ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАН СЫРЫ
Байқағанымыз, Президент әңгімелерінің арқауы – өзінің басынан кешкен оқиғалары мен солардың негізінде туған толғамдары, толғаныстары, көзқарастары, ойлары арқылы өмірдің шынайы суреттерін, дәуір кезеңдерінің өзін, шындық дегеннің не екенін көз алдыңнан өткізгендей әсер алатының анық. Мемлекет басшысының әр сұхбатынан ел басына түскен жағдайларды жан-жақты барлаудың, оған төзімділікпен қараудың, одан шығудың оңтайлы жолдарын іздестірген тынымсыз ізденімпаздықты аңғару да қиынға соқпайды. Және автор бір ғана Қазақстан шекарасымен шектеліп қалмай, Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі кезеңде сол аумақта орын алған сергелдеңнің себептерін кеңінен талдау арқылы оларды тарихи талғаммен жинақтап отыруға тырысады.
Кітапта Елбасының басынан кешірген ғибратты ғұмыр жолы, оның жасампаздыққа толы тартысты күрескерлігі, жоқтан бар жасап, жаңа тұрпатты тәуелсіз мемлекет құруды мақсат тұтуы, бұл идеяның тарихи қысқа ғана кезеңде жүзеге асып, оны әлемдік қауымдастықтың риясыз мойындауы, Ұлт Көшбасшысы, елі сенген Елбасының халқымен бірге жеткен жеңісі осы туындыда толығымен көрініс тапқан. Егемен Қазақ елін жер-жаһанға танытып, Еуропаның төріне шығаруы, ЕҚЫҰ сынды беделді халықаралық ұйымның Құрметті төрағасы болғаны, «ЭКСПО-2017» секілді дүниежүзілік көрменің Елордасы – Астанада өткізілуіне қол жеткізуі, т.б. толып жатқан жетістіктер осының айқын куәсіндей болып көрінеді.
«Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ. Алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!» деп ойын түйіндеуі Елбасының жан сырын ұқтырғандай.
Аманжол ЕСҚАРАЕВ,
ауыл шаруашылығы
саласының ардагері,
Махамбет ауданының Құрметті азаматы.