ЕЛ ҮШІН ЕТКЕН ЕҢБЕК
Ұшқан ұя
Ол қызмет жолын қатардағы мұғалім болып бастаған. Жастайынан оқуға зерек болған Мұхит Мұхтарұлы өзі туып-өскен бұрынғы Новобогат ауданының Бегайдар ауылындағы орта мектепті үздік бағамен тәмамдаған соң, Гурьев қаласындағы педагогикалық техникумына мұғалімдік мамандығын алу үшін аттанады. Қатарластарының алды болып, білімі мен білігі арқылы аяулы ұстаздарының үлгілі шәкірттеріне артқан үміті ақталып, оны да өте жақсы бағамен аяқтайды.
1936 жылы қолына дипломын алған жас маман, бала күнінен армандаған ұстаздық мамандығы бойынша жұмысқа алынып, туған ауылындағы орта мектепке орналасады. Бастауыш мектептегі меңгерушілік лауазымында еңбекке араласқан ол қашан да ұйымдастырғыш, білімді кадр болуымен ерекшеленеді.
Білімі жоғары, ізденімпаз, ұйымдастырушылық қабілеті зор қызметкер ретінде ел мақтанына айналды. Қарапайым ауылдағы шағын мектептегі білім беру жүйесінің ілгерілеуіне бар күш-жігерін жұмсаған Мұхит Мұхтарұлы көп ұзамай, Тұщы-құдық, Бабан, Орпа, Бірлік ауылдарындағы бастауыш орта мектептер базасында ұйымдастырылған Карл Маркс атындағы орта мектептің алғашқы директоры болып тағайындалды.
Жаңа мектепті жасақтау, қажетті мамандармен толықтыру сынды жұмыстар тыңнан түрен салғанмен бірдей екендігі белгілі. Осы жауапты жұмыстардың жүгін арқалаған жаңа мекеменің жас басшысы мол тәжірибе жинақтай жүріп, біліктілігі арқылы жауапкершілігі жоғары жұмысты өз деңгейінде атқара білді. Кадрларды тану, оларды қызметке алу – саланың оңға басуына септесетін бірден-бір фактор екені белгілі. Осыны ескерсек, Хамидолла Нәубетов, Шәрен Ахметов, Хұсниден Пазылов, Қамеш Меңдалиев сынды тұтастай облыс көлеміне танылған ұстаздармен ұжымын толықтыруы М.Мұхтарұлының кәсіби біліктілігінің айқын белгісі іспеттес.
Өз ісінің білгірі
Қай іске де байыппен қарап, аса жоғары жауапкершілік танытқан маманның ісіне тәнті болған Новобогат аудандық партия комитеті оның мектеп ісін жоғары дәрежеде ұйымдастыра білген шеберлігін ескере отырып, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымына жоғарылатуды жөн көреді.
Бұл істе де өз қабілет-қарымын шыңдай түскен маман еңбегі еш кетпеді. Білім саласы жетіліп, қажетті кадрлар қызметке тартылды. Мұхит Мұхтарұлының ұйытқы болуымен мектептердің базалары жаңартылып, жастардың білімге деген құштарлығы арта түсті. Ал, 1942 жылы Теңіз аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. 1944 жылы оған «орда бұзар отызында» Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің келісімімен алғаш ұйымдастырылған Қызылқоға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметі сеніп тапсырылды.
Тұтастай бұл кезеңнің партия үшін де, халық үшін де аса ауыр болғаны сөзсіз. Ұзаққа созылған Ұлы Отан соғысынан әбден қажыған ел жоқшылықтың дәмін татып, жаралы жылдарды бастан кешуде еді. Жаңадан ұйымдасқан ауданның бар шаруашылығын бір арнаға салу – аса ауыр болғаны айтпаса да белгілі. Жұмысқа тартылғандардың дені әйелдер мен өрімдей жас балалар. Еңбек етер ер-азаматтар саусақпен санарлық. Олардың да басым бөлігі – соғыстан оралған кешегі жауынгерлер. Сол бір сын шақты еске алған КСРО, ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері Нұр-Мұхаммед Есенәлиев«Бұл жылдар Мұхаң өміріндегі ең ауыр кезең болғандығы аян. Бірақ, ол ешқашан хатшы тағында, кеңсе ішінде отырған емес. Үнемі ат үстінде, сапарда болып, елдің ертеңгі күнге, жарқын болашаққа деген үмітін оятып, еңбекке жұмылдырды. Ол кезде ауылшаруашылық еңбеккерлері азаннан ақшамға дейін тер төксе де, алары аз, тұрмыс тауқыметін тартып жататын. Күнделікті ішіп-жемнің тапшылығы, киер киімнің зәрулігі айқын аңғарылған қысылтаяң шақ еді ғой. Өндірісте де техника жоқ, жұмыстың барлығы қол күшімен атқарылады. Осындай сан салалы тығырықтан шығу, ауыл шаруашылығын аяғына тұрғызу үшін тапқыр ой, тартымды жаңалық, батыл бастама мен жедел қимыл қажет-ті. Ал, осы қасиеттердің бәрі де Мұхаңның бойынан табылған-ды» дейді.
Жаңадан құрылған аудан экономикасын дамытудағы Мұхит Мұхтарұлының еңбегі ескерусіз қалмай, облыстық партия комитеті оны Алматыдағы жоғары партия мектебіне теориялық білімін жетілдіру мақсатында оқуға жібереді.
Саяси таным, білімін шыңдап келген ол Орталық комитеттің ұйғарымымен Гурьев облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған шағында да жауапкершілік жүгін терең сезініп, сенім үдесінен шыға білді. Халықпен етене араласып, қоян-қолтық жұмыс жасауының нәтижесінде ауыл шаруашылығын өрге сүйреу сынды партия тапсырмасына сай, Жылыой ауданындағы «ХХ партсъезд», кейіннен ірілендірілген «Қазақстан» ұжымшарына төраға болып сайланған кезде де «еңбегіңе адал бол» деген ұстанымды өмірлік серік қылып, зор абыройға кенелді. Қарамағындағы қызметкерлерді жасына қарамастан, талабы мен біліміне, табандылығы мен білігіне қарай қызметтік өрлеу сатысына жетелеген Мұхит Мұхтарұлы бірнеше буын мамандарды даярлап, бір топ жастың жауапты жұмыстарға тартылуына себепкер болған-ды. Бұлай деуімізге онымен үзеңгілес жұмыс жасаған ұжымшар белсенділері, ферма басқарушылары Қапан Балжігітов, Сұлтанғали Таласов, Ізтұрған Бөлеков, Ахат Нұрханов, Өтеп Бакуов, Жанәбіл Төленов сынды азаматтардың ала таңнан түн жарымына дейін тынымсыз еңбек етуі, соның нәтижесінде аудан экономикасын көтеруі дәлел бола алады.
Мұхит Мұхтарұлы 1968 жылдан бастап Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасында директордың орынбасары қызметінде зейнеткерлік жасына жеткенге дейін еңбек еткен еді.
Мәуелі бәйтерек
Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, ел үшін төккен тердің өз өтеуі болады. Сол секілді ардақты азаматтың айтулы еңбегі өз кезінде атаусыз да қалмады. Аудандық, облыстық кеңестің депутаты болып сан жылдар абыройлы қызмет атқаруы, съездерге делегат болуы, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталуы – маңдай тердің жемісі.
Ауыл, аудан мерейі үшін атқа қонып, үйден гөрі сыртта жүретін уақыты басым ер-азаматтың шаңырағының алтын діңгегі – отанасы. «Отбасының ұйытқысы, үй тірлігін дөңгеленткен мақтаулы ана, аяулы жар болуымен қатар, қашан да қонағы арылмайтын үйге ат басын тірер меймандардың жағдайын жасау Мұхит Мұхтарұлының жары Нәзираның өте жоғары деңгейде атқара білген жұмысы болатын» деген көз көргендердің ел аузында жатталған сөзі – бұл отбасына берілген шынайы баға.
Төрт ұл мен бір қызға тәлім мен өнеге беріп, олар әке абыройына дақ түсірмеді. Мұхит Мұхтарұлының зайыбы Нәзира да – шәкірт тәрбиелеу ісінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған ардагер ұстаз болған жан.
Ұрпағынан бұйырған игілікті көрген бұл жандар қазірде бақилық болса да, есімдері ел жадында. Жылыой ауданына сіңірген ерен еңбегінің белгісіндей болып бұл күнде Құлсарыдағы бір көше Мұхит Мұхтарұлының атымен аталады.
Гүлжан ӘМІРОВА.