«ЕЛДЕГІ ДІНИ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ»

Қоғам

 

Құрылғанына үш жыл болған агенттік – дін саласына қатысты ауқымды шараларды атқарып келе жатқан орталық атқарушы орган. Конфессияаралық келісім, азаматтардың дін ұстану бостандығын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-әрекеттестік саласындағы мемлекеттік басқаруды, сондай-ақ, заңмен көрсетілген межеде салааралық үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыратын құрылым діни әдебиетті қадағалау, интернет ресурстардағы жарияланымдарды сараптау сынды бүгінгі қоғам үшін маңызды жайттарды да қадағалап отырады. «Бүгінгі күні тіркелмей, заңсыз жұмыс істейтін діни бірлестік жоқ. Біз барлық діни субъектілермен ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз, оның ішінде, қажет болған жағдайда әкімшілік заңдылықтар да қолданылады», – деді брифингте агенттік төрағасы Марат Әзілханов. Сондай-ақ, ол ҚР Дін істері агенттігінің діни сараптама да жүргізетіндігін айтып өтті. Соңғы үш жылда онда діни сипаттағы 24 мың кітап пен түрлі материалдар тексеруден өткізілген.

Осы тақырыпқа қатысты мәселелерді кеңінен түсіндіріп, халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында барлық аймақта құрамына сарапшылар, дінтанушылар мен теологтар және діни бірлестіктердің өкілдері кіретін 500-ге жуық ақпараттық топ жұмыс істейді. Барлық өңірлерде діни мәселелерді реттеу орталықтары ашылуда. Республикалық маңызы бар тоғыз конференцияның өткізілуі де – атқарылған ауқымды істің бір бөлшегі. Сайып келгенде, мұның бәрі діни сананың қалыптасуына оң әсер ететін игі қадамдар екені сөзсіз.

Агенттік төрағасының журналистер тарапынан түскен сауалға орай берген жауабына сай, терроризм және экстремизм үшін түрмеде отырған азаматтармен ерекше жұмыс жүргізіледі. «Кезінде діни экстремизм бойынша түрмеге отырғандар ертең қоғамға қайта оралғанда қандай болатыны, не болмаса олардың сол жердегі жанындағы адамдарға ықпалы қандай болатыны – өзекті мәселе. Бұл мәселе Дін істері агенттігі, басқа мемлекеттік органдардың да назарынан тыс қалмайды. Әлбетте, осындай азаматтармен ерекше жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Марат Алмасұлы. – Наным-сенім деген нәзік дүние ғой. Азаматтардың көзқарасын өзгерту оңай емес. Сондықтан, ондай азаматтармен күнделікті түсіндіру жұмысына айрықша көңіл бөлінеді. Біздің өңірдегі имамдар да осыған атсалысуда. Бұл азаматтарымызды діни экстремистік ұстанымынан қайтарып, ертең қоғамға келгенде тағы да бүлік шығармайтындай етіп тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз. Осы бағытта жұмыс жасалып жатыр», – деп толықтырды ол. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан түрмелерінде терроризм және экстремизм баптары бойынша шамамен 500-600 адам жазаларын өтеп жатыр.

Жалпы, елдегі діни ахуал тұрақты. Бұл – агенттік тарапынан тақырыпқа қатысты жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің көрсеткіші. Яғни, респонденттердің 90%-ы елдегі жағдайды тұрақты және жайлы деп санайды. Бұл жөнінде атап көрсеткен агенттік төрағасы «Еліміздің барлық өңірінде жүргізілген зерттеу қорытындысы көрсетіп отырғандай, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шараларды азаматтарымыздың 86%-ы пайдалы және қажетті деп бағалап отыр» дейді.

Агенттік төрағасы брифинг соңында таяуда ғана кеңейтілген алқа мәжілісінде дін тақырыбындағы жарияланымдарды агенттік тарапынан бекіткеннен кейін ғана жариялау қажет деген сөзін кеңінен түсіндіріп, «бұл мемлекеттік тапсырыс төңірегінде жарық көретін видео және деректі фильмдерге қатысты айтылды» деп атап өтті.   

Гүлжан ӘМІРОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған