«ЕГЕМЕН» ЕЛДІҢ СӨЗІН АЙТАДЫ»
— Бүгінде Атырау облысы ерекше өрлеу үстінде, — деп бастады сөзін Сауытбек Абдрахманұлы. — Күні кеше қазыналы аймақта Қазақстан мен Ресейдің Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин кездесіп, сұхбаттасты. Екі ел арасындағы ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумы жоғары деңгейде өтіп отыр.
Интеграция мәселелерінің жаңа биікке көтерілуі, болашақ Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы жайындағы жасалған келісімдер, уағдаластықтар, талқыланған мәселелер алқалы жиынның өзегі болды. Іргелес екі ел өкілдерінің жүздесуіне ерекше жағдай жасалды. Елбасымыздың Маңғыстауға барған сапары кезінде атыраулықтардың жұмысын бүкіл елге үлгі-өнеге етіп көрсетуі де ерекше тоқталар тұс. Ол облыс жұртшылығын ғана емес, елдегі барлық жақсылыққа қуанатын қазақстандықтарды мерейлендірді. Осындай кезеңде біз Атырау жеріне аяқ басып отырмыз. Негізгі мақсатымыз — «Егемен Қазақстан» газетінің келесі 2015 жылға жазылуын ұйымдастыру мәселелері. Сонымен қатар, мұнайлы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асу барысымен жақынырақ танысу еді.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов — Елбасымыздың сенімді серіктерінің бірі, талай лауазымдарда еңбегімен еленген елге белгілі тұлға. Ол жаңа қызметінде де үлкен істердің ұйытқысы болуда. Әкіммен әңгіме кезінде Атырау өңіріндегі өркенді өзгерістер кеңінен айтылды. Шекаралық облыс ретінде Ресеймен экономикалық ықпалдастықты тереңдету жөнінде жасалып жатқан қадамдар туралы баяндалды. Ел газетінің бетінде өңір өмірінің жүйелі көрсетілетіндігі, алдағы кезде қазіргіден көбірек қамтылу қажеттілігі сөз болды. Атырау облысында қазақтың саны да, қазақ тілін қадірлеушілердің де қатары қалың. Соның көрінісіндей, бүгінде аймақта «Егемен Қазақстан» газетін 12 500 адам жаздырып алады. Алдағы жылы осы көрсеткіш жоғарыламаса, төмендемейді деген сенім бар.
— «Егемен Қазақстан» қазақ баспасөзінің визиткасы саналады. Еліміздегі ең көп таралымның біріне ие басылым келесі жылы оқырманын қандай жаңалықтарымен қуантады?
— Негізінде, біздің газет жыл сайын құбылып, түлеп, өзгеріп жататын басылымдардың қатарынан табылмайды. Оған «Егемен Қазақстанның» ұстанған бағытының айқындығы, сипатының айқындалғандығы, әсіресе тәуелсіздік жылдарында, акционерлік қоғамға айналған кезеңдегі газеттің бағыт-бағдарының толық бедерленгендігі себепші. Ал, келесі жылы атқарылатын жұмыстың бастысы ретінде Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында өмір сүре бастайтындығын айтуға болады. Осыған орай газеттің бетінде экономикалық интеграция тақырыбына айрықша маңыз беріледі деп отырмыз. Біз Ресейдегі, Белоруссиядағы экономикалық реформалардың барысы, ол елдердегі кәсіпорындардың Қазақстанмен қарым-қатынастары, сауда, экономикалық байланыстары туралы қазіргіден көбірек жазбақшымыз. Алдағы кезде идеологиялық тұрғыдан күрделі міндеттер туындағалы отырғанына тоқтала кеткен жөн шығар. Өйткені, Украинадағы жағдай, геосаяси өзгерістер, экономикалық қиындықтар осы мемлекеттердің өміріне өз әсерін тигізбекші. Бұл — тереңдей талдайтын тақырып. Әңгіме батыс елдерінің Ресейге қолданған санкцияларының нәтижесінде азық-түлік өнімдерінің азаюы, қымбаттауы және біздің елге экспортталатын өнімдер көлемінің кемуіне әкелуі жөнінде болып тұр. Осындай жағдай Қазақстанға қаншалықты әсер етпек, нарықтағы баға өзгеріске түсе ме? Әңгіменің орайында тоқталарым, кез-келген санкциялардың, түрлі қысымдардың керісінше әсері туындайды, яғни ол елдің ішкі мүмкіндіктерін пайдалануға қозғау салады. Біз осы мәселелерді басылым бетінде кеңінен сөз етпекшіміз.
— Республикалық газет бетіндегі Сіздің өнер майталмандарымен сұхбаттарыңызды сүйсініп оқыдық. Мәселен, Асанәлі Әшімов ағамызбен өткізген әңгімеңізде бұрын-соңды естімеген, өте қызықты эпизодтар баяндалған екен. Осындай тақырыптар желісі алдағы жылы жалғасын таба ма?
— Белгілі бір себептермен соңғы бір жыл ішінде шығармашылық белсенділігім сәл саябырлады деуге болады. Қазіргі уақытта Елбасының қазақ тіліндегі көптомдық шығармаларының арнаулы редакторы болып бекітілуіме байланысты күнделікті газет шығарудан басқа барлық уақытым сол кітаптарды редакциялауға, аудармаларын салыстыруға, жетілдіруге кетіп жатыр. Ол жұмыстар аяқталуға жақын қалды. Содан кейін мүмкіндік молайып, шығармашылық жұмыстар жалғасады деп ойлаймын.
— Басылымның сыны қаншалықты тегеурінді? Өткір мақалалардан соң нақты шаралар алынып жата ма?
— Баспасөздің негізгі міндеті – қоғамдық пікір қалыптастыру. Нақты шаралар қолдану кешегі кеңес кезіндегі партиялық басылымдардың тұсында болды. Ол жөнінде өткенді жоқтаудың қажеті жоқ шығар. Бүгінгі заң бойынша баспасөздің материалдары арнайы қаралуы міндетті емес, оған ешкімнің жауап қайтаруы, шара қолданылуы қажеттілік туғызбайды. Сынға ұшыраған кейбір лауазымды тұлғалардың сол қызметінде қала беруін газеттің азусыздығы деп қарауға болмайды. Демократиялық қоғамның талабы сондай. Бірақ, жарияланған мақалалар елдің ішінде талқыланып, пікір қалыптасып, ой түзіліп жатса, басылымның пәрменділігі деп соны айтуға болады.
— Ал, керісінше, журналистердің жауапкершілігі туралы Сіздің ойыңыз қандай?
— Кейбіреулер журналист өзінің көзқарасын білдіруі қажет, олар жауапкершілікке тартылмауы қажет деген пікірде. Менің ойымша, бұл жағдай осынау мамандық иелерін өз қызметтеріне салдыр-салақ қарауға ықпал етуі мүмкін. Тілші, ең алдымен, біліп жазуға ұмтылуы керек, дәлелденбейтін, күмәнді деректерді қолдануға әуес болмағаны дұрыс. Бастысы, журналист өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінсе деймін.
— Қазір ғаламтордың ақпарат кеңістігін біртіндеп жаулап келе жатқандығы айтылады. Осынау жағдай мерзімді қағаз түрінде шығатын газеттерге қауіп келтірмей ме?
— Бүгінде кейбір әлемдік газеттердің алды жабылып, электронды форматқа ауысып жатыр. Мұндай көрініс біздің елдің өмірінен де байқалады. Қызығы, кейбір басылымдарымыз сайт арқылы жариялана отырып, кезінде қағаз жүзінде шыққаннан артық оқырман табуда. Дегенмен, олар әлі қалыптаса қоймаған жас газеттер болатын. Ал, ғасырға жуық тарихы бар басылымдарға мұндай қауіп төнеді деп ойламаймын. Халқымыздың санасы қалыптасқан, менталитетіміз басқа. Алайда, «Егемен Қазақстанның» заманның өзгерістерінен қалыс қалған кезі жоқ. Газеттің сайты аптасына жеті күн жұмыс істеуде. Оқырман қазіргі болып жатқан жаңалықтарды ғаламторымыздағы мекен-жайға кіре отырып, таныса алады.
Түйіндей айтқанда, технологиясы дамыған озық мемлекеттердің өзінде қағаз түрінде шығатын үлкен газеттер тұрақты жарық көруде. Мұны біздің елге де қаратып айтуға болады.
Азамат БАЗАРБАЕВ.