Жарнама
Қоғам

ЕЛБАСЫМЕН ЖҮЗДЕСКЕН ЕЛЕУБАЕВ

Астанадан үлкен әсермен оралған майдангер Әбдірахман Елеубаев атамыз елге келген соң да аудан тұрғындарымен, мектеп оқушыларымен кездесіп, Елбасының өткен тарих, заман үрдісі, елдік тұрғыда айтқан қастерлі қағидаттары және өзінің қиын-қыстау кезеңде басынан кешірген тағдыр-таланы туралы толғанысты сыр шертті.

Ал, бүгінгі ұрпақ ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкенде, соғыс ардагерлерінің жан беріп, жан алысқан ерлік жолдарынан әскери-патриоттық тәлім-тәрбие алып, отаншылдық сезімдерін қаншалықты кеңейте алып жүр? Бұл ретте Әбдірахман Елеубайұлының  өмір тарихына, майдан соқпағына үңілер болсаңыз, өмір мен өлімнің аражігін ажырата алатын көп нәрсені аңдап, адамзаттың ар-намысын, бірлік пен біртұтас елдіктің, бейбітшілік пен тыныштықтың қадір-қасиетін жете ұғына алар едіңіз. 

Тылдағы баланың тағдыры

«Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар».  Дәуір дәліріп, заман зар қақсатқанда, мұны мың өліп, мың тірілген атам қазақ айтып кеткен ғой. Екінші дүниежүзілік соғыс есік қаққанда ел-жұрт ес тандыратын тағы бір зауалдың төніп келгенін түйсігімен сезген-ді.

Талайлы тағдыр ма, тағдырдың көрсетер тепіреші ме бұл?! Төскейіне төрт түлік мал өргізіп, еңіске егінін егіп, тыныш жатқан Калинин ауылдық Кеңесі аймағы да  алатайдай бүлінді. Өңшең өндір жастарды, ауылдың бас көтерер азаматтарын әскерге әкетіп жатыр. Біреудің жалғызы, біреудің сүйеніш-тірегі болған асыраушысы… Өзін жақсы көріп еркелететін көкесі, яки әкесінің інісі Боранбай да майданға аттанды. Кәмелет жасқа әлі тола қоймаған Әбдірахманға бозбала дәуреннің қызығын қуып кететін дәрмен қайда, он алты жасында еңбек торысын ерттеп мінді. Колхоздың қым-қуыт тірлігінің шегі жеткізбейді, шаруа шаш-етектен, рауандап таң атқаннан ымырт үйірілгенше бітпейтін тауқыметі иық талдырады, иіні келмей милықтырып, митыңдатады.

Кіндік қаны тамған қайран, Айранкөл! Жиырма алтыншы жылы күздеуде дүние есігін ашыпты сонда. Төрт қыздың ортасындағы жалғыз ұл өзі болғандықтан ба, еркелеу өсіп келе жатқан, ессіз соғыс еркелігін де тыйып, ерте есеюге мұны да еріксіз мәжбүрледі.

Қарашаңырақтың мұрагері  тілеуі беріп, көкесінің от пен оқтың ортасынан аман келетініне үміт артса да, қараша ауылды қара жамылдырған «қара қағаздардың» қарасы көрінсе қатты сескенетін. Сол қорқынышы қасірет шемені болып, көкірегін жайлап аларын сезді ме екен бозбала жігіт. Көкесі, әкесінің бауыры Боранбай Есімовтен 1942 жылы мамырда «Воронежде қорғаныста жатырмыз» деген бір хат келгеннен кейін хабар-ошарсыз кеткен.

Ал, жеңгесі Зағипа Есімова – тылдың табанды майталманы, Калинин ұжымшарының озат сауыншысы, егіс бригадирі, аудандық және облыстық Кеңестің депутаты болғандығымен ел есінде қалған жан. Екеуінің бауырынан өрген Төлеуіш сұрапыл соғыс басталғанда төрт жаста еді, еңбек жолын Жылыой шаруашылығынан бастады, біраз жыл Тайкеткенде зоотехник болды, қаракөл елтірісін дайындаумен айналысқаны есінде. Соңыра  Мақатқа кетіп, ет комбинатында, мұнай-газ өндіру басқармасының қосалқы шаруашылығында жұмыс істепті. 

«Қосшағылдан аттанғанда 96 едік…»

 — Ордалы жыландай өңмендеген жауды өз ұясында талқандап, елге жеңіспен оралу, кеудесінде оты бар қайран жастың қай-қайсысының да көкейінде көктеген арманы еді ғой. Қан майданға аттану кезегі маған бұғанам бекіп, буыным қатайған он сегіз жасымда, яғни 1944 жылы майдан айлапат от пен оқ құсауында қайнап, қара жер мен көк аспан қуырылып тұрған шақта келіп еді, — дейді Әбдірахман аға сол бір кезді сәл мұңая еске алып. – Қосшағылдағы әскери комиссариаттан 96 көкөрім жас машинаға лық толып, туған өңірді қимай-қимай аттанғанымыз есімде. Әскери комиссар Н.Никифоровтың «Өз борыштарыңды адал өтеу – қасиетті жерімізге жаудың табанын тигізбей, өз ордасында жайратып қайту» деген қатқыл даусы құлағымыздан кетпейді. Доссордағы клубта екі-үш күн жаттық. Аудандардан, ауылдардан келген ақжайнақ жігіттер қатарымызды толықтырып жатыр. Әскер қатарына алынғандар бір эшелон болған кезде әскери пойыз  бірнеше күн жүріп, Ресейдің Чкалов қаласына келді, Орынбордың күнбатыс жағы. Павловка, Андреевка дейтін екі деревняда 13-ші Оңтүстік Орал соғыс округі орналасқан екен, жан-жақты атқыштар дивизиясы жайлап жатыр. Соның 361-ші полкі жаңа толқын жастарды қабылдап, жаяу әскердің соғыс тәсілдеріне үйретті. 

Берлин түбіндегі шайқас

Әбекең сәл  ойлана қалып, әңгіме тиегін ағыта түседі. Майдан шебіне аттанған жауынгерлердің жаңа жасағы Шығыс Пруссия жеріне табан тірейді, орталығы –Калининград. Тағы да әскери жаттығу, ұрыс қимылдарын жүргізуге үйрену. Мұнда 120-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 339-шы полкінің құрамына кіреді. Бұл – бірінші Белорус майданындағы әйгілі әскери құрама. Полкте қазақтармен қатар, түркімендер, өзбектер де аз болмапты. Жанында Тұрым Жұмашев деген жігіт болған екен, ысық, ол да Жылыойдың тумасы, Шоқпартоғайдікі. Сөйтіп, Берлиннің солтүстік-шығысында ұрысқа кіреді. Осы арада «Совет Одағының Ұлы Отан соғысы» атты кітаптағы деректерге жүгінсек, бірінші Белорус майданының әскерлері Познаньның батысында және солтүстік-батысында Германияның шекарасынан өткеннен кейін, екінші Белорус және бірінші Украин майдандарымен бірлесіп, Берлин операциясын жасаған екен. Олар неміс-фашист әскерлерінің Франкфурт-Губен топтарын қоршауға алып, жойып жібереді. Сәуір айының 25-жұлдызында Берлинді түгел қоршауға алады.

Әбдірахман ағаның естелігі де осы жылнама-шежіре үзінділерінен алыс кетпей, қайта кіріге ұштасып жатыр.

— Әлі есімде, Берлинге отыз шақырым жақын қалдық. Жау тұяқ серпер сәті таяп қалғанын сезгендей, жанталаса қарсылық көрсетіп бағуда. Артиллериядан күндіз-түні атқылайды. Соған қарамастан полктің жаяу әскер құрамы тыңнан шабуылдай отырып, жанқиярлықпен шайқасты. Сөйтіп, жаудың бір атқыш ұясын және он зеңбірегін жойып, 350 солдатын тұтқынға алды, — дейді майдангер аға. — Содан кейін күніне ондаған шақырым ілгері жылжып кеттік. Жолдасым Тұрым қолынан жараланып, госпитальға түсті. Қайда барсаң да, дүркін-дүркін снаряд жарылып, оқ борайды. Ост-Одер мен Вест-Одер өзендері аралығындағы ойпатты жаудан тазартқан майданның негізгі күштері суы терең Вест-Одерден өтіп, өзеннің сол жақ жағалауындағы қорғанысты бұзады. Мен осы тұста, Берлиннің солтүстік қақпасы — Бранденбургке жақын жерде жараландым. Өзеннен қайықпен өтіп, жағалаудан шыға берісте жата бергенім сол еді, оң иығымнан тиген соққы ұшырып түсірді, снаряд жарқыншағы екен. Есімді жия алмай госпитальда үш күн жатыппын… 

Өскен ортаға оралу

1945 жылы қазан айының 18 жаңасында Германияның Познань қаласында бірінші демобилизация болғанын қария жүзіне  қуаныш нұры ойнап, жымия еске алады.

-Баяғыдай, майданға аттанғандағыдай бір эшелон жауынгер, бірақ ол жолғыдай өзімізбен өзіміз тұйық, әр алуан ойға батып, түнеріп емес, бұл жолы ақтарыла қуанып, шалқып келеміз. Бәрі де елге жеткенше, туған қарашаңырағымен, бауырларымен, ең жақын адамдарымен табысқанша асығады, — дейді Әбдірахман аға. – Польшадан бері шекараға келгенде, әркім өзінің қалаған бағытына бытырап жатыр. Ажал аранынан аман қалып, аз күн дәмдес болғандар бірі-бірімен қимай қоштасады. Киевте аз күн аялдадық. Қала қираған, ғимараттардың сау-тамтығы жоқ, айналаңа қарасаң, бейне бір теп-тегіс күреп тастағандай. Осында Жылыойдың тумасы Нұрмұханов дейтін жауынгермен табыстым. Мәскеуге бағыт алған пойыздың жайдақ вагонына орналасқанымыз есімде. Сөйтіп, 1945 жылы қарашаның 18-жаңасында қарашаңырағымның қақпасын жүрегім лүпілдеп қағып тұрдым… 

Сауда саласында – қырық жыл

Әбекең соғыстан кейін жаралы иығы сыздап ауырып, сегіз жыл жүріпті. 1952 жылы ғана ота жасатады, сөйтсе оқ жарқыншағы денеде  қалып қойған екен. Таңғалдырғаны – дәрігердің «уақыт өте келе оқ қалдығы иығыңыздан ауып, оң қарыңыздан шықты» дегені болды. Бұдан кейін бейбіт өмірдің мамыражай тірлігінің бел ортасында жүреді. 1950 жылға дейін Калинин ауылдық Кеңесінде хатшылық жұмыс атқарады. Ал 1952 мен 1992 жыл аралығы, яғни қырық жыл мұнайлы кентте – Құлсары жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде аға бухгалтер, бас экономист, бас бухгалтер қызметтерін атқарды. Ол «Кеңестік сауда үздігі» төсбелгісіне ие.

Тағдыр тауқыметі ата буынның өкілін айналып өткен жоқ.Соғыс зардабы жүрегіне жара салса, өмірлік серігі болған жан-жары осыдан он жыл бұрын дүние кешті.

                          * * *        

Жауды жайратқан жасын-ғұмыр! От кешсе де, оқ тессе де, өзегі қарс айырылса да, өлімге мойынсұнбаған қайран жастық- ай! Жасамыс тартса да жайсаң ағамыз Әбдірахман Елеубаев қасиетке де, қасіретке де душар болған ғұмырнамасына кінә артудан аулақ.  Өйткені, бұл – пешенесіне жазылған тағдыр екенін жақсы түсінеді.  Сол тағдырының соқтықпалы соқпағында ата-анадан да, әпкелері Қырмызы, Жайшылық, Сұлу, қарындасы Сәндештен де көз жазды.

Әйтеуір, ескен желдей, көшкен сеңдей жылдардың жалына жармасып, көгілжім нұрдай көкжиекке сіңіп бара жатқан қариялығына да шүкіршілік, тәуба дейді.  Өйткені, кеудесін тұтас көмкерген бірінші дәрежелі Отан соғысы, Ресейдің «Жеңіске қосқан үлесі үшін» ордендерінің, «Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков медалінің, басқа да бейбіт кезде алған берекелі марапаттарының түп-негізін қозғап, тиегін ағытса, таңды асырып айтатын тағылымды, патриоттық сезімге толы парасатты, пайымды тұстары мол.

 

Қаржау ОРАЗБАЕВ, меншікті тілшіміз, Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button