Еламан Саясатов Тайландта өткен әлем чемпионында алтын иеленді
22-27 шілде күндері Тайланд елінде муай-тай спортынан студенттер арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын. Бұл жарыста атыраулық спортшылар 1 алтын және 1 қола медальге ие болды.
Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 54 келі салмақта Қазақстанның ең титулды спортшысы, бүкіләлемдік ойындардың жеңімпазы Еламан Саясатов ел намысын қорғады. Ақтық сында спортшымыз Ресейлік Асланбек есімді спортшыны 29:28 есебімен тізе бүктірді.
«Ресейлік спортшымен болған финалдық кездесу оңайға түскен жоқ. Себебі, қарсыласым танымал әрі тәжірибелі. Соңғы рет онымен Польша елінде айқасып, жеңіске жеткен болатынмын. Сондықтан ескі қарсыласымды алдын ала біліп шықтым. Мақсатым — қатысқан барлық жарыстарымда жеңіске жетіп, Қазақстанның атын шығару», — дейді Еламан Саясатов.
Айта кету керек, одан бөлек 63,5 келі салмақта Әбіл Галиев қола жүлдегер атанды. Ол іріктеу кезеңінде польшалық Сигерт Оскарды ұтты. Жартылай финалда Беларусь спортшысына есе жіберді.
Хорлан Смадияр