Жарнама
Қоғам

Ел анасының елге айтары көп

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан республикасы Журналистер Одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы облысқа жұмыс сапарымен келді. Алпыс жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келетін қоғам қайраткері келе жатыр дегеннен-ақ келелі сөзі иесімен кездесуге асыққан жұрттың қарасы көп болды.

bbf97e70 ae63 41a9 af87 399b013b3125


Ақжаулықты ел анасы сапарын білімнің қарашаңырағына айналған ғасырға жуық шежірелі тарихы бар, бүгінде 1720 студент білім алып, 111 ұстаз еңбек ететін Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің педагогикалық ұжымы мен студенттерімен кездесуден бастады. Кездесу барысында ең алғаш техникум болып ашылғаннан колледж мәртебесін алғанға дейінгі білім ордасын басқарған басшыларға арналған қабырға суреттерімен оқу орнының «Өнер және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Дәулет Сәлімов таныстырды.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзада Каментаева облыста тұңғыш ашылған кәсіби білім беретін оқу орны 1929 жылы Гурьев педагогикалық техникумы ретінде жұмысын бастап, арнаулы педагогикалық білімі бар бастауыш сынып мұғалімдерін даярлағандығын айтты.
Ең алдымен елдің ақпарат айдынында 30 жылдан бері қызмет етіп келетін халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы туралы бейнеролик көрсетіліп, оның өткені мен бүгіні туралы тарихына тоқталды.
Сәуле Мешітбайқызы сапар аясында елдегі тұралаған салалардың жандануына атсалысып, биліктің назарын аудару басты назарға алынып отырғандығын айтты. Сонымен қатар, бұл бастама негізінде жастардың тәрбиесі, отбасы құндылығы, білім алудың маңыздылығы туралы мәселелергеде ерекше көңіл бөлінуде. Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі қоғамдағы жиі кездесіп жүрген отбасылық және әлеуметтік жағдайдағы күрделі мәселелерге тоқталып, ұлттық құндылықтар мен отбасы мәселесінің, қоғамдағы қыз бала тәрбиесінің маңызы туралы келелі ойларын айтты. Бұған негіз де жоқ емес. Соңғы жылдары жастар арасындағы қылмыс саны өткен жылдармен салыстырғанда артып отырған көрінеді. Ендеше бұл жағдайда не істемек керек? Қандай әрекет қылмыстың одан әрі өршуіне тоқтам бола алады? Еркін форматта өткен басқосуда осы және өзге де жайттарға тоқталған қоғам қайраткері оқытушылар мен студенттерге ағынан жарылып, олардың тұшымды пікірлеріне құлақ түріп, мазалаған сұрақтарына жауап берді.

f0e94d53 f118 4de3 b18f b7a3d8fff748 1

– Бүгінде елде ерте жүктілік жағынан көш бастап тұрған өңірлердің саны артып тұр. Сондай-ақ, суицид бойынша да алдыңғы қатардағы орында тұрған аймақтардың көптігі бәрімізді алаңдатады. Кешегі «ұят болады, жаман болады, обал болады және сауап болады» деген сөздермен тәрбиеленген ересек буынның бүгінгі ұрпағы осы қасиеттерден ажырап кетті. Бұрын күйеуден қайтып келу өліммен тең болаты. Еліміз ажырасу бойынша әлем бойынша алдыңғы бестікте тұрғандығы қынжылтады. Ал, әке-шешесін «қарттар үйіне» тапсырып жатқан безбүйрек балалардың ісіне тіптен қарның ашады. Мінекей, бұл біздің намысымызға тиеді.Бұл кеудесінде инедей иманы бар адамды ойлантуы керек. «Отан – отбасынан басталады» деген ғой. Біздің ертеңгі болашағымыз мықты болу үшін біз мықты болуымыз керек. Баяғыда «атаң келе жатыр, әкең келе жатыр» деген сөздер берекенің бастауы еді. Қазіргі таңда осы құндылықтаржоғалып бара жатыр. Әлеуметтік желілерді жақсылыққа ғана пайдалануымыз қажет. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дейді.Тәуелсіздігімізді сақтап қалу әрқайсымыздың қолымызда, — деді Сәуле Мешітбайқызы.

Кездесуге арнайы қатысқан ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Баянсұлу Тыныбаева ұлтты, ұрпақты тәрбиелейтін ұстаз қауымының алдындағы жауапкершілік туралы пікірін айтып, болашақ мамандарға ой тастады.
Кездесу барысында колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Қабделова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Самал Масатова, студенттер Сандуғаш Ақболатова, Нұрбибі Қабдол құрметті қонаққа алғыстарын білдіріп, тығыз байланыс орнату туралы жоспарларымен бөлісіп, газетке жазылу туралы пікірлерін білдірді.

d790e9e2 ad0e 4cf1 9fa0 dda48b7f1ad9

Білім ордасын өзі басқаратын басылыммен әріптестік байланыс орнатуға шақырған ардагер журналист студенттерді «Жас тілші» ретінде қабылдап, колледждің жарқын жетістіктері мен шәкірттердің жұмыстарын жариялауға әзір екендігін жеткізді.
Жиын соңына таман «Өнер және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Дәулет Сәлімов газет кітапханасының сөресіне бірнеше кітапты тарту етіп, колледж қызметкері Батырхан Қадырқожа кездесу соңында өлең жолдарын оқыды. Содан  соң Сәуле Мешітбайқызы мектеп ұжымымен естелік суретке түсті.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button