Жетім қозы немесе қоғам үшін өгей бала жоқ…

zhetim qozy Қоғам

…Төбе басынан етекке қарай құлдыраңдай шапқан қара қозыға көзім еріксіз түсті. Анасының жып-жылы құшағына еркелей енген сүйкімді сәби тәрізді есік алдында ұршық иіріп отырған нағашы апама келіп, еркелей иіскеледі. Құмды өңірде көп жыл төрт түлік өргізіп, малдың тілін емеурінінен түсінетін апама сүйсіне көз салдым. Бір жағынан «ақтылы қойдан өрген осыншама қозының әрқайсысын қай уақытта еркелетіп үлгереді?» деген тосын сұрақ та ойға орала қалды. Алайда, мына қозы отарға қосылмай, өзімен-өзі үй алдындағы қара қазанды айналшықтап кетер емес…

«…Маңырар да отығар»

…Көк майсада жүріп отыққан қозыдай емес, өзі жадау көрінеді. Жүні жылтырамайды, үрпі-түрпі. Жанарының да оты әлсіз…

– Әрі!.. Сүтіңді жаңа іштің ғой, енді саған не керек?.. Аяғымның астына оратылып, осы да… Енесін қасқыр тартып, далада арам өліп еді. Содан міне, басқа амал жоқ, сиырдың жаңа сауған сүтін бөтелкемен беріп асырап келемін. Жетім қозы ғой!.. Осындайлардың әр жыл сайын кемінде біреуі жүреді, – деп, иесі әңгімесін бастады.

Өзім іштей ұқсам да, «анасы қайда екен, бәлкім өрісте болар» деп, қозыны жетімдікке қимап едім. Сөйтсем, бұл да анасының уызына жарымаған бейшара екен ғой. Қанша дегенмен тіршілік иесі ғой, бұл да әке-шешесінен айырылған жетімек сияқты, қимыл-қозғалысы да сылбыр, ойнақшып тұрған жоқ. Тек иесін көргенде ғана бір еркелеп алатыны бар. Ал, одан салқындық сезсе, басы салбырап, аянышты күйге енеді.

Көктемде нағашы апама көрісе барғанымдағы осы көрініс әредікте есіме орала береді. «Сол жетімек қандай болды екен? Өсіп, отығып, отарға қосылды ма?» деген ой мазалайды. Қалін сұрап, нағашы апама телефон шалып тұрғаныммен, қозының жайын сұрауға батылым-ақ жетпейді. Жиен деп қағытып алатын ол «қозыны сұрағанымды әзілге айналдырып, тіпті басқаша ойлап жүрер» деп тілімді тартып қаламын. Бірақ, неге екенін қайдам, сол қара қозыны есіме алсам, көз алдыма тағдыр теперішін көрген жетім баланың бейнесі келе береді…

Сәні қашқан «Шаңырақ»

Фәниде ешкімнің ата-ана мейірімінен айырылғанын қаламасақ та, маңдайына жазылған тағдыры ма, кей балалар жетім, ең ауыры тірі жетім атанып, өмірдің ащы дәмін татып жатады. Әлі өздігінен өмір сүре алмайтын оларды ертеде туған-туысы, егер бар болса ата-әжесі бауырына алып, қанатын қатайтса, қазір ондай мейірімді, қамқор жандардың қатары сиреп кеткен бе дерсіз. Өйткені, балалар ата-анасыз қалса жетімдер үйіне сүйрей жөнелетін «жанашырлардың» саны артқан. Кейде сырттай қарап отырып, бауыр мен ағайын осындай сәтте қамқор бола алмаса одан не қайыр деп, көңіл де суып жатады. Ал, сол ет жақыныңызды апарған жетімдер үйі оларға жылы ұя бола ала ма? Бізді ой топшылауға әкелген де осы сауал еді.

Атыраудағы отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы төңірегіндегі шу да соның айқын айғағындай. «Шаңырақ» жетім балаларды қамқорлайтын мемлекеттік мекеме болғанымен, оның соңғы кезде сыйқы қашты. «Теңізшевройл» компаниясы салып берген екі қатарлы үйлердің де сырт келбеті болмаса, ішінің жылылығы қалмағандай. Талғайраңның тоғайға жақын түкпіріндегі бұл «ауылдың» өмірі шынымен өзгелерден оқшаулана бастағандай…

Балалар ауылына қатысты әлеуметтік желіде тараған жағымсыз бейнебаяннан жасөспірімнің ол жерде үнемі қорлық көретіні, ұрып-соғу былай тұрсын, ауыз судың өзін мәжбүрлі түрде дәретханадан ішкізетінін білдік. Бейнебаяндағы баланың басын ұстап отырып, саналы түрде айтқандары ойдан шығарылмағаны даусыз. Өйткені, мұндай жағдай жыл басында да қайталанған екен.

Ақпан айында балаларды ұрып-соғу дерегі туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Ол балалар ауылының тәрбиеленушісі директордың оқушыларды ұдайы ұрып-соғатынын, сол себепті өзінен көмек сұрағанын айтты. Сенім телефонына қоңырау шалған бала өзін 9 жастан бастап 16 жасына дейін интернат директоры ұрып-соғып келгенін де жасырмаған.

Мұның қаншалықты зерттеліп, егжей-тегжейі анықталғаны да әзір бізге беймәлім. Білетінміз, сол кезде «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваның қызметінен шеттетілгені. Бірақ, содан бері бақандай бес ай өтсе де, балалар зәбір көріп келген. Ал, жасөспірімнің жанайқайы болмағанда бұл сұмдық қашанға дейін жалғасар еді?!

Тасжүректер неге көп?..

«Жетімнің жанын жабырқатпайды» деп жүрген «Шаңырақтан» баланың «шырылдаған» үні шыққан сәтте билік басындағылар да қарап қалмады. Шыны керек, әрқашан әлеуметтік сала үшін шыр-пыр болып, оқиға орнынан табылатын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мән-жайды өз бақылауына алып, өзіндік зерделеуін, алдағы атқарылар істің анығын әлеуметтік желілердегі парақшасында жариялады. Жағдайдың бақылауда екенін айтып, көпшіліктің көңілін орнына түсірді. Жасұлан Орақұлы мұндай сорақылықтың мекеменің жұмысшысы мен басшысының арасындағы келіспеушіліктің нәтижесі екенін ашық жазған. Абырой болғанда, екеуі де «бұрынғылар». Әйтсе де, соның салдарынан балалар жазықсыз жапа шекті. Облыс әкімінің орынбасары балалар мемлекеттің ерекше қорғауында болғандықтан, олардың құқығын қорғау үшін жедел шаралар қабылданатынын жеткізді. Мекемеге жаңа басшының тағайындалатынын айтып, бұл үшін қазір конкурс жарияланғанын да хабарлады. Ал, конкурстық ресімдер аяқталғанға дейін басшының міндетін уақытша атқару жүктелген Қасым Мұқашевтың өмірлік мол тәжірибесі «Шаңырақ» балалар ауылындағы күрделі ахуалды реттеуге зор септігін тигізетініне сенімін білдірді.

zhetim qozy 2

Сонда бұл тоқтамайтын не дау дейсіз ғой?.. Мұның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтай жатар. Әйтсе де, бізді онсыз да жарым көңіл балақайлардың құқын аяқасты ететіндей қоғамнан мейірімнің қашуы мазалайды.

Қазір әлемде орын алып жатқан жантүршігерлік зорлық-зомбылық, әлімжеттік, бала құқығының тапталуы сынды қатыгездіктер кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Тіпті, осы жат қылық «қанымызға сіңіп бара жатқан жоқ па?» деген ой да жаныңызды жегідей жейтіні анық. Өйткені, кез-келген оқиғаны қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болдық. Мән беріп көрсеңіз, көлік апатынан кісі өлсе, «авариядан қайтыс болыпты ғой» деп жайбарақат отыра беретін болдық. Құдды, ол адам шалынып құлағандай бейжаймыз.

Соған қарағанда, қазір оқыстан болған оқиғаларға адамның әбден еті өліп кеткен. Үй өртеніп, адамды көлік қақса да әуелі телефонына түсіріп жайбарақат жүретіндер бар. Сосын дым болмағандай әлгі келеңсіз жағдайды жағымды жаңалықтай әлеуметтік желіге жүктеуге асығатын тасжүректер көбейді. Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен жол-көлік оқиғалары ғана емес, адамдар қиналып жатқан сәтті де камераға түсіріп, дым болмағандай жүретіндер бар.

Ең сорақысы, мұны ешкім де қателік деп ұғынбайды. Бұл бүгінгі қоғамда адам бойындағы мейірім, жанашырлық секілді асыл қасиеттердің азайғаны емей немене?!

Райхан гүлі мен жәннаттың иісі

Мамандар қоғамда балаларға қатысты жантүршігерлік оқиғалардың көбейіп кетуін, яғни мәселенің түпкі негізі отбасылық тәрбиеде жатқанын, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екенін айтады. Ал, мына жағдайда балалар ауылында «балық басынан шіріп жатса» баланың келешегінен үміт күтуге бола ма?! Айналасынан жәбір көрген бала да қатыгездікке бой ұрмасына кім кепіл?!

Ал, қазақтың ұлттық тәрбиесі о бастан «судың да сұрауы бар» екенін айтып, адамдарды өзгеге қылдай қиянат жасамауға шақырады. Сондықтан, жетімдер үйіне көнекөз қариялар барып, ақыл-кеңесін, өмірден көрген-түйгенін айтып тұрса қандай ғанибет.

Ұлттық тәлім-тәрбиемен қатар адамгершілікке, тазалыққа, адалдыққа үндейтін дәстүрлі дініміз де баланы Алланың аманаты санап, оған қамқор болуға шақырады емес пе?! Облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Мұхаммед пайғамбардың балаға ерекше сүйіспеншілікпен қарағанын былайша келтіреді:

– Ислам дінінде баланы дұрыс тәрбиелеуге зор көңіл бөлінеді. Дініміз ұл мен қызды өз табиғатына сай істерге жастайынан үйретуге, еңбекқорлыққа, тазалыққа, дене шынықтыруға, адамгершілік пен әдепке баулуға ерекше мән береді. Дұрыс қоғам құру – сәби кезінен алған тәрбиеге байланысты. Ол үшін ата-ана көбірек сауатты болып, бірінші кезекте өздері үлгі көрсете білуі қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаларды райхан гүліне ұқсатып, ал иісін жәннаттың иісіне теңеген. Бір күні немерелері Хасан мен Құсайынды арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа намаз оқыту үшін орнына барып тұрады да, балаларды оң жағына отырғызады. Алла расулы сәждеге барған кезде оны ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық: «Уа, расулалла, намазда сәждені көбірек создыңыз. Мұндай сәждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Алла Тағаланың әмірі ме?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Алланың әмірі емес. Немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім» деп жауап береді (Мүстәдрак, 3/165-166). Тағы бірде немересі Хасанды еркелетіп, сүйіп отырса, қасына келген Ақра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын әлі күнге басынан сипап, маңдайынан сүйген емеспін» дейді таңданып. Сонда: «Сен басқаларға мейірімділік танытпасаң, Алла да саған мейірімділік көрсетпейді» деген екен пайғамбарымыз (Әбу Дәуіт, Әдаб 156), – деп, бас имам сөзіне басқа да нақты мысалдар келтірді.

Шынында да, әр ата-ана баласын көзінің қарашығындай қорғай білуі керек. Адами тұрғыдан да, Алланың жазуында да бұл пендеге парыз болмақ.

Түйін:

Аузынан ананың ақ сүті кеппеген төрт-ақ жасар баланың кінәсі қандай? Жалпақ дүниеге сыймай кететіндей жазығы не еді? Былтыр желтоқсанда Ақтөбе қаласындағы Даниелдің өлімі, анығында трагедиясын естігенде төбемізден жай түскендей болды. Ал, қазір өз баласын қалай өлтіргенін қандықол әке сот алдында шімірікпестен айтып отыр. Онсыз да ананың аялы алақанын көрмей, сәбилер үйін паналаған баланы жауыз әке жазым қылды.

Зер салсаңыз, мұндай оқиғалар ел ішінде көбейіп барады. Басқасы түк емес, өз туғанын тағдырдың тепкісіне салып, түбіне жеткен жайттар да жетіп-артылады. «Айналайынын» айтпайтын ана, өз баласын аямайтын әке, жалпы жетім бала қайдан шығады?!

Нарықтық экономика мен жаһандану заманында адамдар қатыгезденіп, бұрын-соңды естімеген қылмыстар белең алды. Бұл – адамның азуы ма сонда?..

Ендеше, жәудір көз жетімді жылатпай, жылағанды жұбатып, сүрінгенді демеп, ауырғанға көмек беріп, жақын-жуыққа мейлінше қамқор болуға тырысыңыз, ағайын. Өйткені, қатыгез қоғамды мейірім ғана құтқарады…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Коллажды жасаған Айнагүл Жолдыбаева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз