанда Атырау облысының қазіргі Индер (бұрынғы Есбол) ауданындағы №1 ауылда дүниеге келіп, Елтай орта мектебінде білім алған.
1945 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түсіп, оны 1949 жылы бітірген соң, 1953 жылға дейін Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, басқарма бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. Сол жылдарда ауыл шаруашылығын көтеру жөніндегі бүкілодақтық отыз мыңдықтар бастамасына үн қосып, 1953-1960 жылдары Индер ауданындағы «Передовик» ұжымшарының басқарма төрағасы болды.
Сағидолла Құбашұлы 1960-1963, 1964-1982 жылдары Гурьев, Ақтөбе, Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитеттерінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары,1963-1964, 1982-1987 жылдары Гурьев, Семей облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1987-1988 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды.
1961-1990 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің мүшесі, V-ХІ сайланған Қазақ КСР және ХІ сайланған КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, бірнеше мәрте КОКП және Қазақстан Компартиясы съездерінің делегаты болып сайланды.
Ерен еңбегі мен мол тәжірибесінің арқасында зор абыройға бөленген ол Ленин, төрт мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте Құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бес алтын медалімен марапатталған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 26 ғылыми еңбектің авторы, «Ленин орденді «Передовик» колхозы», «Адам күні адаммен» атты кітаптардың авторы. Индербор кентінде оның атында көше бар.
Әрқашан адамгершілік пен адалдықты биік ұстап, кейінгі ұрпаққа өнегелік із қалдырған қайраткер жерлесіміздің жарқын бейнесі оны білетін баршаның, соның ішінде Атырау жұртшылығының жадында мәңгі сақталатын болады.
Н.Ноғаев, Ғ.Дүйсембаев, С.Лұқпанов, С.Нақпаев, Ш.Мұқан,
Т.Шәкімов, А.Әжіғалиева, Н.Ожаев, С.Арыстанов,
Қ.Ризуанов, Е.Тасқынбаев, А.Айбаров, О.Қарасаев, М.Сабырова,
М.Ғабдісәлімова, Ә.Бисенов, М.Өтешов, Ж.Беркалиев.