ЕЛБАСЫ ШЕШІМІНЕ РИЗАМЫЗ
Ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру елімізде халық арасында әр қилы ой тудырғаны бәрімізге белгілі.
Әрине, бүгінгі күні зейнетақы жүйесін реформалау туралы заңға өзгертулер енгізу керек болар. Бірақ, қоғамда бұл мәселе кеңінен түсіндірілуі, нақтылануы қажет.
Жалғыз біздің мемлекетіміз емес, қазір көптеген елдерде зейнетақы жүйесі реформалануда. Себебі, өмірдің орташа ұзақтығы артып келеді, сонымен қатар, еліміздің қазіргі зейнетақы жүйесіне жасалып отырған талдау экономикалық және демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты бірқатар проблемалар барлығын көрсетіп отыр.
Сол себепті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына зейнетақы реформасының мәселелері жөніндегі Үндеуінде айтылғандай, әйелдердің зейнет жасын 2014 жылдан емес, 2018 жылдан енгізуді ұсынуы әйел қауымы үшін маңызы зор. Себебі, аталған мерзімге дейін кейбіреудің зейнетақы қорындағы қаржысын көбейтуіне мол мүмкіндіктер беріліп отыр.
Президент реформа қажеттігін айтумен бірге, сол реформаның мәнін елге кеңінен насихаттау ісі дұрыс жүргізілмегеніне де назар аударды. Осыған орай, біздің партияның облыстық филиалы арнайы жоспар жасақтап, зейнетақы реформасын түсіндіру мен насихаттауға күш салуда. Бұған мәслихат депутаттары, Саяси Кеңес мүшелері мен партия белсенділері жұмылдырылуда.
Елбасы Үндеуінде қолмен қойғандай зейнет жасын ұзартудың жолдары нақты көрсетілді. Бұл шешім барша әйелдер қауымы мен түрлі қоғамдық ұйымдардың да қолдауына ие болып отыр. Тағы бір ерекшелігі, енді зейнетақы қорларына аударылатын түсім 5 пайызға жұмыс беруші есебінен молаяды. Бұл — әбден құптауға тұрарлық ой.
Әрине, біздің елде еңбек етіп, табыс табу үшін барлық жағдайлар жасалған, олай болса осы мүмкіндікті пайдаланып, білім мен біліктілігімізге сүйене отырып, біз де өз тарапымыздан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Мемлекет басшысының саясатын қолдап, тәуелсіз елдің дамуына атсалысуымыз қажет.
Айсұлу ҚОНДЫБАЕВА,
«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары.