Ел ертеңіне – ерекше көзқарас
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы болып өтті. Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Балалар мен жасөспірімдерді медициналық-сауықтыру шараларымен қамту және оқушыларды мектепке тасымалдауда қауіпсіздікті сақтау жайы талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша сөйлеген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров қазіргі таңда өңірімізде балалар арасында қан және қаназдық аурулары мен көз аурулары белең алып отырғанын айтты. Одан кейінгі орындарда тыныс алу, жүйке жүйесі аурулары тіркеліпті. Мәселен, облыста балалар арасында көз аурулары 16,6 пайыз болса, республикалық көрсеткіш 10,9 пайызды құрайды. Байқағанымыздай, ел бойынша салыстырғанда аурушаңдық белгісі аймағымызда 1,5 есеге жоғары.
Балалардың арасында кеңінен тараған бұл дертке алаңдаушылық білдірген Әлібек Ибатоллаұлы аурудың алдын алу бағытында жасалынып жатқан жұмыстарды сұрап, себеп-салдарын нақтылауды басты назарға алды. Өз кезегінде облыстың бас дәрігері бұл олқылықтарды оқу орындарындағы жарықтардың талап-нормаға сай келмеуімен байланыстырды. Бала дүниеге келгеннен 18 жасқа дейінгі аралықта скринингтен өтеді. Облысымызда бұл санаттағы балалардың саны өткен жылғы бірінші тоқсандағы мәлімет бойынша – 170 671. Алайда, медициналық тексерістен өткені 28758 болып отыр. Яғни, балалардың 16 пайызы ғана тексеріске барған. Мұның себебін Аманбек Қабдешұлы «оқу жылы басталып, құжаттардың жедел түрде уақытылы толтырылмауынан көптеген бала дәрігердің алдына бара алмай қалған» деп түсіндірді.
Сондай-ақ, баяндамадан білгеніміздей, сырқатына байланысты балалар жыл сайын республикалық клиникаларға және оңалту орталықтарына барып ем қабылдап жүр. Өткен жылы екі мыңға жуық бала емге портал арқылы қол жеткізген. Жылма-жыл Астанадағы жалғыз оңалту орталығынан сауықтырылатын мүгедек балалар қатары өсіп келеді. Бір ғана орталық болған соң, кезек те көп. Сол себепті осы санаттағы балалар квота арқылы ем алуы үшін кезек күтіп жүр. Осындай олқылықтардың алдын алып, Елордадағы оңалту орталықтарының Атыраудан бөлімшесін ашу қажеттігі ұсыныс ретінде айтылды. Қазірдің өзінде үш жүзге жуық бала оңалту орталығында кезекте тұрған көрінеді.
Екінші мәселе бойынша Индер ауданы әкімінің орынбасары Ә.Балахметов пен Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары М.Әбдірахман аудан мектептерінің материалдық жағдайы, соның ішінде шалғайда тұратын ауыл балаларының тасымалы жайында онлайн байланысқа шығып, есеп берді.
Айта кетсек, Құрманғазы ауданындағы Ақкөл, С.Имашев, Н.Манаев, Ә.Сәрсенбаев, Еңбекші орта мектептері орналасқан елді мекендер тұрғындарының сұрауы бойынша және Атырау қаласындағы М.Әуезов орта мектебінің автокөлігі ескіруіне байланысты екі «Газель» мен төрт автобус сатып алу көзделіп отыр. Ал, Индер ауданының Жарсуат ауылындағы Махамбет орта мектебінде ауылдан 9-10 шақырым қашықтықта орналасқан Ақтан және Қызылжар ауылының жиырма үш оқушысы өткен оқу жылында тасымалдайтын автобус жоқтығынан, әрі жол жағдайының нашарлығынан туысқандарының үйінде жатып білім алған. Сол себепті, алдағы оқу жылында бұл кемшіліктің қайталанбауы үшін жергілікті әкімдік оқушыларға арнап екі автокөлік алып беруді жоспарға енгізіпті.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.