ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК БОЛСЫН!
Ұлтарақтай жерін қызғыштай қорып, ұрпағына аманат еткен бабаларымыз ұлылықтың өшпес үлгісін көрсетіп кетті. Келер ұрпаққа Отанды қорғау, елін, жерін сүюді үйретті. Сыртқы күштерге елді езгіге салдырмай, халықтың сағын сындырмай, баянды болашаққа сара жол салып берді.
Қазақтың басын біріктіріп, қуатты мемлекет құруға ұмтылып, сол арманына өзінше қол жеткізген бірегей тұлға Абылай ханды айтпасқа болмайды. Өз заманының билеушісі елін жан-жақтан анталап тұрған сыртқы жаулардан қорғап, үш жүзді біріктіріп ұстап тұруды, елін, жерін аман сақтауды ойлады.
Ел аманатын арқалау қашанда да оңай болмаған. Ал, халық аманат артып сайлаған ханның сенімнен шықпауы мүмкін емес еді. Абылай билігі тұсында атақты Бөгенбай батырдың да орны бөлек болған.
Тағы бір тарихи ірі тұлға – Тіленші батыр бабамыздың тарихына үңілсек, уақытында Әбілқайыр ханның сенім артқан қолбасшыларының бірі болып, өз халқының қамы үшін, ғұмырының соңына дейін бел шешіп, ат үстінен түспегендігі мәлім.
Міне, бүгінде сол бабаларымыз арман қылған тәуелсіздігімізге қол жетіп, ескіміз жаңарып, тарихымыз түгенделген тұста Қазақ хандығының 550 жылдығы жоғары деңгейде, әрі терең мазмұнда аталып өтілуі елдігіміздің еңсесін одан әрі биіктете түседі деп білемін.
Самал МОЛДАШЕВА,
Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері.