ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫ: МАҚСАТ ПЕН МЕЖЕ

Қоғам

Кәсіпкер боламын деген ой бұған дейін үш ұйықтаса да, түсіне кірмегендердің бірі – Қайыржан Ізбасов. Ол өз ісін нөлден бастағандардың алғашқы шоғырынан. Махамбет ауданына қарасты Таңдай селосында тұратын ол бүгінде шағын ғана шаруа қожалығын дөңгелентіп отыр.
«Өз кәсібімді ашуға ойламаған жерден келдім десе де болады. Бұған дейін Теңіз кенішінде вахталық әдіспен жұмыс істеген едім. Қарап отырсам, отыз жыл бойғы уақытым сол вахталық жұмысқа кетіпті. Бізде жасы елуден асқандарды жұмысқа алудан қашқақтайтын әсіре түсінік бар ғой. Қысқартуға ұшыраған соң, табыстың көзін табу керек болды. Сөйтіп жүргенімде мемлекеттен шағын несие алып, бір кәсіпті бастауға болатынын естідім», – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Рас, қай нәрсені де бастап кету оңай емес. Мәселе – тек қиындықтарды жеңе біліп, төзімділікпен сынақтарға шыдас бере білуде. Қайыржан аға алғашында біраз қиындықтардың болғанын айтады. «Негізінде 3 млн. теңге көлемінде несие алғым келген. Бірақ, ол соманы ала алмадық. Бұл жоба жаңадан қолға алынып жатқандықтан, аудан 12 млн. теңге көлеміндегі сомаға ғана сұраныс жіберген болып шықты. Кейін тілек білдірушілер көбейіп, осы сома бірнеше азаматқа бөлінді. «Қой, асыл тұқымды жылқы малын көбейту» тақырыбындағы бизнес-жоспарымды тапсырып, 1 млн. 750 мың теңге көлемінде несие алдым. Сол соманы барымша үнемдеп жұмсауға тырысып жатырмын. Мал алдым, жайылым жер сатып алдым. Енді бір үлкен қора салып алу ойда бар» деген ол үш адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтады.
Қазақ өзі «тіл-көз тиеді» деп, сақтана сөйлегенді жақсы көретін халықпыз ғой. Ағамыз кәсібін ашқаннан бергі екі жыл уақыт ішінде мал басын қаншалықты көбейткені туралы айтудан қашқақтады. Ол да дұрыс болар. «Әйтеуір, шүкір, ісіміз оңға басып келеді. Жылқыларым қазір құм жақта. Күзге таман жандық малды ауылға қарай әкелемін деп отырмын. Алға қарай фазенда тұрғызу ойда бар. Сондықтан, қосымша несие алу жағын қарастырғалы отырмын. Мал суғаратын бассейн де керек, қосымша үй де тұрғызу қажет» деген Қайыржан Ізбасов басты мақсаты мал шаруашылығын дамыту, оның өнімдерін нарыққа шығару екендігін айтады.
«Қазір мал басын көбейтіп алуды ойлап отырмын. Онан соң ет, сүтпен қоса, жүн өткізіп тұратын нүктелерді қарастырамын. Техникалық жабдықтар алып, шаруашылығымды ұлғайту да ойда бар. Бұл енді алдағы күннің еншісіндегі мәселе», – дейді кәсіпкер.
Ендеше, ағамыз бұл ойлағандарына да жетер. Осындай кәсібінен нәсібін тауып отырған азаматтарымыз екі қолға бір күрек таппай сандалып жүрген жастарымызға үлгі болса, Елбасымыз айтқан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына да қол жеткізер күн алыс болмас-ау…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған