ЕЛ ҚОРЖЫНЫНДА – ТӨРТ АЛТЫН
Бокстан әлем чемпионатының ақтық сындарын тамашалау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Алматыға ат басын бұрып, саңлақтарымызға қолдау көрсетті. Мұның өзі боксшыларымызға жігер бергені анық.
Ұлт құрамасы қоржынына алғашқы алтынды әкелген – 49 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Біржан Жақыпов. Ел чемпионатының ақтық сынында ол алжирлық Мохаме Флиссимен жұдырықтасып, 3:0 есебімен ұтты.
Оның жеңісті жолын жалғастырған Мерей Ақшалов 64 келі салмақ дәрежесіндегі ақтық сында кубалық Ясниер Лопеспен кездесті. Қарсыласқа еш мүмкіндік бермеген қандасымыз 3:0 есебімен таза жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағып, Туымызды биікке көтерді.
Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов те үмітті ақтап, жеңіс тұғырынан көрінді. 69 келі салмақта ол кубалық боксшы Ариснойдис Диспейннен сауатты қорғанып, оны өзіне жақындатпай қойды. Есеп — 3:0.
Жекпе-жектен соң әсерлерімен бөліскен Мерей өз жеңісін Қазақстанға арнайтынын жеткізсе, Данияр Елбасына арнады.
75 келі салмақта шаршы алаңға шыққан қазақтың қайсар ұлы Жәнібек Әлімханұлы ирландиялық боксшы Джейсон Куиглидің уысынан жеңісті суырып алды. Жәнібектің ауыр соққысы қарсыласты нокдаунға түсірді. Ересектер деңгейіне қосылғанына бір жылдай уақыт өтсе де, Жәнібек әлем чемпионатының ақтық сынынан көрінді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін ол сенімді және жойқын соққылары арқылы құрама сапындағы төртінші алтын медальға қол жеткізді.
Ақтық сынға жолдама алғандар қатарындағы маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов да қарсыласы кубалық былғары қолғап шебері Хулио ла Крус болды. Қарсыласқа есе жіберген ол ел қоржынын күміс медальмен толықтырды. Есеп — 2-1. Айта кетсек, Әділбек өткен жылы Лондон олимпиадасында да күміс жүлдегер атанса, Азия чемпионатында да қарсыласқа жол берген болатын. Ал, осы жолы Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанып отыр.
Лондон олимпиадасында қола жүлдені еншілеген Иван Дычко да әлем чемпионатының ақтық сынында қарсыластың осал тұсын таба алмады. Ел қоржынындағы екінші күміс медаль – Иванның еншісінде. Жекпе-жек тең дәрежеде өтіп келгенімен, үшінші раундта әзірбайжандық боксшы отандасымызды нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. Төрткүл дүние көз тігіп отырғандықтан, бұл жай қатардағы жарыс емес. Әділбектің де, Иванның да қарсыластары осал болмады. Талай дүбірлі додаларда мықтыларды жолдан ығыстырған былғары қолғап шеберлері. Сондықтан, бұл күміс жүлделердің де салмағы қазақ халқы үшін ауыр.
Ал, қола жүлдеге қол жеткізген Қайрат Ералиев (56 кг) пен Берік Абдрахманов (60 кг). Қазақ спортының тарихында мұндай жеңіс болмаған. Жартылай финалда сегіз қазақстандық боксшы өнер көрсетіп, оның алтауы финалға жолдама алды. Айта кетсек, 2005 жылғы Әлем чемпионатында екі ғана отандасымыз – Серік Сәпиев пен Ердос Жаңабергенов алтыннан алқа тағынған еді. Ал, осы жолы AIBA-ның шешімі бойынша, жылдың ең үздік жаттықтырушысы Қазақстан құрамасының бапкері Мырзағали Айтжанов болса, үздік боксшы ретінде Данияр Елеусінов танылды. Сондай-ақ, ел құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады. Бұл – қазақ спортының әлемдік деңгейде танылғандығының көрінісі.
Мұндай деңгеймен қазақ боксы қарыштап дами бермек. Осындай жетістікке тек әлем чемпионатында ғана емес, олимпиада ойындарында да жете берейік.