Жарнама
Қоғам

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕР

 

Ол 1912 жылы туған. Майданға 1942 жылы сол кездегі Новобогат  аудандық әскери комиссариатынан аттанған. Мұрағаттық құжаттарда жазылған саны: 39926201. Әскери шені – аға сержант.

Хисмет соғыстың соңғы жылы Шығыс майданда, Шығыс Пруссия шекарасында ту ұстаушы болған. Немістердің күші басымдау болып, тықсырып бара жатқанын сезіп, сақтық ойлап, Қызыл Туды жинап алып, қойнына тығып сақтапты. Осылайша жауынгерлік туды аман сақтағаны үшін  «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған. Бұл жөнінде кезінде жергілікті ақын Жұмабек Қарабалаев «Ту  ұстаушы» деген толғау жазған болатын.

Хисметтің бұдан басқа да көрсеткен ерліктері үшін алған орден-медальдары аз емес. 1945 жылы 28 қаңтарда Шығыс Пруссияда болған шайқаста өзінің автоматымен он жау солдатын жайратып, үлкен батылдық пен ерліктің үлгісін көрсетіпті. Осы ерлігі үшін ол екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталған екен. Ал, сол жылдың 20 ақпанында үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталыпты.

Алайда, табиғатынан әңгімеге сараң ол «мен осындай адаммын, осындай Отан соғысы кезінде көрсеткен ерліктерім үшін алған ордендерім бар» деп ешкімге тіс жарып айтпаған. Жұмысты адал атқаратын, адамгершілігі мол азамат еді. Мен сол жылдарда Балықшы аудандық партия комитетінде, кейін аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы болып жұмыс жасадым. Хисметтің соғыс ардагері екендігін білген жоқпыз, тек ардагер балықшылар қатарында санадық. Ұлы Жеңістің 50 жылдық, 60 жылдық тойларында да ол ауызға алынған жоқ. Бұл — әрине, сол кездегі аудандық әскери комиссариат қызметкерлерінің де кемшілігі.

Хисмет Масалимов қазір арамызда жоқ. Күні кеше Ұлы Жеңістің 70 жылдығын да атап өттік. Ол тағы да атаусыз қалды. Хисметтің отбасында қалған, оны қозғап, елге сіңірген еңбектерін еске алуын сұрайтын да ешкімі жоқ. Сондықтан, оны жақсы білгендіктен, елін қорғаған батыр азамат есімі елеусіз қалмаса екен, ең болмаса, оның үйі тұрған көшеге Хисмет Масалимов аты берілсе, майдангердің рухына көрсетілген үлкен игілікті іс болар еді деген ойым еді.

Қамза ҒАБДОЛЛА,

ардагер ұстаз,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button